Қош келдіңіз Гость • Тіркелу • Кіру • RSS
Бейсенбі, 28.3.2024, 19:00
Главная » Статьи » Қазақ тілінде » Фатуалар

Әһлю-Суннә ғалымдарының Таблиғ жамағаты туралы айтқан сөздері
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!


Әлемдердің Раббысы Аллаһқа сансыз мақтау мен мадақтар, әрі біздің Пайғамбарымызға, оның отбасы мен сахабаларына Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын!Таухид (бірқұдайшылық) сенімі – Ислам діннің тамыры және Ислам үмметінің негізі. Осы таухидті Өз құлдарына жеткізу үшін Аллаһ Тағала Нұхтан бастап, Мухаммадке (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) дейінгі барлық пайғамбарларды жіберді. Аллаһтың Діні – жалғыз және біртұтас. Ол қауымдардың қарсылығымен, немесе уақыт пен кеңістіктің ауысуымен өзгеріп түрленбейді. Аллаһ Тағала былай дейді: «Біз әрбір қауымға: «Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар және Тағуттан аулақ болыңдар!» - дейтін елші жібердік». (ән-Нәхл; 36) Бірқұдайшылыққа шақыру – бұл тек Аллаһқа ғана құлшылық етіп, Оған басқа біреуді серік қоспауға нұсқау (мейлі ол - періште, елші, әулие, пір және тағы басқа болсын). Осы ұлы шақыру және оған иман келтіру кез-келген адасқан топтармен мен адамдардың жалған дәстүрлері мен құлшылықтарына қарсы күресуді талап етеді. Ардақты Пайғамбарымыздың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) жолын мығым етіп ұстанған Ислам үмметінің алдыңғы және соңғы ұрпақтары (сәләфтар мен хәләфтар) осы дағуаттың түрін бекіткен. Олар Сүннетті ұлықтап, дінді ширк пен бидғаттардан тазартқан. Олар өз құлшылықтары мен өзара қарым-қатынастарын барынша Құран мен Сүннеттің негіздеріне сәйкес келуіне талпынды. Ал қазірге кезде көптеген адамдар өз сенімдері мен мінез-құлықтарында, дінді амалға асыру және тарату жолында топтар мен партияларға бөлініп алды. Кәпірлер мен пасықтар мұсылмандардың Аллаһтың дінінен тайып, тура жолдан ауытқығанын оңтайлы пайдаланды. Бұл шындық мұсылман аймақтарында тұратын адамдардың бәріне белгілі. Мұсылмандардың әлсірегені соншалықты, тіпті кәпірлердің өздері оларды аяйтын дәрежеге жетті.Уа, Аллаһ Тағала, Өзіңнің пайғамбарың - Мухаммадтің, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, жолында берік тұруымызды нәсіп ет! Адамдардың өздері ойлап тапқан бидғаттарынан сақ болуымызды нәсіп ет! Бізді Өзің жақсы көретін, әрі разы болатын істеріңе бастай гөр! Біздің отанымызды және мұсылман елдерін жаулардан, әуестер мен көңілдің қалауларына ергендердің жамандығынан сақтай гөр! Сен бізге жетіп асасың және Сен - құтқарушылардың ең жақсысысың! Әлемдердің Раббысы - Аллаһқа сансыз мақтаулар мен мадақтар әрі біздің Пайғамбарымызға, оның отбасы мен сахабаларына Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын!Ислам үмметі топтарға, партияларға бөлініп, мұсылмандар бір-біріне деген өшпенділікке жолықты. Ол туралы Пайғамбарымыз, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, былай деп айтып кеткен еді: «Шынында, араларыңнан ұзақ өмір сүретіндерің көптеген келіспеушіліктерді көретін болады, сондықтан менің сүннетімді және менен кейінгі ізгі (әділетті), тура жолдағы халифалардың сүннетін ұстаныңдар! Оған (Сүннетке) азу тістеріңмен жабысып, берік ұстаныңдар! Бидғаттан аулақ болыңдар! Әлбетте, кез-келген бидғат – адасушылық!» хадисті Әбу Дәуд, әт-Тирмизи, Ибн Мәджәһ риуаят еткен.