Қош келдіңіз Гость • Тіркелу • Кіру • RSS
Бейсенбі, 25.4.2024, 22:09
[ Новые сообщения · Участники · Правила форума · Поиск · RSS ]
  • Страница 1 из 1
  • 1
ФОРУМ » Ақида » Ақида жайлы түсінік » Таухид улуһия-дәлелдері және маңыздылығы (Таухид Улуһия арап тілінде (Иләһ) деген есімнен алынған.)
Таухид улуһия-дәлелдері және маңыздылығы
adminУақыты: Сейсенбі, 16.08.2011, 13:35 | Хабарлама # 1
Администратор(модератор)
Топ: Администратор
Хабарламалары: 16
Статусы: Желіден тыс
بسم الله الرحمن الرحيم

Таухид Улуһия арап тілінде (Иләһ) деген есімнен алынған. Оның мағынасы: "Оған құлшылық етілетін және бойұсынылатын тәңір"-дегенді білдіреді. Бұл Аллаһтың көркем есімдерінің бірі. Ал Улуһия Аллаһтың сипаттарының біріне жатады. Демек Аллаһ — оған құлшылық етілетін және бойұсынылатын Раббы. Сондықтан Аллаһқа ғана құлшылық ету және оған бойұсыну уәжіп болады. Өйткені Раббың Аллаһ сені және бүкіл әлемді, ондағы барлық жаңды және жансыз нәрселерді жаратқан. Бізге өзінің шексіз нығметтерін төккен. Сондай-ақ Аллаһ бүкіл әлемдегі істерді басқарады. Оның қалуынсыз еш-нәрсе болмайды, ал ол қалаған нәрсе міндетті түрде болады. Сонымен қатар Аллаһ барлық көркем сипаттар иесі және кез-келген кемшілік пен айыптан пәк. Сондықтан құлшылық осының барлығы оның қолында болған Раббымыз Аллаһқа арналуы керек. Осыған орай Таухид Улуһия дегеніміз ол:"Жалғыз Аллаһты құлшылықта бірлеу"-деген мағынаны білдіреді. Ол қалай болады? Ол: "Пенденің — Расында жалғыз Аллаһ қана шынайы құлшылыққа лайықты - деп айқын білуімен және бұл сипатқа жаратылыстардың ешбірі ие емес"-деп иман келтірумен болады.

Егер адам осыны білсе және солай деп иман келтіретін болса, онда ол құлшылықтың барлық түрін -ішкі және сыртқысының барлығын- тек Аллаһқа арнайды. Яғни, сырт көзге көрінетін намаз, зекет, ораза, қажылық, жақсылыққа бұйыру, жамандықтан қайтару, әке-шешеге жақсылық қылу және туысқандық қарым-қатынасты ұстау сияқты құлшылықтың түрлерін Аллаһқа ғана арнап орындайды. Және сырт көзге көрінбейтін Исламның негіздерін; Аллаһқа иман келтіру, періштелеріне иман келтіру, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіру сияқты жүрекпен атқарылатын құлшылықтың түрлерін де тек Аллаһқа арнаған күйде орындайды. Сонымен қатар осы амалдарында тек Раббысының сауабы мен разылығын ғана қалайды.

Дәлелдері

Таухид улуһияның дәлелдеріне келер болсақ, Құранда Таухидтің бұл түріне байланысты дәлелдер өте көп, әрі әр түрлі болып келген. Тіпті ғұламалар:"Құранның барлығы таухид улуһия жайында"-деген. Осыған орай Құранда аяттар:

1. Таухид улуһияға бұйырып келген.

Аллаһ Тағала айтады:

}يَا أَيُّهَا النَّاسُ اعْبُدُواْ رَبَّكُمُ الَّذِي خَلَقَكُمْ وَالَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ{

"Ей адамдар, сендерді және сендерден бұрынғыларды жаратқан Раббыларына құлшылық қылыңдар. Мүмкін сақтанарсың-дар";[1]

﴿وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُواْ إِلاَّ إِيَّاهُ﴾

"Раббың тек оның өзіне ғана құлшылық етуіңді бұйырды";[2]

﴿وَاعْبُدُواْ اللّهَ وَلاَ تُشْرِكُواْ بِهِ شَيْئًا﴾

"Аллаһқа ғана құлшылық етіңдер де оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар".[3]

2. Таухид улуһия — адамзат пен жындардың жаратылуынан болған негізгі мақсат екенін баяндап келді.

