Қош келдіңіз Гость • Тіркелу • Кіру • RSS
Жұма, 29.3.2024, 12:49
Главная » Файлы » Қазақ тілінде » Ақида

ҒАЛЫМДАР және олардың Исламдағы орны
[ Скачать с сервера (1.08 Mb) ] 08.07.2011, 09:15

Расында, мақтаулар мен мадақтарға Аллаһ лайық! Оны дәріптейміз, әрі Одан жәрдем мен кешірім сұрап жалбарынамыз. Жанымыздың жамандықтары мен жаман іс-амалдарымыздан Аллаһқа сиынып, Одан пана тілейміз. Кімде-кімді Аллаһ тура жолға бастаса, онда оны ешкім де адастыра алмайды. Ал кімде-кімді адастырса, онда оны тура жолға салар ешкім жоқ. Біз Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық ешкім жоқ екеніне, Оның серігі жоқ, әрі Жалғыз екеніне куәлік етеміз, сондай-ақ Мұхаммед Оның құлы, әрі елшісі екеніне куәлік етеміз. «Әй иман келтіргендер! Аллаһтан шынайы қорқумен қорқыңдар да, мұсылман болған күйде ғана өліңдер!» (Әли ‘Имран сүресі, 102-аят). «Әй адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар! Сол арқылы өзара сұрасқан Аллаһтан және туыстардың (арасын үзуден) сақтаныңдар! Шәксіз, Аллаһ сендерді Бақылаушы» (Ниса сүресі, 1-аят). «Әй иман келтіргендер! Аллаһтан қорқыңдар да, дұрыс сөз сөйлеңдер! Аллаһ істеріңді оңғарып, күнәларыңды кешіреді. Сондай-ақ кім Аллаһқа, Елшісіне бой ұсынса, әрине ол ұлы табысқа жетеді» (Ахзаб сүресі, 70-71-аяттар). Одан кейін: Шын мәнінде, ең жақсы сөз – бұл Аллаһтың Кітабы, ал ең жақсы жол – бұл Мұхаммедтің[1] жолы. Ең жаман амалдар – бұл дінге енгізілген жаңалықтар, ал әрбір дінге енгізілген жаңалық – бұл бид`а, ал әрбір бид`а – бұл адасушылық, ал әрбір адасушылық Тозақта. Ғалымдар Исламда аса зор, өте маңызды орын алады, өйткені олар арқылы Аллаһ Тағала бұл дінді қорғайды. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Бұл білімді әрбір ұрпақтан әділеттілер[2] алып жүреді. Олар бұл білімді шектен шығушылардың бұрмалауынан, адасқандардың қоспалары мен надандардың түсіндірмелерінен сақтайды» (әл-Бәйхақи 10/209, әл-Хатыб 1/29. Бұл хадис көптеген жолдар арқылы жеткізіледі, әрі әрқайсысы бір-бірін күшейтеді. Бұл хадистің сенімділігін Ахмад, әл-Ләләкәи, хафиз Ибн ‘Абдул-Бәрр, әл-‘Уқайли, Ибн әл-Уәзир, әл-Қасталәни, әл-Әлбәни және ‘Абдул-Қадир әл-Әрнәут сияқты имамдар растады). Әһлю-Сунна имамы болған Ахмад ибн Ханбал (Аллаһ оны Өз мейіріміне алсын) былай деген: "Әрбір заманда адасқандардан қиыншылықтар көрсе де, оларды тура жолға шақыратын білім иелерін елшілердің мұрагерлері еткен Аллаһ Тағалаға мадақтар болсын! Олар Аллаһтың Кітабы арқылы өлі жүректерді тірілтіп, Аллаһтың нұры арқылы соқырларды тура жолға бастайды. Олар қаншама Ібілістен жеңілген адамдарды тірілтіп, қаншама адасқандарды тура жолға бағыттады десеңші?! Олардың адамдар арасында қалдырған ізі нендей керемет, ал оларға қарсы сөйлеп, тіл тигізгендердің адамдар арасында қалдырған ізі нендей жаман! Олар шектен шығушылардың бұрмалауларынан, адасқандардың негізсіз пікірлері мен бид`а туын жоғары көтеріп, бүліктерді шырмауынан босатқан надандардың түсіндірмелерінен Аллаһтың Кітабын тазартады (Қараңыз: "әр-Радду ‘алә әз-занәдиқа уәл-жәһмия” 6). Аллаһ Тағала Мұхаммедтің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үмметіне білім жоқ кезде ғалымдарға жүгінуді бұйырып былай деді: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар!»[3]  (Нәхл сүресі, 43-аят). Дегенмен мынадай сұрақ туындайды: «Аллаһ Тағала жүгініңдер деп бұйырған білім иесі кім, оны қалай танимыз?» Әрбір саналы мұсылман бір адамның ғалымдығының белгісі – оның ислами институтты бітіргендігі немесе дінге байланысты бірнеше мақала жазғандығы емес екендігін жақсы біледі. Өйткені тіпті дүниеуи ғылымдардың өзінде, мысалы медицина, физика, математика және т.б. жоғарғы оқу орнын бітірген әрбір түлек өз саласында ғалым бола бермейді ғой. Онда діни ғылымдар мен діннің өзі туралы не айтуға болады?! Қазіргі таңда, мұсылмандар өзара көптеген келіспеушіліктерге түскеніне куә болудамыз, олардың әрбірі белгілі бір тұлғаны ғалым деп есептеп, оған сүйенеді, ал ол болса түбегейлі қарама-қарсы көзқарастағы адам болып шығады.[4] Алайда ақиқат біреу-ақ, ол туралы Аллаһ Тағала былай деді: «Ақиқаттан кейін адасудан басқа не бар?» (Юнус сүресі, 32-аят). Имам әл-Қуртуби былай деген: "Осы аяттан байқайтынымыз – не шындық, не адасу бар және үшінші нәрсе болуы мүмкін емес!” (Қараңыз: "Тәфсир әл-Қуртуби” 8/336). Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің үмметім жетпіс үш ағымға бөлінеді, олардың барлығы Тозақта, тек біреуінен басқа», – деді. Одан: «Әй, Аллаһтың елшісі, олар кімдер?», – деп сұрағанда ол: «Олар – менің және менің сахабаларымның жолымен жүргендер», – деп жауап берді (Ахмад 4/102, Әбу Дәуд 2/503, әт-Тирмизи 3/367, Ибн Мәжәһ 2/479, әд-Дәрими 2/241, әл-Хәким 1/128. Хадистің сенімділігін шейхул-Ислам Ибн Тәймия "Мәжму’ул-фәтәуә” 3/345, Ибн әл-Қайим "Мухтасар әс-Сауә’иқ” 2/410, имам әш-Шәтыби "әл-И’тисам” 1/189, хафиз әл-‘Ирақи "әл-Муғни ‘ан хамәлил-әсфәр” 3/199  және шейх әл-Әлбәни «Сахихул-жәми’» 5343 кітаптарында растады). Имам әш-Шәтыби былай деген: "Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «тек біреуінен басқа» деген сөздерінен, біз ақиқаттың жалғыз екенін, әрі оның ішінде ешқандай қарама-қайшылықтың жоқ екенін түсінеміз. Егер де ақиқаттың ішінде қарама-қайшылықтар болғанда, ол «біреуінен басқа» деп айтпайтын еді” (Қараңыз: "әл-И’тисам” 2/249). Имам Мәлик былай деген: "Аллаһпен ант етемін, ақиқат жалғыз ғана, сондай-ақ бір-біріне қарама-қайшы екі пікір бір уақытта дұрыс бола алмайды!” (Қараңыз: "Жәми’ул-бәянил-‘илм” 2/82). Сондай-ақ қазіргі таңда, біз Аллаһ пен Оның елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйырған ғалымдарға деген құрмет пен лайықты қарым-қатынастың жоқтығына куә болып жүрміз. Ғалымдармен болған қарым-қатынастары негізінде, адамдар екіге бөлінеді: ғалымдарды шектен тыс ұлықтайтындар және ғалымдарды менсінбей, оларды жамандайтындар. Адамдардың ішінде «бүгінгі күні патшаларға ұнайтын нәрселерді ғана айтып даурығып жүрген ғалымдардың кесірінен мұсылмандар қорлық көріп жатыр», – дейтіндері де бар. Өкінішке орай, әһлю-Сунна уәл жәмә`а[5] ғалымдарын күпірлікте айыптайтындары да жоқ емес, олар Аллаһтың алдында айтқан әрбір сөзінің жауапкершілігін жете түсінбейді. Мысалы, кейбір надан адамдар түрлі сайттарда шейх Ибн Базды немесе әл-Әлбәниді талқыға салып, оларды адасушылық пен күпірлікте айыптауға батылы жетіп жүр. Дінге жаңалық енгізудің қарсыластары болған және дұрыс сенімнің (`ақиданың)[6] шығыстан батысқа дейін таралуына зор үлес қосқан адамдарды күпірлік пен адасушылықта айыптау – тек дінге жаңалық еңгізушілер мен өз көңіл-қалауларына ергендердің ғана қолынан келеді! Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деген: "Мұсылман ғалымдарын күпірлікте айыптайтын надандардың опасыздығы туралы айтатын болсақ, бұл – айыпты істердін ең ұлысы болып табылады. Сонымен қатар, осыны ең алғаш бастағандар - өз болжамдарына сүйене отырып, мұсылман имамдарын кәпір деп, дінде еш қате жібермедік деп есептейтін хауариждер[7] мен рафидилер[8]”.[9] Қараңыз: "Мәжму’ул-фәтәуә” 35/100. Адамдардың ішінде «ғалымдарсыз-ақ та өмір сүруге болады» деп есептейтіндері де бар. Олар ‘Алидің мына сөзіне сүйенеді: "Ақиқат адамдармен танылмайды, керісінше адамдар – ақиқат бойынша танылады”. Мұндай пікірді алға тартқан адамдар шынында, Құран мен Сүннетті ғалымдарсыз, өздігінше түсіне аламыз деп ойлайды ма?![10] Еш күмәнсіз, ‘Алидің сөздері даналыққа толы, бірақ оны дұрыс түсіну керек. Имам әш-Шәтыби былай деген: "Шынында да, ақиқат бойынша адамдар емес, керісінше адамдар ақиқат бойынша танылады, дей тұрғанмен бәрі-бір де біз бұл ақиқатты адамдардан білеміз ғой” (Қараңыз: "әл-И’тисам” 2/880). Сондықтан, әрбір адам басқаларды ақиқат белгісімен бағалай алмайды, тек өзі ақиқатты білетін адам ғана бағалай алады! Мұсылмандардың қазіргі таңдағы келелі проблеммаларының бірі – олар ғалымдардың кім екенін білмейді, әрі Исламдағы дәлелдің не екенін түсінбейді.[11] Олар ғалымнан (‘алим) қарапайым ойшыл (муфәккир) немесе уағыздаушыны (хатыб) айыра алмайды, әрі түгелдей, бәрінен бірдей фәтуә[12] алады немесе өзінің көңіл-қалауына сәйкес келетінін іздейді. Имам Мәлик былай деген: "Бір күні әр-Раби’ қатты еңіреп жылап отырды, әрі одан біреулер: "Басыңызға қайғы түсті ме?” – деп сұрады. Сонда ол: "Жоқ, алайда білімге ие емес адамдардан фәтуә ала бастады және Исламға өте қорқынышты нәрсе төніп тұр”, - деп жауап қатты (әл-Фәсауи 1/670, әл-Хатыб 1039). Егер мың жыл бұрын өмір сүрген әр-Раби’, фәтуә беруге лайықты емес адамдардың  фәтуә бергені үшін жылаған болса,[13] онда қазіргі таңдағы әрбір екіншісі әлдеқандай болып ғалымсымақтанып, мұсылмандардың жалпыға ортақ мәселелерін шешуді өз мойнына алған адамдар туралы не айтуға болады?! Әбу Һурайрадан жеткен хадисте, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Шынында, адамдарға сондай уақыттар келеді: сол кезде өтірікшілерге сеніп, шыншылдарға сенбейтін болады; сатқындарға тапсырып, сенімділерде күдіктенетін болады және сөз рууайбидаға беріледі». Адамдар: «Рууайбида деген кімдер?», – деп сұрады. Сонда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Жалпыға ортақ үлкен мәселелер жайлы сөйлейтін ақымақ» (Ахмад 2/291, Ибн Мәжәһ 4036. Шейх Ахмад Шәкир мен шейх әл-Әлбәни хадисті жақсы деді). Біздің уақытымызда Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздерінің ақиқаттығын, оның сөздерінің қалай айна қатесіз орындалып жатқанын көріп отырмыз. Дін туралы қарапайым білімі жоқ адамдар мұсылмандардың бүкіл әлемдік мәселелеріне шешуді мойнына алып жатқанын көріп те, естіп те жүрміз. Мысалы, алдымен мұсылман басшысын кәпір деп айыптап, кейін оған қарсы шығу (хуруж); жиһәд мәселесі – ол қай жерде болып жатыр немесе болмай жатыр, я болмаса оны қашан бастау керек немесе қашан бастамау керек; күпірлікте айыптау мәселесі (такфир); адам өлтіру; өзгенің дүние-мүлкін иемдену және тағы басқа көптеген мәселелер. Расында, ғалым емес, бірақ оны ғалым деп есептейтін адам өзі үшін, Ислам үшін және бүкіл мұсылмандар үшін өте ауыр зиян әкелуі мүмкін. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Шын мәнінде, мен өзімнің үмметім үшін оларды адасуға алып баратын имамдардан қорқамын!» (Әбу Дәуд, әт-Тирмизи, Ибн Мәжәһ, Ибн Хиббән, әл-Хәким. Хадистің сенімділігін имам Әбу ‘Иса әт-Тирмизи, Ибн Хиббән, әл-Хәким, хафиз Ибн Кәсир және  шейх әл-Әлбәни растады. Сондай-ақ мынаны қараңыз: «Сахихул-жәми’» 2316). Зияд ибн Худайр былай деген: "Бір күні ‘Умар ибн әл-Хаттаб менен: "Исламды не бұзатынын білесің бе?” – деп сұрады. Мен: "Жоқ”, - дедім. Сонда ол былай деді: "Оны ғалымдардың қатесі, Аллаһтың Кітабы жөнінде екіжүзділердің таласы және адасуға алып баратын имамдардың шешімі бұзады” (әд-Дәрими 1/71. Хабарды шейх ‘Абдул-Қадир әл-Әрнәут жақсы деп атады). [1] Осы жерде және бұдан әрі пайғамбардың есімі аталған кезде "оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын” деген сөз қосылып айтылуы тиіс. Әрбір мұсылман адам Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі  мен сәлемі болсын) есімі аталған кезде дәл осылай айтуға міндетті. Аллаһ Тағала былай дейді: «Расында, Аллаһ та, Оның періштелері де пайғамбарға салауат жолдайды. Әй иман келтіргендер, оған салауаттар мен сәлем жолдаңдар!» (Әхзаб сүресі, 56-аят). [2] Имам әл-Хатыб әл-Бәғдади  айтқандай, «әділеттілер» дегеніміз – дінді бүкіл бұрмалаудан қорғап, тазалайтын хадис пен Сүннет біліміне ие адамдар. Қараңыз: "Тәфсир әл-Қуртуби” 1/26. [3] Аллаһ Тағаланың дініне келер болсақ, ол өз негізінде анық және түсінікті (мухкәм) болып табылады, бірақ адамдар оны біліп, түсінуде бір-бірінен ерекшеленеді. Адамдардың арасында бүкіл дінді толықтай анық (мухкәм) түсінетіндері бар, ал кейбір адамдар үшін діннің жартысы түсінікті да,  екінші жартысы түсініксіз, ал басқалары үшін ол тіпті толықтай түсініксіз (муташәбих) болуы мүмкін. Аллаһ Тағала адамдарға белгілі бір мәселеде білімдері болмаса, әрі оны анық түсінуге шамалары жетпесе, онда ол жайында білім иелерінен сұрауды бұйырады. Шейх Салих Али Шейх былай деген: "Құран мен Сүннетте анық (мухкәм) және анық емес (муташәбих) нәрселер бар екені мәлім. Сондай-ақ, мұндай нәрсе сахабалар мен ғалымдардың сөздері мен істерінде де кездеседі. Негізгі білімге ие адамдар анық емес (муташәбих) нәрседен анықты (мухкәм) айыра білумен және анық емес нәрсені анық мәселеге қайтарумен ерекшеленген. Егер де білім иелерінің осындай айрықша қасиеті болмағанда, онда әрбір адам білімді қамтып алуға мүмкіндігі болатын еді. Алайда, Аллаһ Тағала ғалымдар мен шынайы білім иелеріның орны айқын болуы  үшін адамдарды мухкәм және муташәбих нәрселер арқылы сынайды” (Қараңыз: "әл-Мәр’а әд-да’ия”. Дәл осындай сөздерді шейхул-Ислам Ибн Тәймия да «Мәжму’ул-фәтәуә» 13/272-280 кітабында айтқан болатын). [4] Шейхул-Ислам Ибн Тәймия айтқандай, келіспеушіліктер (ихтиләф) үш түрлі болады: Бірінші түрі – бұл құлшылықты орындау түріндегі келіспеушілік (ихтиләф тәнәуу`). Яғни, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір құлшылықты әртүрлі жасаған. Бұған шариғатта заңдастырылған түрлі сөздер мен істер жатады. Мысалы, Құранның оқылу түрлері. Бұл мәселеде сахабалар тартысып қалған кезде пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға: «Оқылудың екі түрі де дұрыс», – деп сөгіс айтты (Бухари 3/146). Сонымен қатар, бұл келіспеушіліктің түріне азан айтылуының түрлері, намазды ашатын дұғалар (ду`а истифтәх) түрлері, намаздағы отырыстар мен онда оқылатын зікірлердің түрлері, қауіп намаздарының түрлері және басқа да құлшылықтар түрлеріндегі келіспеушіліктер жатады. Құлшылықтардың бұл түрлерінің барлығы заңдастырылған. Соған қарамастан, құлшылықтардың кейбір түріне бір себептермен басқаларына қарағанда көбірек көңіл бөлінеді. Екінші түрі – бұл бір-біріне қарама-қарсы келетін келіспеушіліктер (ихтиләф тәдод). Бұл бір-біріне мүлдем қарама-қарсы келген екі үкім. Мысалы: халәл мен харам, сунна мен бид`а. Үшінші түрі – бұл түсініктегі келіспеушілік (ихтиләф әфһәм). Бұған мысал ретінде пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бәну Қурайза елді мекеніне жетпейінше, сендерден ешкім `аср намазын оқымасын», – деген сөздерін әртүрлі түсінген сахабаларға Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қарсы ешқандай сөз айтпағанын келтірсек болады (Қараңыз: "әл-Иқтида” 32-48). Келіспеушіліктердің бірінші және үшінші түрі рұқсат етілген, ал екінші түрі тыйым салынған. Діндегі қарама-қайшылықтар өз негізінде айыпталатын іс болып табылады, ал кең тараған: «Менің үмметімдегі келіспеушіліктер – мейірім» деген хадиске келер болсақ, бұл хабар имам әс-Субки айтқандай, ойдан шығарылған және ешқандай негізі жоқ болып табылады (Қараңыз: "әс-Силсилә әд-да’ифә уәл-мәуду’а” 58, 61). Егер Аллаһ Тағала өзара тартысқа түспейтін адамдарды Өз мейіріміне алғанын айтып тұрса, онда қалайша келіспеушіліктер мейірім болмақ?! Аллаһ Тағала былай дейді: «Алайда олар келіспеушіліктерін тастамады, тек оларға Аллаһтың мейірімі жауғандардан басқа. Міне, осы үшін Аллаһ оларды жаратты» (Һуд сүресі, 118-119-аяттар). `Умар ибн `Абдул -`Азиз былай деген: «Аллаһтың мейіріміне бөленгендер өзара келіспеушіліктерге түспес үшін жаратылған». Қараңыз: "Әхкәмул-Қуран, 1/1072”. Ибн Мәс`уд: «Келіспеушіліктер – бұл жамандық!», - деп айтқан (Қараңыз: Әбу Дәуд 1960. Хадистің сенімділігін шейх әл-Әлбәни растады). Сонымен қатар, Аллаһ Тағала былай дейді: «Не нәрседе талассаңдар да, оны Аллаһ пен елшіге  қайтарыңдар! Егер Аллаһқа және Ахырет күніне иман келтірсеңдер. Бұл жақсырақ және соңы да қайырлы» (Ниса сүресі, 59-аят). Имам әл-Музәни былай деген: "Аллаһ тартыстарға сөгісін айтты да, келіспеушіліктер кезінде Құран мен Сүннетке қайтуды бұйырды. Егер де қарама-қайшылықтар діннен болғанда, онда Аллаһ Тағала оларды қайтармайтын еді. Сондай-ақ егер келіспеушіліктер Аллаһтың даналығынан болғанда, онда Ол Құран мен Сүннетке қайтуға бұйырмас еді” (Қараңыз: "Жәми`ул-бәянил-`илм 2/910”). Тағы да Аллаһ Тағала былай дейді: «Неге олар Құран туралы ойланбайды?! Егер де ол Аллаһ тарапынан болмағанда, олар оның ішінде көптеген келіспеушіліктер табатын еді» (Ниса сүресі, 42-аят). Имам Ибн Хазм былай деген: «Аллаһ Тағала келіспеушіліктердің Одан емес екендігін атап өтті. Келіспеушіліктер күпірлік (дінсіздік) пен басқа да күнәлар сияқты болмыста ғана Аллаһтың қалауымен болып жатады» (Қараңыз: "әл-Ихкәм, 5/64”). [5] Шейхул-Ислам Ибн Таймия «әһлю-Сунна уәл-жәмә’а» термині туралы былай деді: "Бұл Аллаһтың Кітабы мен Оның елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін, сондай-ақ муһажирлер мен ансарлардың қатарындағы алғашқы буын өкілдерінің бірауызды келісіміне, әрі оларға шынайы түрде ілескендердің жолын мықтап ұстанатындар” (Қараңыз: "Мәжму’ул-фәтәуә” 2/375). Ибн Тәймия тағы былай деді: "Бид`а бөлінушілікпен (фурқа) байланысты, ал Сүннет бірлікпен (әл-жәмә‘а) байланысты. Міне, сондықтан айтады ғой: «әһлюс-Сунна уәл-жәмә’а» (Сүннет пен бірліктің жақтастары) мен «әһлюл-бид’а уәл-фурқа» (бид`а пен бөлінушілік жақтастары)” (Қараңыз: "әл-Истиқамә” 1/42). [6] Сенім (‘ақида) немесе ‘ақида негіздері – бұл адам сенетін, әрі «иманның алты тірегі» (әркәнул-иман) деп аталатын нәрсе. Иман - бұл Аллаһқа, періштелерге, Кітаптарға, елшілерге, Қиямет Күнге және тағдырға, оның жақсылығы мен жамандығына сену (Қараңыз: "әл-Иршәд илә сахихил-и’тиқад” 9). Өз негізінде  ақидаға жатпайтын, алайда мұсылман үмметінің имамдары кейіннен ‘ақида бөліміне еңгізген, Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына тіл тигізбеу, мұсылман басшысына қарсы шықпау немесе дәрет алғанда шұлыққа мәсіх тарту сынды мәселелерге келер болсақ, оның себебі  – аталған және соған ұқсас басқа мәселелерде адасқан ағымдардың пайда болуы (Қараңыз: "Шәрх люм‘атил-и‘тиқад” Салих Али Шейх). [7] Хауариждер – бұл мұсылман басшыларына сөзбен және қарумен қарсы шығатын, әрі мұсылмандарды үлкен күнәсі үшін күпірлікте айыптайтын ежелгі секталардың бірі. Олардың пайда болатыны туралы пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзі көптеген хадистерінде хабарлап кеткен. Шейхул-Ислам Ибн Тәймия мен хафиз Ибн Кәсир былай деген: "Шынында, Ислам үмметіндегі ең бірінші бид`а мен бөліну хауариждердің бүлігінен басталды!” Қараңыз: "Мәжму’ул-фәтәуә” және "Тәфсир Ибн Кәсир”12/468. Имам әл-Әжурри былай деген: "Хауариждер Аллаһ пен Оның елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бағынбайтын ең нашар қауым екендігіне әуелгі және кейінгі ғалымдар арасында ешқандай қарама-қайшылық болмаған. Олардың тұтқан оразалары, көптеген намаздары мен ынталы құлшылықтары – барлығы өздеріне ешқандай пайда бермейді. Тіпті, олардың ашықтан-ашық жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарғаны да пайда бермейді, себебі олар Құранды өз көңіл-қалауларына сәйкес тәпсірлейді! Аллаһ пен Оның елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), тақуа халифтер мен сахабалар және олардың артынан тура ергендер бізді олардан сақтандырған болатын!” (Қараңыз: "әш-Шәри’а” 1/21). Хафиз Ибн Кәсир былай деген: "Хауариждер туралы кейбір салиқалы сәләфтардың айтқанынан артық не бар десеңші, олар мына аятағы адамдар – хауариждер деп түсіндірген: «Айт: "Сендерге амалдары бойынша зиянға ұшырағандардың хабарын берейін бе?” Олар дүниедегі еңбектері зая кеткендер. Өздері болса: "Рас жақсы іс істедік” деп ойлайды» (Кәһф сүресі, 103-104-аяттар)”. Қараңыз: "әл-Бидайә уә-ннихая” 7/228. Имам Әбул-‘Алия былай деген: "Мен пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өлімінен кейін он жыл бойы мухкәм (анық, бірмағыналы Құран мен Сүннет мәтіндерін) оқып жүрдім, сонда Аллаһ Тағала маған екі нығмет берді, алайда оның қайсысы жақсырақ екенін білмеймін: біріншісі, Ислам жолына салғаны; екіншісі, мені хауариж қылмағаны!” Қараңыз: "әт-Табәқат әл-кубра” 7/113. [8] Рафидилер – бұл тек ‘Али ибн Әбу Талибтің ұрпағынан он екі имамды ғана мойындайтын ши`а-имамиялардың тармақтақтарының бірі. Олар ‘Алиді ең жақсы сахаба деп есептейді. Олар сахабалардың көпшілігін пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін Құранды бұрмалаған екіжүзді деп есептеп, ‘Айша анамызды зинақорлықта айыптайды. Имам Мәлик былай деген екен: "Әбу Бәкрге тіл тигізген адамды қамшының астына алып сабау керек, ал ‘Айша анамызға тіл тигізген адамды өлтіру керек! Одан: "Неге?”, - деп сұрады. Сонда имам Мәлик: "Себебі ‘Айша анамызды зинақорлықта айыптаған адам Құранға қарсы келеді, Аллаһ Тағала айтады ғой: «Неге оны (‘Айшаға айтылған ғайбатты) естіген сәтте: "Бұны, біздің айтуымызға болмайды. Аллаһ сақтасын! Бұл – ұлы жала”, - деп айтпадыңдар? Аллаһ мұндайды мүлде қайта істемеулеріңді насихаттайды, егер мүмін болсаңдар» (Нур сүресі, 16-17-аяттар)”, - деп жауап қатты (Қараңыз: "әс-Саримул-мәслюл” 565). Рафидилердің тағы бір жиеркенішті белгісі – адамдар өзінің шынайы сенімін (ақидасын) жасыруға рұқсат деп есептеуі. Өкінішке орай, қазіргі таңда бұл белгіні көптеген мұсылмандардың бойынан кездестіруге болады, олар бүгін бір сенімдемін десе, ертеңінен басқа сенімде екендігін айтады, ал ең соңында «пайда үшін шынайы сенімімді (ақидамды) жасырған едім» деп шыға келеді. Имам әш-Шәфи’и рафидилер туралы былай деді: "Мен ешқашан дінге жаңалық еңгізу жақтастарының арасынан ши`а-рафидиялардан асқан өтірікшілерді көрмедім” (Қараңыз: "Минһәжу-Ссунна” 1/39). [9] Шарттарын (шурут) сақтамай, адамды Исламнан шығаратын (мәуәни’) кедергілерді есепке алмай біреуді күпірлікте айыптау (такфир) өте үлкен күнәлардың қатарына жатады. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мұсылманды күпірлікте айыптаған адам  - оны өлтіргенмен тең!» (әт-Табәрани. Сенімді хадис. Қараңыз: «Сахихул-жәми’» 6269). Имам әл-Қуртуби былай деген: "Күпірлікте айыптау (такфир) – оның алдына көптеген адамдар келіп сүрінген қауіпті есік, ол есіктің алдында тек таңдаулылар ғана тоқтап, құтылды. Ал құтылумен не теңдесе алады!” (Қараңыз: "әл-Муфхим” 3/111). Имам Ибн ‘Абидин былай деген: "Күпірлік (куфр) – қауіпті нәрсе! Егер мен муміннің күпірлікке түспейтініне бір ғана ақтау тапсам, оны күпірлікте айыптамаймын” (Қараңыз: "Фәтәуә-ссуғра” 4/224). Хафиз Ибн ‘Абдул-Бәрр былай деген: "Тек келіспеушілік болмаған нәрсенің негізінде ғана күпірлікте айыптау керек” (Қараңыз: "әт-Тамхид” 17/22). Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деген: "Күпірлікте айыптау жеке тұлғаның жағдайына байланысты өзгеруі мүмкін, себебі әрбір қателік жасаған адам, бид`атшы немесе надан бола бермейді және әрбір адасушы адам, кәпір, пасық (фәсиқ) немесе тіпті жай күнәһар бола бермейді” (Қараңыз: "Минһәжу-Ссунна” 5/250). Ибн Тәймия тағы былай деді: "Дәлел (хужжа) жеткізбейінше ешбір мұсылманға басқа бір мұсылманды күпірлікте айыптауына рұқсат етілмейді, тіпті қателессе де, адасушылыққа түссе де” (Қараңыз: "Мәжму’ул-фәтәуә” 12/468). Хафиз Ибн Хәжәр былай деген: "Кімде-кімнің Исламы айқын болса, ол адам Исламнан дәл сондай айқын дәлелдің негізінде ғана шығады” (Қараңыз: "Фәтхул-Бәри” 2/314). Шейх Мухаммад ибн ‘Абдул-Уәһһәб былай деген: "Дұшпандарымның айтуы бойынша, мен өзімнің пайымдауларым мен кәпірлерді жақсы көргендігімнің негізінде немесе дәлел жетпеген надан адамдарды күпірлікте айыптайды екенмін-мыс. Мұның барлығы – үлкен жала, олар осы арқылы адамдарды Аллаһ пен Оның елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолынан адастырғысы келеді!” (Қараңыз: "Мәжму’у муәллифәт” 3/14). Мухаммад ибн ‘Абдул-Уәһһәб тағы былай дейді: "Біз бүкіл ғалымдар бірауызды келіскен нәрседе ғана күпірлікте айыптаймыз, ал ол – екі куәлік (лә иләһә иллә-Ллаһ, Мухаммад расулю-Ллаһ)” (Қараңыз: "әд-Дурару-ссания” 1/102). Жоғарыда айтылған ғалымдардың сөздерінің бәрі күпірлікте айыптау (такфир) мәселесінің қауіптілігін көрсетеді, оның ішіне пасықтықта айыптау (тафсиқ) мен бид`ата айыптауды да (табди’) жатқызуға болады. Әһлю-Сунна адамдары белгілі бір мұсылманның жасап жатқан нәрсесі күпірлік (куфр) екендігін айтып, дәлел жеткізбейінше, оны күпірлікте айыптамайды. Ал дәлел жеткізу құқықы – адамның білім деңгейіне байланысты болады. Құран мен Сүннет әрекет пен әрекет етуші тұлғаның арасында айырмашылық бар екеніне нұсқайды, себебі әрбір күпірлік жасаған адам кәпір бола бермейді. Сондай-ақ, Исламның белгілі бір үкімін жоққа шығарушы мен ол үкімді қате тәпсірлейтін (тауил) тұлғаның  арасында айырмашылық бар, өйткені бірінші адам кәпір да, екіншісі кәпір емес. Сонымен қатар, жалпы үкім мен жеке үкімнің айырмашылығы бар, мысалы, "Құран жаратылған” деген сөзді айтқан адам кәпір болатыны туралы ғалымдардың бірауызды келісімі (ижмә’) бар, алайда бұған қарамастан, егер белгілі бір нақты мұсылман адам осындай сөзді айтатын болса, онда мұндай мәселені арнайы қарастыру керек. Бұл мәселені шейхул-Ислам Ибн Тәймия жақсы түсіндіреді: "Кейбір мұсылман әмірлер «Құран – жаратылған және ешкім келесі өмірде Аллаһты көрмейді» дейтін жәһмилердің сөзін қайталаған болатын. Олар бұны адамдардың арасында таратып, өздерінің дағуатына жауап бермегендерді қинап жазалады, әрі оларды күпірлікте айыптады. Олар біреулерді тұтқынға алып, Құран – жаратылған деген сенімін мойындаттырмайынша оларды босатпайтын. Сондай-ақ олар тек осыны мойындағандарды ғана әкім етіп тағайындап, оларға қазынадан ақша бөліп көмек көрсетті. Бұған қарамастан, имам Ахмад Аллаһтан оларды Өз Мейіріміне алып, кешіруін тіледі. Өйткені, имам Ахмад оларды осылай істегенінің кесірінен Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қарсы келгенін түсінбейді деп есептеді. Олар пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әкелген нәрсесін тікелей жоққа шығармайды, алайда олар мәтіндерді қате тәпсірлеп, осыған үйреткен адамдарға соқыр ерген болатын” (Қараңыз: "Мәжму‘ул-фәтәуә” 3/229-231). Шейх Ибн ‘Усәймин былай деген: "Ширк немесе күпірлік жасаған адамды мушрик, кәпір немесе малғұн (лағінеттелген) деп атауға рұқсат етілмейді, себебі бұл мәселенің үкімінің өз шарттары (шурут) мен тыйымдары (мәуәни’) болады. Белгілі бір адам өсімқорлықпен (әр-рибә) айналысса, біз оны малғұн (лағінеттелген) деп атамаймыз, себебі оған лағінеттің түсуіне кедергі келтіретін нәрселер бар шығар, мысалы надандық немесе күдік және т.б. Ширктің де мәселесі осындай. Біз ширк жасайтын белгілі бір нақты адамды мушрик деп атамаймыз, өйткені, мүмкін оған жақын жерде өмір сүретін ғалымдардың немқұрайлылығының кесірінен дәлел жетпеген шығар.* ...  Өлген адамдардан бір нәрсе сұрау – ширк болып табылады, алайда ширк жасайтын жеке бір нақты тұлғаны, оған дәлел жеткені бізге белгілі болмайынша мушрик деп атауға рұқсат етілмейді” (Қараңыз: "әл-Қаулюл-муфид шәрх Китаби-ттаухид” 29-30). * Шейх ’Усәймин адамдарға дәлелді ғалымдар жеткізу керек екенін, әрі ғалымдардың немқұрайлылығы – адамды күпірлікте айыптауға кедергі болатын себептердің бірі болып табылатындығына нұсқайды. Ендеше бірде-бір ғалымы (‘алим) жоқ ТМД аймағы туралы не айтуға болады?! Мұсылман адамды күпірлікте айыптау – бид`атшылардың бұлжымас белгісі болып табылады. Имам әл-Әсбәхани былай деген: "Бір-бірін күпірлікте айыптайтын хауариждер, рафидилер мен қадарилер сияқты бид`атшыларға қарағанда әһлю-Сунна уәл-жәмә’а  бір-бірін күпірлікте айыптамайды! Егер олардың жетеуі бір мәжілісте жиналса, олар міндетті түрде бір-бірін күпірлікте айыптағандықтан тарап кетеді. Олар яһудилер мен христиандар секілді, ол туралы Аллаһ Тағала былай дейді: «Яһудилер: "Христиандар тура жолға ілеспейді”, - деді, ал христиандар: "Яһудилер тура жолға ілеспейді”, - деді» (Бәқара сүресі, 113 -аят)” (Қараңыз: "әл-Хужжә”). Такфир мәселесінде адамдар екі топқа бөлініп, шектен шықты. Біреулер тіпті Аллаһ пен Оның елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кәпір деп атағандарды кәпір деп айтудан қорқады, мысалы яһудилер мен христиандарды. Ал басқалары қарама-қарсы жақта шектен шығып, өздерін басқа мұсылмандарды күпірлікте айыптауға құқылымыз деп есептей бастады. Жағдай соншалықты ушықты, тіпті жер бетінде өзін және бірнеше адамдардан басқалардың барлығын кәпір деп есептейтін адамдар пайда болды. Сондай-ақ олардың ойы бойынша, жер бетінде ислам жері (дарул-Исләм) жоқ. Хузайфә Аллаһ елшісіның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айқанын жеткізді: «Шын мәнінде, мен сендер үшін Құранды оқитын, оның (Құранның) әдемілігі ол кісінің бойынан көрініп, Исламның жақтаушысы болатын адамнан қорқамын. Содан кейін ол Құранды арт жағына лақтырып қалдырады да, өзінің көршісіне қылыш ала жүгіріп, оны ширкте айыптайды». Хузайфә: "Әй Аллаһтың пайғамбары, ол екеуінің қайсысы ширкке жақын: кінәлаушы ма әлде кінә тағылғаны ма?” – деп сұрады. Сонда ол: «Жоқ, кінәлаушы», - деді (әл-Бухари "әт-Тарих” 297, Ибн Хиббән 81. Хадистің сенімділігін имам әл-Хайсами, хафиз Ибн Кәсир мен шейх әл-Әлбәни растады. Қараңыз: "әс-Силсилә әс-сахиха” 3201). Қазіргі кезде пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қорыққан құбылыстың орын алып жатқанын көріп жүрміз. Ақиқатқа еріп, кейін толықтай өз ақидасы мен мәнһәжын өзгерткен, әрі осы істеп жатқандарын дұрыс деп есептейтін қаншама адамдар бар десеңші?! Ақиқатқа еру – бұл керемет нәрсе, бірақ ең бастысы – сол ақиқатта қайтыс болу. Аллаһ Тағала бізді пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы хадисіндегі адамдардың қатарынан болудан сақтасын! Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзі қорыққан нәрседен бүкіл мұсылмандар қорқуға міндетті. [10] Көптеген мұсылмандар «Сүннет» сөзінің шынайы мағынасын түсінбейді, әрі оны тек пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) істеген сыртқы іс-амалдарымен шектейді. Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деген: "Сүннет – бұл пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сенімі (‘ақида), сөзі мен ісі” (Қараңыз: "әл-Хамәуия” 2). Біздің ізгі ата-бабаларымыздың түсінігі бойынша, «Сүннет» дегеніміз алғашқы ұрпақ мұсылмандарының ұстанған сенімі (‘ақида) мен жолы (мәнһәж). Хафиз Ибн Ражәб былай деген: "Үмметіміздің имамдары «Сүннет» сөзінің астарында күдіктер мен көңіл-қалауынан аулақ болған пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мен сахабалардың жолын меңзейтін. Кейіннен «Сүннет» сөзі Аллаһқа, періштелерге, Кітаптарға, елшілерге, Қиямет Күнге және тағдырға иман келтіру мәселесіндегі бұрмалаулардан тазарту мақсатында қолданыла бастады, сонымен қатар оған сахабалардың артықшылықтары және т.б. мәселелер кіреді. Сондай-ақ осы тақырыптарға байланысты жазылған кітаптар «Сүннет» атауын ала бастады. Бұл ғылымның «Сүннет» деп аталауының себебі – оның аса маңыздылығы еді. Кімде-кім осы кітаптардағы нәрселерге қарсы келсе, өзін қасіретке тастағанмен тең”. (Қараңыз: "Кәшфул-курбә” 1/320).  Біздің ізгі ата-бабаларымыз ақида мен мәнһәж туралы кітаптар жазып, оны «Сүннет» деп атады. Мәселен, олардың ішінде: имам Ахмадтың «Усулю-Ссуннасы», әл-Бәрбәһәридің «Шәрху-Ссуннасы», Ибн Әбу ‘Асымнің «Суннасы», ‘Абдуллаһ ибн Ахмадтың «Суннасы», Ибн Нәср әл-Мәруәзидің «Суннасы», Ибн Шәхиннің «Суннасы», әл-Хәлләләнің «Суннасы» және т.б. Шынайы Ислам – бұл Сүннетке сай Ислам, міне, сондықтан өз заманының Сүннет имамы болған әл-Бәрбәһәри былай дейді: "Біліңдер, Ислам – бұл Сүннет, ал Сүннет – бұл Ислам және екеуі бір-бірінсіз болуы мүмкін емес” (Қараңыз: "Шәрху-Ссунна” 34). [11] Қазақстан мұсылмандарына келер болсақ, негізгі аталып өткен мәселелерден басқа, араб елдерінде болған көптеген бүліктер, Қазақстанда Исламның алғашқы даму сатысында ене бастады, әрі мұндайға дайын емес мұсылмандар осы болып жатқан нәрселерді түсіне алмай дал болды. Қазақстанда білім мен ғалымның жоқтығын пайдаланып, түрлі ағымдар мен секталар өздерінің дағуаттарын бастап та кетті, соның ішіндегі ең қауіптісі – күпірлікте айыптау бүлігі. [12] Көптеген мұсылмандар «фәтуә» сөзінің білмейді немесе бұл сөзді дұрыс түсінбейді. Олар ғалымдардың белгілі бір арнайы мәселеге байланысты жеке тұлғаға немесе аймаққа байланысты берген фәтуәсы мен діннің жалпы үкімдеріне байланысты айтқан сөздердің айырмашылығын біле бермейді. Сонымен қатар, кейбіреулер дін үкімдерін түсіндіру немесе ғалымдардың сөзін жеткізу – бұл фәтуә емес, тек дін үкімдерін жеткізу ғана екендігін түсіне бермейді. Фәтуә – бұл нақты белгілі бір шариғи мәселеге байланысты қойылған сұраққа атақты ғалымның дәлелге негізделген жауабы (Қараңыз: Ибн Хамдан "Сыфәтул-фәтуә уәл-муфти уәл-мустафти” 4). [13] Фәтуә әрдайым дұрыс бола бермейді, әрі фәтуә беруге кез-келген адамның қақысы жоқ. Қазіргі кезде бүкіл әлем мұсылмандарының арасында бүлік туғызған фәтуәлардың бірі – бұл кәпір мемлекеттермен сауда-саттық қатынасын үзу, оның ішінде Америкамен бүкіл сауда қарым-қатынасын тоқтату қажеттілігі туралы фәтуә немесе митинглер мен ереуілдерге шығуға рұқсат етілгендігі туралы фәтуә. Бұл мәлімдеулердің қате екенін көптеген ғалымдар, соның ішінде Ибн Баз, Ибн ‘Усаймин, әл-Әлбәни, Салих әл-Фәузан, ‘Абдул-Мухсин әл-‘Аббәд, Салих әс-Сухайми, ‘Абдул-‘Азиз әр-Ражихи және т.б. айтып түсіндірген болатын. Бұл мәселеге байланысты мына кітаптарды қараңыз: «әл-Фәтәуа әл-муһиммә фи табсырил-уммә» және «әл-Фәтәуә әш-шәр’ия фил-қадая әл-‘асрия».

Категория: Ақида | Добавил: admin
Просмотров: 949 | Загрузок: 463 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]