Имам Әхмәд ибн Ханбәл, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Әрбір заманда, өздері қиыншылықтар көрсе де, адасқандарды тура жолға бағыттайтын білім иелерін пайғамбарлардың мұрагері еткен Аллаһқа мадақтар болсын! Олар Аллаһтың кітабы арқылы өлі жүректерді тірілтіп, Аллаһтың нұры арқылы соқырларды тура жолға бастайды. Олар Іблістен жеңілген қаншаларды тірілтті, адасып кеткендердің қаншасын тура жолға салды. Олардың адамдар арасындағы қалдырған ізі нендей керемет, ал оларға қарсы сөйлеп, тіл тигізгендердің адамдар арасындағы қалдырған ізі нендей жаман! Олар Аллаһтың кітабын шектен шығатындардың өзгертпелерінен, адасқандардың орынсыз пікірлерінен және бидғат туын жоғары көтеріп, бүліктерді шырмауынан босатқан надандардың түсіндірмелерінен тазартады». Осы мақаламызда отқа, сиырға және басқа да заттарға табынатын Үндістан аймағында пайда болған ағым туралы сөз болмақ. Бұл ағым сопылық тариқаттардағы пірлерге қол тапсырып, бидғаттардан ластанған секта болып табылады. Тіпті, әйел адамдардың өздері болмашы салттарға сеніп, пірге қол тапсыру үшін арнайы сапар шегіп, осы аймақтарға келеді. Субханаллаһ, адамдар соншалықты надан болғаны ма әлде дін әлсіреді ме? Исламда сахабалардың Аллаһтың елшісіне (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) және мұсылмандардың басшыларға қол тапсыруынан басқа ешкімге қол тапсыруына болмайды. Сөзсіз, бұл әрекет – адасушылық. Шын мәнінде, мұндай әрекеттердің барлығы білім иелерінің жоқтығынан болып отыр.Шейх Мухаммад ибн Нәсир әл-Аринидің хиджра жыл санауымен 06.01.1422 (2002 жыл) жылы шыққан «Кейбір қауіпті уағыздардың әшкереленуі» атты кітаптың кіріспесінде Салих ибн Фәузан ибн ’Абдуллah әл-Фәузан былай дейді:«Мен «Кейбір қауіпті уағыздардың әшкереленуі» атты кітапты көріп шықтым. Бұл кітапта қазіргі кезде көптеген адамдарды әуре-сарсаңға салған секта туралы айтылған. Ол секта – «джәмә’ат таблиғ». Көптеген ғалымдар аталмыш джәмә’ат өзінің сенімі (ақида) мен жолында (мәнһәдж) адасқан топ екендігін түсіндірді. Сонымен бірге ғалымдардың айтуынша, олармен қарым-қатынас жасау, оларға көмектесіп, бірге (уағыз айтуға) шығу – тыйым салынған болып табылады. Мұсылмандар бұл сектадан аулақ болып, басқаларды да сақтандыруға міндетті. Мен осы джәмә’аттың жауапты адамдарының барлығын тәубеге келіп, әһли суннә уәл-джәмә’аның мәнһәджына оралуға шақырамын. Сондай-ақ, мен оларға Аллаһқа шақыруды өз отандастарынан – Үндістан мен Пәкістаннан бастауын нұсқаймын. Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Өзіңнің ең жақын туыстарыңды сақтандыр». Сондай-ақ, Аллаһ Тағала былай деді: «Олар өз тайпаларына оралған соң, оларға ескертсін, мүмкін олар сақтанар». (әт-Таубә; 122).