Аллаһ тағала айтады:

﴿وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ﴾

"Жын мен адамзатты тек өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым".[4]

3.Таухидтың бұл түрі- пайғамбарлардың жіберілуінен болған мақсат екенін баяндап келді.

Аллаһ Құранда:

﴿وَلَقَدْ بَعَثْنَا فِي كُلِّ أُمَّةٍ رَّسُولاً أَنِ اعْبُدُواْ اللّهَ وَاجْتَنِبُواْ الطَّاغُوتَ﴾

"Расында әр үметке:"Аллаһқа құлшылық етің- дер де тоғуттан сақ болыңдар."-дейтін елші жібердік";[5]

﴿وَمَا أَرْسَلْنَا مِن قَبْلِكَ مِن رَّسُولٍ إِلَّا نُوحِي إِلَيْهِ أَنَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنَا فَاعْبُدُونِ﴾

"Сенін бұрын қандай-да бір елші жіберсек, оған:" Расында менен басқа ақиқат құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ, сондықтан маған ғана құлшылық етіңдер.-"деп уахи етіп жібердік"[6]-деді.

3. Таухид улуһия — кітаптардың түсірілуінен болған басты мақсат екенін хабарлап келді.

﴿يُنَزِّلُ الْمَلآئِكَةَ بِالْرُّوحِ مِنْ أَمْرِهِ عَلَى مَن يَشَاء مِنْ عِبَادِهِ أَنْ أَنذِرُواْ أَنَّهُ لاَ إِلَهَ إِلاَّ أَنَاْ فَاتَّقُونِ﴾

"Аллаһ өзінің әмірімен періштелерді қалаған пенделеріне (пайғамбарларына):"Адамдарды менен басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ, сондықтан менен ғана қорқыңдар"-деген уахимен түсіреді."[7]

5.Таухид улуһияны ұстанған, оны іс жүзіне асырған адамдар үшін дүние-ақыретте қандай үлкен сауаптар мен нығметтер әзірленгенін баяндайды.

﴿الَّذِينَ آمَنُواْ وَلَمْ يَلْبِسُواْ إِيمَانَهُم بِظُلْمٍ أُوْلَئِكَ لَهُمُ الأَمْنُ وَهُم مُّهْتَدُونَ﴾

"Иман келтірген және имандарын зұлымдықпен аралас-тырмағандар, міне солар үшін амандық бар, әрі солар тура жолға түсірілгендер"[8].

6. Бірде Таухид улуһияға қарсы келуден сақтандырған, және оның қатерлігін баяндаған күйде әрі таухидтің бұл түрін ұстанбаған адамдар үшін қандай қатты азап әзірленгендігін хабарлаған күйде келеді.

﴿ إِنَّهُ مَن يُشْرِكْ بِاللّهِ فَقَدْ حَرَّمَ اللّهُ عَلَيهِ الْجَنَّةَ وَمَأْوَاهُ النَّارُ وَمَا لِلظَّالِمِينَ مِنْ أَنصَارٍ﴾

"Расында кімде-кім Аллаһқа серік келтірсе, ақиқатында Аллаһ оған жәннәтті харам етеді әрі оның баратын жері тозақ болады. Залымдар үшін ешбір көмекші жоқ."[9]

﴿ وَلاَ تَجْعَلْ مَعَ اللّهِ إِلَهًا آخَرَ فَتُلْقَى فِي جَهَنَّمَ مَلُومًا مَّدْحُورًا﴾

"Аллаһпен бірге басқа біреуді тәңір қып, сөгіске ұшыраған және барлық жақсылықтан махрұм болып тозаққа түсіп жүрме".[10]

Сүннетке келетін болсақ, онда да осы таухидтің дәлелдерін және оның маңыздылығын баяндайтын хадистер өте көп.