Джәмә’ат таблиғ өз сенімдерін (ақидасын) дұрыстау үшін бірігуі керек, себебі сенім – бұл негіз, ал Мухаммед Пайғамбар мен (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) басқа да барлық пайғамбарлар өз дағуаттарын осы негізден бастаған. Осы негізді басты қағида етіп алмаған кез-келген дағуаттың еш пайдасы жоқ. Егер таблиғ осыны қабылдаса – жақсы. Ал қабылдамаса, онда мен әрбір мұсылманды аталмыш сектаның кесірінен өз ақидасының бұзылып, қасіретке ұшырауынан алдын-ала сақтандырамын».Шейх Хамуд ибн ‘Абдуллаһ әт-Тууәйджири Таблиғ джәмә’аты туралы былай дейді: «Джәмә’ат таблиғ – бидғатшыл, әрі адасушы топ. Олар – Аллаһтың елшісінің (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын), оның сахабалары мен оларға ізгілікте ерген табиғиндердің жолында емес. Шын мәнінде, олар – сопылар мен бидғатшылардың жолында».Шейхтан: «Дағуат жасау үшін олармен бірге шығуға болады ма?» – деп сұрағанда, ол былай деп жауап берді: «Мен сұрақ қоюшыға және өз дінін ширк пен шектен шығушылықтың, бидғат пен жалған сенімдердің батпағынан таза ұстауға ұмтылған әрбір адамға, таблиғтарға қосылмауларына насихат етемін. Олар Сауд Арабиясының жерінде де, одан басқа жерлерде де таблиғтармен бірге шықпасын». Қараңыз: «Әл-Каулул-бәлиғ фит-тахзири мин джәмә’атит-таблиғ», 30-бет.Шейх Салих әс-Сухайми джәмә’ат таблиғ туралы былай деді: «Бұл джәмә’ат – сопылықтың, нақшбандияның, сехрудияның, қадырия мен джәштияның джәмә’аты болып табылады. Таблиғтар жоғарыда атап өткен ағымдардың мүшелеріне қол тапсырады. Олар Құран мен Сүннеттің мағынасын өзгертіп, бұрмалайды; әрісесе олар джихадқа байланысты аяттарды «таблиғтардың шақыруы, дағуат қылу үшін арнайы сапарға шығуы және сол сапар кезінде өз нәпсісімен күресуі», - деп бұрмалайды».Шейх Са’д әл-Хасим өзінің «Хақиқатуд-да’уә» атты кітабының 82-бетінде былай жазады: «Мысалы, «Таблиғи нисаб» атты кітап - джәмә’ат таблиғтың жолын түсіндіретін араб еместерге арналған жалғыз ғана кітап. Бұл кітапта аяттардан, сенімді хадистер мен жақсылыққа шақырудан бөлек мынандай нәрселер де қамтылған:1) Қажылықтан кейін Пайғамбардың, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, қабіріне бару үшін Мәдинаға арнайы сапар шегуге ұмтылдыру. Оған дәлел ретінде олар Пайғамбар, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, айтты деген мына сөздерді келтіріледі: «Кім қажылық жасап болған соң, менің қабіріме келмесе, шынында, маған әділетсіздік істеген болып табылады». Алайда бұл - өтірік және ойдан шығарылған хадис, сондықтан ол дәлел ретінде пайдалануға жарамсыз.2) Пайғамбардың, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, қабіріне қарап келесі дұғаны оқуға ынталандыру: «Уа, Аллаһтың елшісі, мен сенен шапағат етуіңді сұраймын».3) Қабірде жатқан Әбу Бәкр мен ‘Умарға сәлем ретінде былай деп айтылады: «Біз сендердің екеуіңе де келдік. Сендерді Аллаһтың елшісімен (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) біздің арамыздағы дәнекер етеміз. Ал, Пайғамбар (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) Раббымыздан біздің күнәларымыздың кешірілуін сұрайды».4) Шейх Әхмәд Рифаи Пайғамбардың (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) қолын еш қиындықсыз сүю үшін Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) хиджраның алтыншы ғасырында тоқсан мың мұсылманның көзінше қабірінен қолын шығарыпты-мыс.5) Күдіксіз, Қағба кейбір тақуа адамдардың үйіне келеді».Міне, осы - таблиғтардың сенім жүйесі!Мұның барлығы – таблиғтардың кітаптарындағы жалған сенімдер. Олардың не айтып тұрғанына тағы да назар бұрыңыздыр! «Шейх Әхмәд Рифаи Пайғамбардың (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) қолын еш қиындықсыз сүю үшін Аллаһтың елшісі (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) хиджраның алтыншы ғасырында тоқсан мың мұсылманның көзінше қабірінен қолын шығарыпты». Бұл - Аллаһтың елшісіне (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) жала жабу болып табылады. Ол өз өмірінде (яғни тірі кезінде) қолын сүйдіру үшін ешкімге бермеген, ал қайтыс болған соң қалайша қолын біреуге сүйдіру үшін бермек?! Аллаһпен ант етемін, шын мәнінде, Аллаһтың елшісі о дүниелік болды.Шейх Мухаммад ибн Салих әл-‘Усәймин, Аллаһ оны рахымына бөлесін, Таблиғ джәмә’аты туралы былай деді: «Егер олар адамдарды шақырып жүрген алты негіздерін, Джибрилдің, ‘аләйһи-ссәләм, хадисіндегі негіздерге алмастырса еді, онда бұл хадисте дін толығымен түсінідірілген. Шынында, егер олар осы хадистегі таухидтің мағынасын түсіндіріп, адамдарды ширк пен оның қауіптілігінен сақтандырса, онда өте жақсы болар еді. Алайда, Әр-Рияд мешітінде таухид туралы сабақ жүріп жатқан кезде таблиғтар орындарынан тұрып, кетіп қалғандығы туралы хабарлар бізге сенімді жолмен жетті. Бұл аздай, олар таухидтің өзіне қарсы шығып, адамдарды таухид ұстанушылардың кітаптарын оқудан тосады. Егер таблиғ мүшелерінің жағдайлары осындай болса, онда олардың қоғам үшін қандай пайдасы болуы мүмкін? Егер дағуат Аллаһтың таухидіне болмаса, онда дағуат басқа не нәрсеге бағытталуы керек?»Таблиғ джәмә’аты хиджра жыл санауы бойынша 1344 жылы (1926 ж.) Үндістанда құрылған. Оның негізін салушы – Мухаммад Рияз Мухаммад Исмәъил әл-Ханәфи әд-Дайлубәнди әл-Джәшти әл-Киндәхләуи. Дайлубәнд қаласы ханафилердің ең үлкен медресесі орналасқан жер. Медресенің басшыларының айтуынша, оқу орны шейх Мухаммад Қасим ән-Нәнуутидің өмір сүрген кезінде яғни хиджраның 1283 жылдың 15 мухаррамында (1867 ж.) бастау алып, Аллаһтың елшісі (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) медресенің негізін өзі келіп қалаған. Олардың сөзіне сенсек, Пайғамбар (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) өзінің халифалары және сахабаларымен бірге жиі-жиі келіп, медресенің жұмысын тексеріп тұрады екен.Бұл Аллаһтың елшісіне (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын), оның халифалары мен сахабаларына жабылған ұлы жала және арсыздықтың шегі болып табылады.Аллаһтың елшісі (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) бидғатшылардың медреселерін құрмайды, сондай-ақ, кейбір сопылардың айтқанындай, олардың жасаған мәулідтеріне қатыспайды. Ол, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, Қиямет Күнге дейін барзах әлемінде болады. Ал, күнәларды Кешіруші - тек Аллаһ.Аллаһтың елшісі, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, былайдеп айтқан: «Кімде-кім біле тұра менің атымнан жалған сөйлесе, оның орны – Тозақ». Бухари, Муслим.Бір кісі имам Әхмәдқа келіп: «Мен үшін «Пәленше – анандай, түгенше – мынандай», - деп айту қиын», – деді. Сонда имам Әхмәд, Аллаһ оны рахым етсін, былай деді: «Егер сен де үндемесең, мен де үндемесем, онда білімсіз адамдар дұрыс нәрсені дұрыс емес нәрседен қалайша ажыратады?» «Мәджму’ул-фәтәуә», 28/231.Еш күдіксіз, Таблиғ джәмә’аты адамның ақылы мен дінін бұзады. Дәрігер өзінің ауруханасын жауып, жер өңдеуші өзінің егістігін тастап кетсе, имам – өзінің мешітін, оқушылар – мектепті, күйеуі – екіқабат әйелін тоғыз айлық уақытында еш қараусыз қалдырса, сатушы – дүкенін, көмекке мұқтаж кемпір-шал мен балаларды тастап кеткен қоғамды қалай елестетуге болады? Шынына келгенде, осы сектаның адамдары Аллаһқа шақыруды желеулетіп бірнеше ай бойы басқа мемлекеттерге сапар шегеді. Олар барған мемлекетінің тілін білмейді, тіпті оларды басқарып жүретін жетекшінің өзі - араб емес, қайдағы бір сопы. Осыдан кейін, олардан қандай жақсылық күтуге болады? Олардың көбісі дәретті қалай алу керек екенін және намазды қалай дұрыс оқу керек екенін де білмейді. Рүкін (тірек) мен уәжіптің (міндетті) айырмашылығын білмейді. Осылардың барлығынан кейін, таблиғтардың қандай сапалы дағуат шығады?Шейх Мухаммад ибн Ибраһим Әли Шейх (өз кезінде Сауд Арабиясының муфтийі болған), Аллаһ оны рахым етсін, Таблиғ джәмә’аты туралы былай деді: «Олар қабірлерге құлшылық етуге және ширкке шақырады. Бұл туралы үндемей отырмау керек. Сондықтан біз, иншаллаһ, олардың адасушылығы мен өтіріктерін әшкерелеу үшін родд (теріске шығару) жасаймыз». Хиджра жыл санауы бойынша 24.01.1382 жыл (1964 жыл)Ол, сондай-ақ, былай деді: «Таблиғ джәмә’атыта ешқандай жақсылық жоқ, өйткені бұл джәмә’ат бидғат пен адасушылықтың джәмә’аты болып табылады! Олардың кітаптарын оқи отырып, біз олардан адасушылық пен бидғатшылдықты байқадық, сондай-ақ, олар қабірлерге құлшылық қылуға және көпқұдайшылыққа шақырады!» Қараңыз: «Фәтәуә уә расаил» 1/268.Имам ‘Абдулазиз ибн Базға, Аллаһ оны рахым етсін, былай деп сұрақ қойылды: «Мен Таблиғ джәмә’атыымен бірге Үндістан мен Пәкістанға бардым. Біз сол жерлерде ішінде қабірлері бар мешіттерде намаз оқыдық. Қабірі бар мешітте оқылған намаз қабыл болмайды дегенді естіп едім. Менің сол намаздарым туралы не айтасыз? Мен сол намаздарды қайта оқуым керек пе? Таблиғтармен бірге сондай жерлерге бірге шығудың үкімі қандай?»Шейх былай деп жауап берді: «Бисмилләһ, уәлхамдулилләһ. Одан кейін: Таблиғ джәмә’атыта ақида мәселелеріне байланысты еш білім жоқ. Сондықтан, олармен бірге шығуға болмайды. Таблиғтарды тура жолға бағыттап, насихат айту және оларға ізгі амалдарда көмектесу үшін ғана шынайы әһли суннә уәл-джәмә’аның ақидасын білген адамға ғана олармен бірге шығуға болады. Себебі олар жақсы амал істеуге тырысады. Дегенмен, олар білімдерін толықтыруға, таухидке және Сүннет ғалымдарының насихатына өте мұқтаж. Аллаһ Тағала бізді дінді дұрыс түсініп, онда нық тұруымызды нәсіп етсін! Дей тұрғанмен, қабірі бар мешіттегі оқылған намаз дұрыс емес. Сен сол жақта оқыған намаздарыңды қайтадан оқуың керек. Себебі пайғамбарымыз, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, былай деген: «Пайғамбарларының қабірлерін ғибадат орындарына айналадырған яхудилер мен христиандарды Аллаһ Тағала лағнет етсін».Ұлы имам Ибн Базға, Аллаһ оны рахым етсін, Меккеде, хиджра жыл санауы бойынша 06.12.1416 жылы мынандай сұрақ қойылды: «Уа, шейх! Біз Таблиғ джәмә’атыы туралы және олардың дағуаты туралы естідік. Маған сол джәмә’атпен бірге болуға кеңес берер ме едіңіз? Сіз маған насихат айтып, тура жолға бағыттайды деп үміттенемін. Аллаһ Тағала сіздің сауаптарыңызды көбейтсін!»Шейх былай деп жауап берді: «Аллаһқа шақырушы әрбір адам «мубәлиғ» – «жеткізуші» деп аталады. Хадисте: «Менен бір аят, хадис болса да жеткізіңдер», -деп айтылған. Алайда, танымал үндістандық Таблиғ джәмә’атытың жалған сенімдері, бидғаттары мен ширктері бар. Олармен бірге шығуға болмайды. Оларды теріске шығару үшін және оларды үйрету үшін ғана білімді адамдарға олармен бірге шығуға болады. Бірақ, оларға еріп шығуға болмайды. Олар осы жалған мазхабын тастап, әһли Суннә уәл-джәмә’аның мазхабына орнығуы үшін оларға насихат жасау керек».Шейх Мухаммад ибн Салих әл-‘Усәйминге, Аллаһ оны рахым етсін, былай деп сұрақ қойылды:«Мен бір уағыздаушылармен бірге дағуат жасауға шықтым, Аллаһ оларды тура жолға салсын. Олардың дағуатқа шығу тәртібі былай – белгілі бір уақытта зікір ететін шеңбері бар. Олар екі-үш адам болып осы шеңбердің ішінде отырып, Құранның соңғы он сүресін оқиды. Содан кейін олар куәлік пен Ибраһимий салауатын (яғни намаз кезінде оқылатын салауатты) айтады. Аллаһқа жақындау үшін осы әрекеттерді үнемі жасай беру туралы не айтасыз?»Шейх былай жауап берді: «Құлшылық нақты бекітілген (таукифий). (Яғни құлшылықты Аллаһ және Оның елшісі, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, бекітеді. Құлшылық біреулердің ақылына, қиялы мен ой тұжырымына негізделмеген, сондықтан ондай әрекеттерге Аллаһ разы болып, қабылдайды деу - қателік болып табылады.) Адам шариғатты өзі ойлап таппауы керек. Шариғат тек Аллаһ және Оның елшісі, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, бекіткен кезде ғана шариғат деп аталады, себебі Аллаһ Тағала Өзінің және Өзінің елшісінің, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, бекіткен шариғатынан басқа шариғаттарға еруге тыйым салды. (Шариғатта бұған өте көп дәлелдер бар.) Сондықтан, құлшылық кейіпінде, мөлшерінде, уақытында, орнында және себебінде бекітіліп қойылған. Құлшылық шариғатқа сай болуы қажет. Сұрақ қоюшының атап кеткен Аллаһты зікір ету мен Құран оқудың тәртібі дәлелді қажет етеді. Егер олардың осындай кейіпте жасалатындығы туралы Пайғамбарымыздан, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, хабар жеткен болса, онда жақсы. Ал егер ондай хабар жетпеген болса, онда одан жеткен хабарлар бізге жеткілікті. Дегенмен, менің ойымша, таблиғтардың осы әрекеттерінің мұндай кейіпте жасалатындығы туралы пайғамбарымыздан, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, ешқандай хабар жетпеген. Сондықтан осы әрекеттерді жасап жүрген бауырларыма насихат етемін, ол әрекеттерді тастаңыздар да, Пайғамбарымыздың, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, бекіткен шариғатына сай әрекет жасаңыздар! Міне, осы бәрінен жоғары, әрі нәтижесі жемісті және сенімді!»Шейх Мухаммад Нәсируддин әл-Әлбәниге, Аллаһ оны рахым етсін, мынандай сұрақ қойылды: «Таблиғ джәмә’аты жөнінде қандай пікірдесіз? Осы қатысып отырғандарға және басқаларға Аллаһқа шақыру мақсатында дағуат ету үшін олармен бірге шығуға болады ма?»Шейх былай деп жауап берді: «Таблиғ джәмә’аты Аллаһтың Кітабы мен Елшінің (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) Сүннетінде және ізгі алдынғы ұрпақтардың жолында емес. Ал, осылай болғандықтан, олармен бірге шығуға болмайды, себебі олар ізгі алдынғы ұрпақтардың жолын жеткізуде бізді теріске шығарады. Аллаһқа шақыру жолына ғалым шығу керек. Дегенмен, олармен бірге шығатын адамдар өз аймағындағы мешіттерде білім алуға міндетті. Аллаһқа шақыруға шығудың реті оларға келген кезде, арасынан ғалым адам сол жолға шықсын. Дәл солай осы қатысып отырғандар Таблиғ джәмә’аты мүшелері мен қарапайым адамдарды Құран мен Сүннетті оқып-үйренуге бағыттауы тиіс. Жалпылай айтсақ, Таблиғ джәмә’аты Құран мен Сүннетке шақырудан бастамайды. Олар бұл дағуатты бөлінушілік деп есептейді. Олар ихуәнуль-муслиминге ұқсайды. Ихуәнуль муслимин джәмә’аты да өз дағуатын Құран мен Сүннеттің үстінде құрдық деп айтады. Бірақ бұл - бос сөздер ғана. Оларды ақида біріктірмейді: мынаусы – мәтуриди, анау – әш’ари, үшіншісі – сопы, ал мынада тіптен мазхаб жоқ. Бұлай болуының себебі, олардың дағуатының басы адамдарды біріктіруге, ал тек содан кейін ғана олардың түсінуіне бағытталған (сакофәт). Олардың пайда болғанына жарты ғасырдан асты, бірақ олардың арасынан бірде-бір ғалым шықпады. Ал біз былай айтамыз, ең алдымен дінді дұрыс түсіну болуы керек, содан соң ғана дұрыс тірекке негізделген қоғам болуы үшін бірігу қажет. Таблиғ джәмә’атытың дағуаты осы ғасырдың сопылық дағуатына жатады. Олардың дағуаты көркем-мінезділікке бағытталған. Адамдардың ақидасын дұрыстауға келер болсақ, онда таблиғтар мұнымен айналыспайды, себебі бұл олардың ойы бойынша, бөлінушілікке әкеледі. Біздің бауырымыз Са’д әл-Хасийн Пәкістан мен Үндістандағы Таблиғ джәмә’атытың басшыларымен хат алысып, көп хабарласты. Осы хаттардан Таблиғ джәмә’атында уәсила, жәрдем тілеу және сол сияқты ұғымдар бар екені белгілі болды. Олар өздерінің топ мүшелеріне төрт жолдың біріне қол тапсыруын талап етеді. Солардың бірі – нақшбандия жолы, әрбір таблиғ осы сектаның басшысына қол тапсыруға тиіс. Кейде мынандай сұрақ туу мүмкін: «Таблиғтардың еңбектенуінің арқасында көптеген адамдар Аллаһтың жолына келді ғой. Көптеген кәпірлер олардың ықпалымен мұсылман болды. Осының өзі олармен бірге дағуатқы шығып, оларға көмектесуге рұқсат етуге жеткілікті емес пе?» Біз бұл сөздерді білеміз және көп естідік. Біз бұл сөздерді сопылардан да естідік. Мысалы, олардың ішінде қате сенімдегі бір шейх бар делік. Ол Сүннеттен ешнәрсені білмейді. Керісінше, қате тәсілмен басқаларға тиісітіні иемденеді. Осыған қарамастан, көптеген күнәһарлар оның ықпалымен тәубеге келеді. Әрбір жақсылыққа шақыратын джәмә’аттың ізбасарлары болады. Алайда, біз бұл дағуаттың тазалығына қараймыз. Ол адам Аллаһтың Кітабы мен Оның Елшісінің, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, Сүннетіне қай жерде болса да, қай уақытта болса да еруге шақырады ма, әлде жоқ па? Таблиғ джәмә’атытың білімге негізделген жолы жоқ. Олардың бағыты – өздері орналасқан мекеннің ғана жолы. Олар өзара да бөлінеді». Қараңыз: «Әл-Әлбәнидің матуридия туралы пәтуалары» 73 сұрақ, 38 бет; «Әл-Фәтәуә әл-имәратия 38″Шейх ‘Абдураззақ Афифи былай деді: «Шындыққа келгенде, Таблиғ джәмә’аты - бидғат болып табылады. Олар аяттар мен хадистертің мағыналарын бұрмалайды. Олар - қадырия және басқа да ағымдардың өкілі екені шүбәсіз түсінікті. Олар Аллаһ үшін шықпайды, керісінше Ильяс үшін шығады. Олар Кітап пен Сүннетке шақырмайды, керісінше Бангладештегі өздерінің шейхі - Ильясқа шақырады. Алайда Исламға шақыру үшін шығу – бұл Аллаһтың жолындағы джиһад. Ал бұл нәрсе Таблиғ джәмә’атыында жоқ. Мен таблиғтарды баяғыдан білемін. Олар қай жерде болса да, Мысырда болсын, Израилде болсын, Америкада болсын, Сауд Арабиясында болсын, бәрі-бір – бидғатшылар. Олардың барлығы өздерінің шейхі Ильяспен байланысты…» Қараңыз: «Шейх ‘Абдураззақ Афифидің пәтуалары мен мақалалары» 1/174Әл-Ләджнәту-ддаимәға (Сауд Арабиясының Пәтуалар жөніндегі Тұрақты Комитеті) таблиғтер мен олардың іс-әрекеттері туралы былай деп сұрақ қойылды: «Олар мешітте екі реет, немесе одан да көбірек жиналып, Құранның соңғы он сүресін оқиды, үнемі бейсенбі сайын и’тикәф жасайды, дағуат жасау үшін арнайы мезгілдер: әр ай сайын үш күн, әр жыл сайын қырық күн және өмірінде төрт ай бекітіп алған. Сонымен қатар, олар бірігіп дұға жасайды. Осы джәмә’атпен бірге шығып, олармен біріксем болады ма?»Шейх Ибн Баз, ‘Абдул-‘Азиз Әли Шейх, Салих әл-Фәузан және Бәкр Әбу Зайд былай деп жауап берді: «Сен келтірген осы джәмә’аттың іс-әрекеттерінің барлығы – бидғат! Құран мен Сүннеттің манһәджына оралып, бидғаттарын тастамайынша олармен бірігуге рұқсат етілмейді!» Қараңыз: «Фәтуә әл-лләджнә» № 17776.Шейх Салих аль-Фәузан, Аллаһ оған есендік берсін, былай деді: «Таблиғтармен бірге шығу – Аллаһтың жолына шығу емес. Аллаһтың жолына шығу – бұл әскери жорық (ғазуә). Ал олардың шығуы - бидғат және ізгі алдыңғы ұрпақтарымыздан бізге ондай әрекеттер жетпеген. Адамның Аллаһтың жолына шығуы белгілі бір күндерге байланып қойылмауы керек. Ол мүмкіндігіне қарай, әрі арнайы джәмә’атқа тіркелмей-ақ Аллаһқа шақырады. Дәл 40 күн де емес, аз да емес, көп те емес. Аллаһқа надан күйіңмен шақыруға болмайды». Қараңыз: «Сәләсу мухазарат фил-‘илми уәд-да’уәти лиш-шәйх әл-Фәузан».Шейх ‘Абдуллаһ ибн Ғудайән былай деді: «Таблиғ джәмә’атына ермеңдер, Аллаһтың Кітабы және Оның Пайғамбарының, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, Сүннетіне еріңдер!» Қараңыз: «Фәтәуә әл-‘уләмә фил-джәмә’ат»Шейх Муқбиль, шейх ‘Абдуль-Қадир әл-Арнәут, шейх ‘Абдул-‘Азиз әр-Раджиһи, шейх Салих әл-Люхайдан, шейх ‘Абдул-Мухсин әл-‘Аббәд сияқты ғалымдар дәл осындай сөздерді айтқан. Қараңыз: «әл-Фәтәуә әл-мухимма фи табсырил-умма».
Соңында әлемдердің Раббысы - Аллаһқа мақтаулар айтамын!
Категория: Фатуалар | Добавил: admin (18.09.2011) W
Просмотров: 1170 | Теги: таблиғ жамағаты, бидғат | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]