1.Иман Бухари Мұғаз ибн Жәбәрдан риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (صلى الله عليه و سلم) оған айтады:"Ей Мұғаз, Аллаһтың пендеге болған ақысын білесің бе?-дейді. Мұғаз : "Аллаһ және оның елшісі білушірек!"-дейді. Пайғамбарымыз айтады: "Олардың Аллаһқа құлшылық етулері және оған еш нәрсені ортақ қоспаулары"-дейді. Содан кейін Пайғамбарымыз : "Пенделердің Аллаһқа болған ақыларын білесің бе?"-дейді.

Мұғаз : "Аллаһ және оның елшісі білушірек"-дейді. Пайғамбарымбарымыз (صلى الله عليه و سلم) :(Пенделердің Аллаһқа болған ақылары)"Аллаһтың оларды азаптамауы"-дейді. (Сахих Бухари/7373)

2.Ибн Аббас айтады: Пайғамбарымыз Мұғазды Иемен жаққа жібергенде оған былай деп айтты: " Расында сен кітап иелерінен болған қауымға барасың, оларды шақыратын ең біріщі нәрсең: "Аллаһ Тағаланы бірлеу болсын. Егер олар соны білсе, Аллаһ оларға бес уақыт намаз парыз еткенін хабарла...""-деді. (Сахих Бухари /7372)

3.Ибн Масғуд : Аллаһтың елшісі былай деді дейді:" Кімде-кім Аллаһтан өзге біреуге дұға қылған күйде өлсе, тозаққа кіреді".(Сахих Бухари /4497)

4.Жәбир ибн Абдуллаһ айтады:" Пайғамбарымыз айтты:

" Кімде-кім Аллаһтың алдына оған еш нәрсені ортақ қоспаған күйде барса, жәннәтқа кіреді. Кімде-кім Аллаһтың алдына оған бір нәрсені ортақ қосқан күйде барса тозаққа кіреді."-деді.(Муслим /93).

Маңыздылығы

Таухид улуһияның маңыздылығына келер болсақ, таухидтің бұл түрі діндегі ең маңызды нәрсе болып табылады. Оның маңыздылығын қайдан білеміз? Өйткені:

1.Адамдар мен жындардың жаратылуынан болған мақсат ол Аллаһ- қа құлшылық ету.

2.Аллаһтың бұл дінді шариғаттаған себебі — ол бір оның өзіне ғана құлшылық ету.

3.Кітаптардың түсірілуі және елшілердің жіберілуінен болған мақсат таухид улуһияға бұйыру, оған шақыру және оған қарсы келуден сақтандыру.

4. Адамның дүние-ақыретте бақытты болуы — бір Аллаһқа құлшылық етуіне және оған еш нәрсені серік қоспауына байланысты.

5.Таухид улуһияның болуы себепті жерде жақсылық тарайды және оның жоғалуымен жамандық көбейеді.

6.Таухид улуһияның маңыздылығы үшін адамдар мұсылман мен кәпірге, біреулер жәннәттың, біреулер тозақтың болып екіге бөлінген.

7.Таухид улуһияның маңыздылығы үшін әрбір пайғамбар өз елін ең бірінші осыған шақырған.

8.Таухид улуһияның маңыздылығы соншалықты, пайғамбарлардың қауымдары өздерінің діндерін және ата-бабаларының жолдарын тастамау үшін пайғамбарларға қарсы шыққан. Олардың кейбіреулерін өлтірген, біреулеріне жала жауып, үстінен мазақ қылған. Кейбірін есінен айрылған деген, кейбірін сиқыршы, өтірікші деген. Бірақ осы қиыншылықтарға қарамастан пайғамбарлар таухидті жеткізген әрі діндеріде берік болған. Пайғамбарлар оларды бір Аллаһқа ғана құлшылық етуге бұйырып, оларды ширктен тыяды. Ал олар Аллаһқа ортақ қосудан тыйлмайды да, бәлкім бұл біздің ата-бабаларымыздың ұстанған дін- дері, ол пұттарда біз үшін Аллаһтың алдында шапағат ету қасиеттері бар. Олар біздің дұғаларымызды Аллаһқа жеткізеді, олар болмаса Аллаһ біздің дұғаларымызды қабыл етпейді. Өйткені біз олар сияқты әулие емеспіз деп құлшылықтарында Аллаһқа ортақ қосады. Аллаһ Тағала Құранда пайғамбарлардың қауымдары оларға қалай қарсы шыққандары жайлы айтады: Худ пайғамбар өз қаумын бір Аллаһқа құлшылық етуге шақырып, оларды келер қатты азаптан ескерткенде, олар оған:

﴿ أَجِئْتَنَا لِتَأْفِكَنَا عَنْ آلِهَتِنَا فَأْتِنَا بِمَا تَعِدُنَا إِن كُنتَ مِنَ الصَّادِقِينَ﴾

"Сен біздерді құдайларымыздан бет бұрғызу үшінкелдің бе?! Онда егер шыншылдардан болсаң, біздерге уәде еткен Аллаһтың азабын келтірші"[11]-дейді.

Солих пайғамбардың қаумы оған былай деген:

﴿أَتَنْهَانَا أَن نَّعْبُدَ مَا يَعْبُدُ آبَاؤُنَا وَإِنَّنَا لَفِي شَكٍّ مِّمَّا تَدْعُونَا إِلَيْهِ مُرِيبٍ﴾

"Біздерді ата-бабаларымыз оларға құлшылық етіп келе жатқан пұттарға ғибадат етуімізден қайтарасың ба? Расында біз сенің шақырып жатқан дініңнен күманданудамыз"[12]-деген.

Құрайыштың кәпірлері пайғамбарымыз Мұхаммед оларды таухидке шақырғанда, оған таң қалып былай дейді:

﴿وَعَجِبُوا أَن جَاءهُم مُّنذِرٌ مِّنْهُمْ وَقَالَ الْكَافِرُونَ هَذَا سَاحِرٌ كَذَّابٌ، أَجَعَلَ الْآلِهَةَ إِلَهًا وَاحِدًا إِنَّ هَذَا لَشَيْءٌ عُجَابٌ﴾

"Мүшрікер оларға өздерінен болған бір ескертуші келгенінен таңырқады, және кәпірлер: "Бұл бір өтірікші-сиқыршы, сонша құдайларды бір құдай ете ме? Расында бұл таң қаларлық нәрсе!"[13]-дейді.

Сөйтіп олар "لا إله إلا الله" кәлимасын айтудан және оны қабылдаудан бас тартады.

Пайғамбарымыз хадиінде айтады:"Кімде-кім "لا إله إلا الله" деп айтса және Аллаһтан өзге құлшылық қылынып жатқан құдайларға қарсы болса, оның мал-мүлкі және қаны харам етіледі, және оның есебі Аллаһқа тән"-дейді. (Сахих Муслим /23)

Бұл дегені, таухид кәлимасын аузымен айтып қана қою — адамды толық мұсылман қылмайды. Тіпті оның мағынасын біліп қою да, оны мойындау да жетпейді. Сондай-ақ тек жалғыз Аллаһқа құлшылық етумен шектелу де жетпейді. Қашан адам Аллаһтан өзге құлшылық етіліп жатқандарға қарсы болмайынша, ол толық мұсылман болмайды. Міне осы келген дәлелдердің барлығы таухид улуһияның маңыздылығын, және осы үшін пайғамбарлармен олардың қауымдарының арасында келіспеушілік пен қарсылық болғанын баяндайды.

Аллаһтан осы дінде ең ақырғы деміміз қалғанына дейін берік болуымызды сұраймын! Елшілердің ең артығы пайғамбарымыз Мұхаммедке және оның сахабаларына әрі оларға ергендерге Аллаһтың сәлемі мен салауаты болсын!

[1] Бақара.21

[2] Исра.23

[3] Ниса.36

[4] Зәрият.56

[5] Нахл.36

[6] Әнбия.25

[7] Нахл.2

[8] Әнғам.82

[9] Майда.72

[10] Исра.39

[11] Ахқоф.22

[12] Һуд.62

[13] Сад. 4-5
 
ФОРУМ » Ақида » Ақида жайлы түсінік » Таухид улуһия-дәлелдері және маңыздылығы (Таухид Улуһия арап тілінде (Иләһ) деген есімнен алынған.)
  • Страница 1 из 1
  • 1
Поиск: