Қош келдіңіз Гость • Тіркелу • Кіру • RSS
Бейсенбі, 18.10.2018, 14:23
Главная » Статьи » Қазақ тілінде » Мақалалар

Бүліктердің салдары мен әсерлері
Шейх Абдур-Раззақ ибн Абдуль-Мухсин әл-Бадрдың «Бүліктердің салдары» кітабын жариялауды жалғастырамыз
Бүліктердің бірінші салдары: Адамдардың ғибадатты тастауы Бүлік кезінде адамдар ғибадат жасауды, яғни өздері сол үшін жаратылған нәрсені тастайды.  (Аллаһқа) деген мойынсұнушылық тоқырайды, жүректер тәртіпсіздікке келіп шатасады, оларды бүліктен туындаған үрей мен қобалжу билейді. Олар тыныштық пен жайбарақаттылық таба алмағандықтың салдарынан Аллаһты лайықты түрде зікір ете алмайды. Сондықтан да бүліктер кезінде орындалатын ғибадаттар үшін, тыныштық кезіндегі жасалатын ғибадаттарға қарағанда, көбірек сауап беріледі. Мұны Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мына сөздері дәлелдейді: «Аллаһқа тынышсыз уақытта ғибадат ету (сауабы бойынша) маған қарай қоныс аудару (хижра жасау) сияқты». Муслим 2948. Яғни кім бүліктер қызатын және адам өлтірулер жиіленетін кезде осыған кіріспей, өзін ғибадатқа арнаса, оның (Аллаһтан) алатын сыйы Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көшіп баратын адамның сыйы сияқты болады. Бұл хадисте бүлік кезінде ғибадаттан қолы босамайтын адам жетістікке жететініне және бүліктің жамандығынан құтқарылатындығына нұсқау бар. Мұның барлығы бүліктен аулақ болу және ғибадаттың әр түрлерімен айналысу қажет екендігін, әрі сол кезде адам тыныштыққа қол жеткізіп, жайбарақаттылықта және есендікте болатынын растайды. Өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, сендердің араларыңдағы ең бақытты (адам) – бүліктерден алшақ болғаны», – деп айтып, осы сөздерін үш рет қайталады ғой. Абу Дауд 4263. Хадис сахих. Қз. «әс-Сильсиля әс-сахиха» 975. Яғни бақыт пен есендік бүліктен алшақтауда, сондай-ақ Аллаһ заңдастырған түрлі ғибадаттар арқылы Ол разы болатын және Оған жақындауға себеп болатын істерді жасауда. Бұл Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелі – Умм Салямадан жеткен мына хадиспен расталады: «Бірде түнде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ұйқысынан оянып: «Аллаһ Пәк! Бүгінгі түні нендей апаттар жіберілді[1] және нендей қазыналар ашылды![2] Бөлмелердің иелерін[3] намазға оятыңдар, өйткені бұл дүниеде киінген (әйел) Ақыретте жалаңаш болып қалуы мүмкін![4]» - деп дауыстап айтты. әл-Бухари 115, 1126, 3599. «Бөлмелердің иелерін намазға оятыңдар, өйткені бұл дүниеде киінген (әйел) Ақыретте жалаңаш болып қалуы мүмкін!» деген сөздерде бүліктер басталған кезде, намазға, Аллаһ Тағалаға құлшылық жасауға жүгіну керек және барынша Оған жақындауға тырысу қажет дегенге пайғамбарлық нұсқау бар. Бұған оның мына сөздері де нұсқап тұр: «Қараңғы түннің бөліктеріндей болып келетін бүліктер келіп жетпейінше игі істер жасауға асығыңдар». Муслим 118. Бұл – бүліктер кезінде игі істер жасауға деген ынталандыру, өйткені бүліктер лап берген кезде, адамдар, Аллаһ тағала көмек пен қолдау бергендерден басқалары, ғибадат істерінен көңілі бөлінеді. Сахабалардың ізбасарларының (таби’ун) кезінде бүлік орын алған кезде, бүліктен алыстағандардың қатарында болған Хасан әл-Басри былай деп айтқан екен: "Уа, адамдар! Аллаһпен ант етемін, Аллаһ Хажжәжға сендердің үстілеріңнен билікті тек жаза ретінде берді, сондықтан да Аллаһтың жазасын қылышпен қарсы алмаңдар! Алайда (Аллаһқа) мойынсұнушылық танытыңдар да, дұға етіп жалбарыныңдар”. Ибн ‘Асакир «Тарих әд-Димашқ» 12/178. Өйткені Аллаһ Тағала: «Біз оларды азапқа тарттық, бірақ олар Раббыларының алдында мойынсұнушылыққа келмеді және Оның алдында жалбарынбады» (әл-Муминун 23: 76), – деп айтты ғой. Яғни мұндай жағдайда адам бойұсынушылық танытуы және Аллаһ Тағаладан құтқаруын тілеуі керек.   Ол өзін, өзінің жағдайын түзетуі және өз үйін тәртіпке келтіруі қажет. Өзінің Раббысына Ол разы болатындай етіп мойынсұнуы қажет. Абу Хурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) осындай мағынадағы мына сөздер жеткізіледі: "Олардан суға батып бара жатқан адамның жалбарынуындай жалбарынудан өзге ешнәрсе құтқара алмайтын бүліктердің уақыты келіп жетеді”.[5] Ибн Абу Шайба 7/531. Суға шөгіп бара жатқан адам қаншалықты ықыласты және ынталы түрде жалбарынатыны біздің барлығымызға белгілі. Сондықтан да: «Суға батып бара жатқан адамның жалбарынуындай жалбарынудан өзге ешнәрсе одан құтқара алмайтын», – деп айтылды. Адам шын ықыласты түрде Аллаһ Тағалаға құтқаруын, қорғауын және сақтауын тілеп жалбарынуы қажет.   Екінші салдары: Адамдардың ғалымдардан және білімнен алшақтауы Бүліктердің салдары мен әсеріне олардың адамдарды білім алу мәжілістерінен алыстатуы, шариғаттың заң-ережелерін үйренуден, жалпы дінді танудан алшақтатуы да жатады. Адамдар ғалымдарға жүгінуді және олардың мәжілістеріне баруды тоқтатады, өйткені жүректерін уайым қамтып алады да, оларда бүліктің оты жанып тұрады. Ал мұндай қалыптағы адам өзін білім алуға бағыштай алмайды, ғалымдармен олардың мәжілістерінде бірге бола алмайды, және (соның нәтижесінде) ол білімнен және оның иелерінен алыста қалып қояды. Бұдан да жаманы – бүлік адамдардың ғалымдарға елемеушілілік танытып, олардың маңызы мен абырой-мәртебесін кемсітіп, оларды балағаттай және қаралай бастауына әкелетіні. Убада ибн Самиттен (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Біздің үлкендерімізді құрметтемейтін, кішілерімізге мейрімділік танытпайтын және ғалымдарымызға тиістісін бермейтін – бізден емес!» Ахмад 5/323, әл-Хаким 1/139. Хадис хасан. Қз. «Сахих әл-джами’» 5443. Бүлік кезінде көптеген адамдардың ғалымдарға ашық түрде құрметсіздік танытуға, оларды қорлауға, мазақтауға, ең жексұрын нәрселерде айыптауға батылдары барады.  Әрі осының барлығы бүліктің салдары болып табылады, Аллаһ бізді бұдан сақтасын! Тарих осындай оқиғаларға толы, әрі олардың бірі – көптеген Құранды жатқа оқушылар мен білімді адамдар және көптеген қарапайым адамдар тартылған ‘Абдур-Рахман ибн әл-Аш‘ас[6] араңдатқан бүлік. Міне осы бүлік басталған кезде, адамдар Исламның ең ұлы имамы әрі фақихтарының бірі болған әл-Хасан әл-Басриге (оны Аллаһ рақым етсін) келіп: «Сен харам болған қанды төгіп, харам болған мал-мүлікті иемденіп жатқан, намазды тастаған және тағысын-тағы істерді жасап жатқан бұл залым патша (Хажжаж) туралы не айтасын?» – деп сұрақ қойды. Ол: "Мен сендер онымен соғысуларың керек емес деп есептеймін Егер бұл (Хажжаждың залымдықпен патшалық құруы) – Аллаһтан келген жаза болса, онда сендер Аллаһтан келген жазаны өз қылыштарыңмен тойтара алмайсыңдар. Ал егер бұл – сынақ болса, онда Аллаһтың ол туралы  үкімі орындалғанша сабыр етіңдер, өйткені Ол – үкім шығарушылардың ең жақсысы”, - деді. Сол кезде олар: «Осы «‘ильджаны»[7] тыңдаймыз ба?» – деп оның алдынан шығып кетті.  әд-Дуляби «әл-Куна уәл-асма» 3/1035, Ибн ‘Асакир «Тарих әд-Димашқ» 12/178. Олардың бойында бүлік лаулап кетті, әрі олар өздерінің өршеленген эмоцияларына  салынып, ғалым адамнан өз құмарлықтары мен қалауларына сәйкес келмейтін және өз бейімдіктеріне қайшы келетін сөздерді естігенде, оны балағаттай бастады. Бүлікке деген сүйіспеншілік бойына әбден сіңіп кеткен адамдардың ғалымдарды балағаттауының ежелден бастап біздің кезімізге дейін шекарасы жоқ. Оларды «жарамсақ-жағымпаз» деп атайды, әмірлердің алдында жалбақтауда айыптайды,  «тыңшылар» (агенттер) деген ат тағып, басқа да түрлі жексұрын қылықтарда айыптайды. Яғни бүлік бұл адамдарда ғалымдарға деген құрметсіздік туындатады, әрі олар білім иелерінің абыройын түсіреді, оларды елемей, балағаттай және сөге бастайды, және бұл – адаммен бүлік кезінде орын алуы мүмкін болған ең қауіпті  нәрсе, Аллаһ бізді бұдан сақтасын! Және Хасан әл-Басридің кеңесіне құлақ салмай, ол туралы осылай айтқан адамдар ‘Абдур-Рахман ибн әл-Аш‘аспен бірге әл-Хажжажға қарсы көтерілгендері де, барлығы өлтірілді.[8] Олар ешқандай жақсылық алып келмеді және ғалымдардың кеңестерінен ғибрат пен пайда алмады.  Өйткені ғалымдар олар үшін ешкім болмай қалды және олардың сөздері де олар үшін ешқандай маңызға ие болмады.[9]   Үшінші салдары: Парықсыздардың жетекшілерге айналуы Бүліктердің тағы да бір салдары болып парықсыздардың (ақымақтардың) басшылыққа қол жеткізуі болып табылады. Аллаһтың діні туралы білімі де, түсінігі де жоқ адамдар алға шығады да, құрметті орындарды иемдене бастайды. Әрі олар осындай орындарды өздерінің білімдерінің себебінен де, Аллаһтың дінін жақсы түсінуінің себебінен де, сабырлық, ұстамдылық (байсалдылық), парасаттылық сияқты сипаттарының болуы себебінен де емес, тек өздерінің эмоцияларының себебімен ғана иемденеді!  Олар басшылыққа тұрады да, содан соң соқыр түрде, жорамалдап шешімдер мен үкімдер шығарып, пәтуалар жариялайды. Әрі осы олар өз білімдерімен, парасаттылығымен, дұрыс ойлаушылығымен танылмаған бола тұра іске асады. Сондықтан шейхуль-Ислам Ибн Таймия (оны Аллаһ рақым етсін) былай деп айтатын: "Бүлік басталған кезде ақылдылар ақымақтарды тоқтатуға әлсіз болады». Қз.: «Минхадж әс-Сунна» 4/187. Бүліктер мен сынақтардың кесірі тек залым мойынсұнбаушыларға ғана емес, жазықсыз адамдарға да тиеді, бұл туралы Аллаһ Тағала былай деп айтқанындай: «Және сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тиіп қалмайтын фитнадан (бүліктен) сақтаныңдар». (әл-Әнфәл 8: 25). Бүлік басталған кезде, оның күйесі Аллаһ құтқарғандардан өзге әрбір адамға тиіп кетеді. Және біз Аллаһ Тағаладан бізді бүліктің лас күйесінен құтқаруын сұраймыз!   Төртінші салдары: Амалдар сәтсіздікпен аяқталады және олардың салдары да  жаман болады Бүліктердің салдарына бүлікке басын сұққан адамның одан пайда алмайтыны және өзгелерге де пайда келтірмейтіні, оның ақыры міндетті түрде қайғылы болатыны және күткен нәрселерінің орындалмайтыны да жатады. Шейхуль-Ислам Ибн Таймия (оны Аллаһ рақым етсін) өзінің «Минхадж әс-Сунна» атты кітабында ерте заманда орын алған бүліктерді зерттеп, өте пайдалы қорытынды жасаған. Ол былай деп айтқан: "Билікке ие болған әмірге қарсы шыққан (адам) өз әрекеттерімен пайдаға қарағанда көбірек зиян келтірген жағдайдайлар аз болмады». Кейін ол осындай бүліктердің мысалын келтіріп, бүліктердің салдары мен жемістері туралы былай деп қорытынды шығарды: "Олар дінді де орнатпады және дүниелік нәрсені де сақтап қалмады”. Қз.: «Минхадж әс-Сунна» 4/527-528. Бұған мысал – біз ертеректе олар туралы баяндаған адамдар.  Яғни имам Ахмадтың насихаттарына құлақ салмағандар және әл-Хасан әл-Басридің кеңесін алмаған басқа топ. Олардың барлығының соңы бір болды: «Олар дінді де орнатпады және дүниелік нәрсені де сақтап қалмады». Олардың бір бөлігін өлтірді, басқаларын түрмелерге жапты, кейбіреулері қашқындарға айналды. Яғни, бір сөзбен айтқанда, олардың барлығының соңы қайғылы болды. Басқа бір мысалды имам әз-Захаби өзінің «Сияр а‘лям ән-нубаля» деген еңбегінде Андалусияның әмірі болған әл-Хакам ибн Хишам әд-Дахыль әл-Амауидің өмірбаянында келтіреді. Ол оның мемлекетінің қаншалықты гүлденгенін, қандай қуатты болғанын және оның римдіктердің үстінен қандай жеңістерге жеткенін ұзақ баяндайды. Содан соң әз-Захаби былай дейді: "Андалусияда әл-Хакамның мемлекетінде ғалымдардың санының өскені соншалықты – «Куртубада (Кордова) ғалымдардың және білім ізденушілердің қатарынан болған төрт мың білім иелері бар» деп айтылатын. Алайда олардың опат болуының уақыты жеткенде, Аллаһтың қалауымен оларға әл-Хакамның әділетсіздігіне сабыр ету қиын болды және олар оны тақтан құлату туралы сөз байласты. Кейін олар онымен шайқасу үшін әскер жинады да, Андалусияда Ислам үшін және оның жақтаушылары үшін жамандыққа айналған ұлы бүлік лап ете түсті». Қз.: «әс-Сияр» 8/253-260. Кейін әз-Захаби бұл бүліктің соңы не болғанын ескертіп, қаза болғандардың саны бес мың адамға жеткенін, ал аман қалғандар не түрмелерге отырғызылғанын, не қашып кеткенін баяндады. Бұл оқиға осындай көтерілістермен және бүліктермен дінге пайда келтіру мүмкін еместігін тағы да бір рет растайды.  Әрі біз алдында айтып кеткеніміздей, басқалардың қателіктерінен сабақ алған адам ақылды.[10] Бұл бүлікке қатысқандардың көпшілігі соңында оған басын сұққандары үшін  өкінді, әрі тарихта осындай оқиғалар аз емес. Шейхуль-Ислам Ибн Таймия (оны Аллаһ рақым етсін) былай деп айтатын: "Ақиқатында, Аиша сахабалардың арасында болған соғысқа қатыспады және соғысу үшін шықпады, алайда ол өзінің шығуында мұсылмандар үшін пайда бар деп есептеп, мұсылмандарды татуластыру ниетімен шықты. Бірақ кейін оған шықпағаны жақсырақ болатыны айқын болды. (Кейін) ол сол кезде шыққанын есіне алған сайын көп жылайтыны соншалықты – тіпті оның орамалы сулана түсетін.  Сол сияқты (бүлік кезінде) шайқасуға басын сұққан (кіріскен) алдыңғы өмір сүрген адамдардың көпшілігі де соңынан өкінген, мысалы, Тальха, әз-Зубайр және Али, олардың барлығына Аллаһ разы болсын”. Қз.: «Минхадж әс-Сунна» 4/316. Айюб әс-Сахтияни (оны Аллаһ рақым етсін) Ибн әл-Аш‘астың бүлігінде қатысқан қарилар (Құранды жатқа оқитындар) туралы былай деп айтқан: «Мен өлтірілгендердің қатарынан осындай халіне өкінбеген бір де бір адамды білмеймін және аман қалғандардың қатарынан оны сақтап қалған Аллаһқа мадақ айтпаған бір де бір адамды білмеймін». Халифа ибн Хаят «әт-Тарих» 76-бет. Осы тақырып бойынша пайдалы деректердің қатарына сондай-ақ Зубайд ибн әл-Харис әл-Ямияның оқиғасы да жатады. Ол Исламның ұлы ғалымы және алты хадис жинағының риуатшыларының (жеткізушілерінің) бірі болып табылады.[11] Ол Ибн әл-Аш‘астың бүлігіне кіргендердің біреуі еді, бірақ аман қалды және адам өлтірулерге қатыспады. Мухаммад ибн Тәлха былай деп баяндайтын: "Бірде Зубайд менің әл-‘Аля ибн ‘Абдуль-Каримнің жанында күліп тұрғанымды көріп, былай деп айтқан еді: "Егер сен бас сүйектерді көргеніңде[12], күлмес едің! Және ақиқатында мен оң қолымның шынтағымнан төмен шауып тасталуын қалар едім, тек осыған қатыспасам болды!” Халифа ибн Хаят «әт-Тарих» 76-бет. Содан соң басқа бір бүлік басталды және Зубайд оған қатысу үшін шықырылды. Бүліктің салдарын көрген және осыдан сабақ алған Зубайдтың тамаша жауабына назар аудар: Зубайдты жиі зиярат ететін және Алидің отбасы мүшелерінің (ахль әл-байт) өлтірілулері туралы оған айтып беретін Ибн әл-Му‘тамир оны Зайд ибн Алимен бірге шығуға шақырды, бұған Зубайд: "Мен Пайғамбармен ғана шығамын, ал мен оны таппай тұрмын», – деп жауап қайырды. Я‘қуб ибн Суфьян «әт-Тарих» 3/107, Ибн ‘Асакир «Тарих әд-Димашқ» 19/473. Бұл – бүліктің салдарын өз көзімен көрген және өз басынан өткізген адамның жауабы! Бесінші салдары: Бүлікке қатысқан адам абыройын жоғалтады Бүліктің кері салдарының бірі сондай-ақ егер оған білім иелерінен болған бір адам кірсе, оның абыройы мен құрметінің жоғалатыны болып табылады. Бірақ кім бүліктен құтылса, соның беделі артады және адамдар оның білімінен пайда алады. Ал бұл ғалымның аман қалуы игіліктің ары қарай жалғасатындығын білдіреді, әрі бұл тек Аллаһ Тағаланың қолдауымен ғана іске асады. Сондықтан да Абдуллаһ ибн Аун былай деп айтатын: "Муслим ибн Ясар, әл-Хасан әл-Басриге қарағанда, адамдардың арасында үлкен құрметке және абыройға ие еді. Алайда бүлік басталған кезде, Муслим оған қарай асығыс ұмтылды, ал әл-Хасан кідіріп, оған қатыспады. Сонда Муслимнің адамдардың көзінше беделі түсті, ал әл-Хасанның беделі артты”. Ибн Абу Шайба 11/128, Ибн Са‘д «әт-Табақат» 7/165, Ибн ‘Асакир «әт-Тарих» 58/146. ‘Абдуллаһ ибн ‘Аун ол туралы осылай деп айтқан Муслим ибн Ясар Ибн әл-Аш‘астың бүлігіне кірді, бірақ осы бүлік өтіп кеткеннен кейін, ол Аллаһты мадақтайтын. Оның Абу Қилябаның жанында болып былай деп айтқан сөздері жеткізіледі: "Уа, Абу Қиляба! Мен осы бүлікте бірде-бір оқ атпағаным үшін, ешкімді найзамен жарақаттамағаным үшін және қылышпен соқпағаным үшін сенің алдыңда тұрып Аллаһты мадақтаймын!” Яғни ол осыған қатысқанын және олардың қатарларында болғанын, алайда ешкімге садақпен атпағанын және ешкімді қылышпен ұрмағанын меңзеп тұр. Абу Қиляба оның осы сөздеріне былай деп жауап берді: "Уа, Абу ‘Абдуллаһ! Ал сені олардың арасында көргендермен не істемекпіз? Сен адамдардың арасында мойындалған ғалым және олардың арасында беделді орынға ие емессің бе? Ал ендеше сені екі қатардың арасында көріп: «Мынау Муслим ибн Ясар ғой! Аллаһпен ант етемін, ол бұл жақты ол ақиқат болғандықтан алды!» – деп айтқандармен не істемекпіз! Сенің екі жақтың біреуінің арасында болуың және оларды қолдауың бүлікті одан сайын өршіткен нәрсе болып табылады!” Осы сөздерден соң Муслим ибн Ясар жылап жіберді, ал оны сүреттеген Абу Қиляба былай деп айтқан: "Ол менің: «Оған ешнәрсе айтпағаным абзалырақ болар еді», – деп қалауымды білдіргеніме дейін жылай берді және жылай берді!»” Ибн Са‘д «әт-Табакат» 7/187, Халифа «әт-Тарих» 52, Ибн Асакир «әт-Тарих» 58/146. Міне, Муслим ибн Ясарға оның бүлікте енжарлықпен қатысқаны неге әкеп соққанын ескерткен Абу Қилябаның сөздері осылайша әсер етті, ал ендеше бүлікте нағыз белсенділікпен қатысып, мұсылмандарды өлтіріп жатқан адамдар туралы не айтуға болады?   Алтыншы салдары: Ақиқат өтірікпен араласып кетеді де, оларды ажырату мүмкін болмай қалады[13] Бүліктің тағы бір салдары – оның кезінде көпшілік ақиқатты өтіріктен ажырата алмайтыны. Адам өлтіріледі, ал ол өзінің не үшін өлтірілгенін де білмейді. Тура сол сияқты адам өлтірген де не үшін біреуді өлтіргенін білмейді. Ақиқатында, бұл – адамдардың еліруіне әкеп соғатын, жүректер өзгеретін, қауіп-қатерлерлер ауыр салдарға ие болатын, адамдарды жан-жақтан жауыздық қоршайтын және істерде түсініксіздік пайда болатын лаулаған бүлік. Абу Муса әл-Аш‘ари былай деп айтқан: "Ақиқатында, бүлік басталған кезде, ол күңгірт болады және тек ол біткенннен соң ғана оның мәні ашыла бастайды”. әт-Табари «әт-Тарих» 3/26. Яғни адамдардың басына бүлік келіп жеткен кезде, олар оны көрмейді және ол олар үшін күңгірт (бұлынғыр) болады, ал ол кеткен соң адамдарға оның бүлік болғаны айқын болады және олар оның мәнін ұғынады.[14] Мутарриф ибн ‘Абдуллаһ ибн әш-Шиххир былай деп айтқан: "Ақиқатында, бүлік адамдарды тура жолға шығару үшін емес, мүмінге дін істерінде зиян тигізу үшін басталады”. Ибн Са‘д «әт-Табақат» 7/142, Абу Ну‘айм «әл-Хилья» 2/204. Бүліктен одан алдын ала ескертетін және оны тануға болатын сипаттарын түсіндіретін кезде де құтылу мүмкін емес, бұған мысал Дажжалдың бүлігі және азғыруы. Ақиқатында, бұл – ең үлкен азғыру және ең ұлы бүлік, әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмметіне ол туралы алдын ала ескертіп айтып кеткен еді. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ең айқын түрде оны тануға болатын және олар арқылы Дажжалды әшкерелеуге болатын сипаттарды түсіндіріп берді, бірақ осыған қарамастан, оның ізінен өте көп адамдар ілесіп кетеді. Әрі Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) насихаты – бүліктен алшақтау. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Дажжал туралы естіген әрбір (адам) одан алшақтасын, өйткені, Аллаһпен ант етемін, адам өзін мүмін деп есептеп оған келеді де, кейін ол таратып жүрген күмәндардың себебінен оған ілесіп кетеді». Ахмад 19968, Абу Дауд 4319, әл-Хаким 4/576. Хадис сахих. Қз.: «Сахих әл-джами’» 6301. Сондай-ақ қандай да бір іске, егер ол түсініксіз және күмәнді болса, кірісуге тыйым салынады, әсіресе бұл адамдардың өміріне қатысты болса. Муслимның «Сахих» жинағында Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны келтіріледі: «Кім бұлыңғыр (соқыр) тудың астында шайқасқан және тайпасы үшін ыза танытқан, немесе ұлтшылдыққа шақырған, немесе  тек тайпасына деген махаббатының себебінен көмектескен кезінде өлтірілген болса, сол жахилиет (Исламға дейінгі надандық) өлімімен өлген болады».[15] Муслим 1848. Сондай-ақ осы тақырып бойынша данқты сахаба Са‘д ибн Абу Уакқастың (оған Аллаһ разы болсын) оқиғасын келтіріп,  Али ибн Абу Талиб пен Му‘ауияның (оларға Аллаһ разы болсын) арасында орын алған бүлік кезіндегі іс-әрекеттері туралы баяндау орынды болады. Абдур-Раззақ жеткізушілердің сенімді тізбегімен Мухаммад ибн Сириннен мына оқиғаны жеткізеді. Бірде Са’дқа: "Сен не үшін шайқаспайсың? Өйткені сен Кеңесте қатысқандардан (ахль аш-шура) едің ғой, сондықтан да сен басқалардан гөрі көбірек соғысуға міндеттісің!” – деп айтылды. Ол: "Сендер маған кәпірді мүміннен ажырата алатын, екі көзі, тілі және еріндері бар қылыш ұстатпағандарыңа дейін мен соғыспаймын. Мен Аллаһтың жолында шайқасқанмын, әрі мен джихадтың не екенін білемін». Абдур-Раззақ 20736, Абу Ну‘айм «Ма‘рифа әс-сахаба» 1/135. "Сендер маған кәпірді мүміннен ажырата алатын, екі көзі, тілі және еріндері бар қылыш ұстатпағандарыңа дейін мен соғыспаймын» деген сөздердің мағынасы: маған мүмінді кәпірден ажарата алатын және мен онымен мұсылманды ұрғанда, ол шетке ыршып кететін, ал мен онымен кәпірді ұрғанда, оны өлтіретін қылыш беріңдер. Ал "Мен Аллаһтың жолында шайқасқанмын, әрі мен джихадтың не екенін білемін», - деген сөздер «мен Аллаһтың жолында шайқасқанмын, әрі джихадтың дәл қандай болатынын білемін. Ал мұсылмандар бірін-бірі өлтіріп жатқан және олардың бастары ұшып жатқан шайқасқа мен кірмеймін, тек егер сендер маған мен суреттеген қылышты бермесеңдер ғана» дегенді білдіреді. Кейін Са’д керемет мысал келтіріп, былай деді: "Сіз бен бізді айқын жолмен жүріп бара жатып, өршеленген қатты дауылға тап болған және соның себебінен олар жолды көру мүмкіндігін жоғалтып жолдан тайған адамдармен салыстыруға болады. Сонда олардың кейбіреулері: «Жол оң жақта!» деді. Олар айтқан жағына қарай жүріп, адасты және жолдан ауытқып кетті.  Басқалары: «Жол сол жақта!» – деп айтты да, сол жаққа бет алып, кейіннен адасып, жолдан тайды. Ал қалғандары: «Дауыл өршеле бастаған кезде біз тура жолда болатынбыз, сондықтан да біз тоқтап, осы жерде күтеміз», – деді. Таң ертең дауыл тынышталды, ал жол тағы да анық күйге келді. Соңғы (орнында қалған) топ, міне солар – «Біз Аллаһтың Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кездестірмегенімізше оның бізге қалдырып кеткенін ұстануымыз қажет, әрі біз бүлікпен байланысты қандай да бір нәрселерге кіріспейміз!» – деп айтатын «әл-джама‘а»”. Ибн әл-А’раби «әл-Му’джам» 713, әл-Хатаби «әл-‘Узля» 72, Ибн Асакир «Тарих ад-Димашқ» 39/496. Са’д ибн Абу Уакқас, Абдуллаһ ибн Умар және сахабалардан құралған топ Му’ауия мен ‘Алидің арасында орын алғанға қатысты «қылыш – мәселені шешуші» деп есептемеген. Олар мәселенің шешімі деп татуласуды, істердегі парасаттылықты т.с.с. есептеген.[16] ‘Алидің бұл мәселеде өз ижтихады болды,  Му’ауияның да бұл мәселеде өз ижтихады болды. Ал кім бар күш-жігерін ақиқатты және дұрыс шешімді іздеу үшін жұмсаған болса, сол өзінің тырысуы мен дұрыс шешімі үшін сауапқа ие болады. Ал егер де ол қателессе, оның қатесі кешіріледі де, шешім қабылдаудағы күш-жігер жұмсағаны үшін сауап жазылады.   Бұл туралы Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Егер сот (шешім шығарушы) ыждағаттылық (ижтихад) көрсетіп  шешім шығарса әрі оның шешімі дұрыс болса, оған екі сауап тиісті болады, ал егер ол ыждағаттылық танытып шешім шығарса және қателессе, онда оған бір сауап тиісті болады». әл-Бухари 7352, Муслим 1716. Жетінші салдары: Жастардың азуы (бұзылуы) Бүліктің салдарының тағы бірі – оның жастардың оған тартылуына, олардың бұзылуына және адасуына себеп болуы. Ол жастарды салдары қатерлі және соңы қайғылы жолмен жүргізеді. Осы себепті жастар игі болып көрінетін шақыруларға, дүрліктіретін ұрандарға және көркемделген үндеулерге алданбауға міндетті. Керісінше, егер біреулер бір нәрселерге шақырып жатса, осы мәселе бойынша беделді ғалымдарға жүгіну керек. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Игілік сендердің үлкендеріңмен бірге».[17] Ибн Хиббан 559, әт-Табарани «әл-Аусат» 8991, әл-Хаким 1/131. Хадис сахих. Қз.: «әс-Сильсиля әс-сахиха» 1778. Осы себепті (біреулер) қандай да бір іске және жолға шықырып жатса, үлкендерге – мығым білімге ие, пәтуа шығаруында және қандай да бір мәселені түсіндіріп беруде сақтығымен және абай болуымен танылған, насихат беруде парасаттылығымен және даналығымен елге белгілі ірі ғалымдарға қайту керек. Бірақ бүліктердің кезінде (бүлікшілер) жастарды арбап опат етуші істерге тастайды, ал олар содан соң одан шығатын жол таба алмайды. Жастарды, яғни болашақта бүлікті тұтандырушыларды тарту, болмашы және әдетті болып көрінетін істерден басталады, мысалы, бір топ адамдар жинайды да, Аллаһқа, Оның періштелеріне иман келтіруде, намаз оқуда, зекет беруде т.с.с. нәрселерде бірігетіні туралы өзара келіседі.  Бірақ осыған олар кейіннен жас адамға белгілі міндеттемелерді жүктейтін тағы да басқа кейбір шарттарды қосады.  Сөйтіп ол партиядан (хизб) немесе сектадан бір-ақ шығады немесе біреулерге ант берген болып шығады және т.с.с. Ол кейіннен ойланып, кеткісі келуі де мүмкін, бірақ енді мұны істеу қиынға соғады, өйткені бұл жолда көп уақыт өткізген және опат етуші істерге белшесінен батқан болады. Осындай нәрселер ежелден бері жалғасып келуде. Мысалы, атақты таби‘ий – Мутарриф ибн ‘Абдуллаһ әш-Шиххир (оған Аллаһ разы болсын) өзінің жас кезінде орын алған оқиғаны баяндап береді. Ол былай деп баяндайтын: "Біз жиі-жиі Зайд ибн Суханға келіп тұратынбыз әрі ол: «Уа, Аллаһтың құлдары! Кең пейілді болыңдар және ең жақсы түрде амал жасаңдар! Ақиқатында, пенделердің Аллаһқа апарар жолы екі нәрседе: тақуалықта және ыждағаттылықта!» – деп айтатын. Ол уағызшы болатын, адамдарға насихат пен ескерту жасайтын, оларға Аллаһтан қорқуды сіңдіретін және оларды Аллаһқа мойынсұнуға және құлшылық жасауға жігерлендіріп ынталандыратын.  Бірде мен оның жанына келгенімде, адамдардың қолдарында шамамен «Раббымыз – Аллаһ, Пайғамбарымыз – Мухаммад, ал Құран – жетекшіміз! Және біз бізді қолдайтынмен бірге боламыз, ал кім бізге қарсы болса, оның төбесінде біздің қолымыз тұрады!» – деген мәтіні бар жазуларды көрдім». Сөйтіп, олар сырт көзбен қарағанда адамдардың басым бөлігі үшін ешқандай қиындық туғызбайтын нәрсе жазған еді. Мутарриф былай деп жалғастырды: "Кейін Зайд (қатысып отырғандардың) әрбіріне осы жазуды алып келіп, одан: «Уа, пәленше, сен осымен келісесің бе?» – деп сұрай бастады. Ал (олардың) әрбірі: «Иә, келісемін!» – деп жауап берді. Ол маған келгенше және: «Уа, бала, сен осымен келісесің бе?» – деп сұрағанша осылай жалғасты. Мен: «Жоқ, мен келіспеймін», – деп жауап бердім. Сонда ол: «Бұл баламен асықпаңдар! Ал сен не деп айтасың?» – деді. Мен: «Аллаһ менен Өзінің Кітабында келісім-шарт алды, әрі мен Аллаһ Өзінің Кітабында менен алған келісім-шарттан өзге ешқандай келісім-шарт жасаспаймын. Осыдан кейін олардың барлығы түгелімен өз шешімдерінен бас тартты және қатысып отырғандардан ешкім, ал олар отыз адамдай болатын, ол жазған нәрсені бекітпеді». Абу Ну’айм "әл-Хилья” 2/204, Ибн ‘Асакир "Тарих әд-Димашқ” 58/313. Қорытынды: Бүлік көптеген жастарды түрлі ұйымдар мен партияларға алдап тартады және оларды салдары кесірлі болған әртүрлі анттармен және сол сияқты нәрселермен міндеттейді.   Сегізінші салдары: Діни бауырластық қатынастардың әлсіреуі Бүліктердің опат ететін салдарына сондай-ақ қоғамның бөлінуі, бауырластықтың және діни байланыстың әлсіреуі, адамдардың арасында ашу-ызаның, өшпенділіктің және қастасудың таралуы да жатады. Хузайфа былай деп баяндаған: «Әдетте адамдар Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жақсылық (игілік) туралы сұрақтар қоятын еді, ал мен жамандық туралы сұрайтынмын, өйткені ол (жамандық) менің басыма түседі деп қауіптенетінмін. (Бірде) мен: «Уа, Аллаһтың елшісі! Надандық кезінде біз ең нашар хәлде едік; кейін Аллаһ бізді осы игілікке жеткізді, ал осы игіліктен кейін жамандық қайта оралып келеді ме?» – деп сұрадым.  Ол: «Иә», - деп жауап берді.  Мен: «Ал сол жамандықтан кейін игілік қайта оралып келеді ме?» – деп сұрадым. Ол: «Иә, бірақ оған жауыздық та араласады», – деп жауап берді. әл-Бухари 3606, Муслим 1847. Хадистің басқа бір риуаятында: «…бірақ адамдардың жүректері алдында болған жағдайына қайта келмейді», - деп айтылады. Ахмад 23282, Абу Дауд 4246. Хадис сахих. Қз.: "әс-Сильсиля әс-сахиха” 2739. Әрі осындай мағынадағы хадистер өте көп. Сөйтіп, бүліктер от алған кезде, жүректер ауытқиды және иманға негізделген бауырластық қатынастар жоғалады. Аллаһ Тағала былай деп айтқан: «Шын мәнінде мүміндер бауырлар ғой. Сондықтан бауырларыңның арасын жарастырыңдар. Және Аллаһтан қорқыңдар. Мүмкін рахым етілерсіңдер». (әл-Худжурат 49:10) Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Бауыр болыңдар, уа, Аллаһтың құлдары! Өйткені мұсылман мұсылманға бауыр, әрі сондықтан да мұсылмандардан ешкім өзгелерін жәбірлемеуі, оған жеккөрушілікпен қарамауы, оны көмексіз қалдырмауы керек, ал тақуалық мына жерде жасырулы!» - деп, қолымен үш рет көкірегіне нұсқады да, сосын: «Исламдағы өз бауырын жек көрген адамға бұл зиян ретінде жетіп асады», – деді.[18] Муслим 2564. Және осы тақырыпқа қатысты хадистер өте көп. Тоғызыншы салдары: Адам өлтіру мен қан төгу мәселелерін елемеу Бүліктің тағы бір қатерлі жемісіне мұсылмандардың қанының құны мен қол сұғылмаушылықтарының жоғалуы да жатады.   Адамдар бір-бірінің қанын төгуді рұқсат етеді де, адам өлтіруге батылдары барады. Абдуллаһ ибн Умардың (оған және оның әкесіне Аллаһ разы болсын) былай деп айтатыны жеткізіледі: "Бүлік кезінде адам өлтіру сендер үшін түкке тұрғысыз болады”. Ахмад 4871. Ол қантөгіске, өзгенің мал-мүлкін иемденуге және ар-намысына қастандық жасауға өте қатаң түрде тыйым салатын. Бірде бір адам оған: «Маған білім туралы баяндап берші…», – деп хат жазған болатын. Оған Ибн Умар (оған және оның әкесіне Аллаһ разы болсын) біз жаттап алуымызға және соларға сәйкес амал етуімізге тиісті болған мына сөздерді жазып жіберді: "Уа, менің бауырымның ұлы, ақиқатында, білім – ауқымды, бірақ сен Аллаһтың алдына мұсылмандардың қанымен былғанбай, олардың мал-мүлкін (иемденуге) қатыссыз, тіліңді олардың ар-намысына тиюінен сақтап, олардың жамағатына байланған күйде бара алсаң, онда осыларды істе!” Ибн ‘Асакир «Тарих әд-Димашқ» 31/170, әз-Захаби «әс-Сияр» 3/222. Ақиқатында, бұл – өзіне барлық білімді және барлық игілікті қамтыған ұлы өсиет![19]   Оныншы салдары: Қауіпсіздіктің жоғалуы Бүліктің тағы бір кесірлі салдары қалыптасқан тәртіптің және қауіпсіздіктің бұзылуы болып табылады. Өйткені қауіпсіздік – Аллаһ Тағаланың мүміндерге сый еткен ең ұлы нығметтерінің бірі, бұл туралы Құранда былай деп айтылғандай:  «Ол оларды аштықтан тамақтандырып, қауіп-қатерден аман қылған». (Қурайш 106: 4). Қауіпсіздік – ұлы нығмет! Өз өміріңнің, мал-мүлкіңнің, ар-намысыңның амандығы, адамды мазалайтын тағы да басқа нәрселеріңнің аман болғандығына тыныш және қауіпсіз болу, мұның барлығы Аллаһтың ең ұлы нығметтерінен болып табылады. Алайда іс тәртіпсіздікке шалдыққанда және бүліктер қызған кезде, қантөгіс басталып, мал-мүліктер жойылады, балалар жетім, ал әйелдер жесір қалады, әрі салдары мақтауға келмейтін басқа да қасіреттер орын алады.[20] Он бірінші салдары: Адасушылардың өз адасушылықтарын таратудағы белсенділігінің артуы Бүліктің салдарының тағы біреуі – оның адамдарға адасушылықтардың есіктерін ашып беруі, мейлі олар сенімдегі адасушылықтар болсын, мейлі мінез-құлық мәселелеріндегі болсын.  Әрі адасқан адамдар бүлікті пайдаланып, өз адасушылықтарын және бұзықылық таратуға кіріседі. Өйткені осы кезде  ақиқатты жақтаушылар өздерінің бар уақытын алып қойған және оларды (Аллаһқа) шақыру мен пайда келтіруден кері бұрған бүлікке оранып үлгереді.   Осындай жағдайды пайдаланып, жауыздық пен бұзақылықтың жақтаушылары қауіптенбестен өз адасушылықтарын белсенді түрде таратады, жауыздыққа, өздерінің жалған сенімдеріне және кесірлі ілімдеріне шақырады. Бүліктердің осындай салдары әрбір мұсылманды бүліктерге кіріп кетуден ең бекем түрде ұстауы қажет және оны одан сақтануға міндеттеуі қажет!   Он екінші салдары: Дұшпандардың үстем болуы Бүліктердің тағы бір салдарынан – олардың Ислам дұшпандарына мұсылмандарды басып алуына және оларға үстемдік етуіне мүмкіндік беруі. Ақиқаттың жақтаушылары келіспеушілікте жүрген кезде, олардың арасында адам өлтірулер, тынышсыздықтар, бүліктер таралады, ал дұшпандар мұны пайдаланып, мүміндердің үстінен билікті тартып алады да, кейіннен оларды барынша жәбірлей бастайды[21]. Аса Құдіретті Аллаһ Тағала былай деп айтқан: «Аллаһқа әрі Елшісіне бой ұсыныңдар және өзара жанжалдаспаңдар, әйтпесе рухтарың түсіп, қуаттарың кетеді». (әл-Әнфәл 8: 46). Мүміндерге ерекше сақтық таныту және бүліктер мен оны өршітетін нәрселердің барлығынан абай болу міндетті болып табылады. Олар Аллаһ Тағалаға ықыласты түрде жүгінулері керек және Одан ашық және жасырын бүліктерден құтқаруын жалбарынып сұраулары қажет. Олар Одан өздерінің жағдайын түзетуін және ақиқат пен тура жолда біріктіруін тілеулері қажет. Біз Ұлы Аршының Раббысы – Аллаһ Тағаладан Оның көркем Есімдері және ең жоғары сипаттары арқылы бізді ашық және жасырын бүліктерден құтқаруын әрі бізді Өзінің қоғауына алуын сұраймыз.  Өйткені Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты шынайы құдай жоқ, Ол Өзінің рахымымен және білімімен бар болмысты қамтиды! Ақиқатында, Ол – Естуші және дұғаларға жауап Беруші! Әрі Пайғамбарымыз Мухаммедке, оның отбасы мүшелеріне және барлық сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын! [1] Осы түні Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол қайтыс болғаннан кейін мұсылман үмметіне көптеген апаттар мен бүліктер келіп түседі деген уахи келгені айтылып тұр. [2] Әрі қарай бұл уахида мұсылмандарға өте үлкен қазыналар сый етілетіні хабарланды. [3] Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдері аталып тұр. [4] Әйел кісі салиқалы адамның жары болса да, бірақ өзі ешқандай салиқалы амалдар жасамаса, оның күйеуінің салиқалығы Ақыретте оған қорғау бола алмайтыны айтылып тұр. [5] Осы сияқты сөздер Хузайфадан да (оған Аллаһ разы болсын) жеткізіледі, мұны Ибн Абу Шайба 6/22 және әл-Хаким 1/687 келтіреді. [6] Сөз адамдарды әл-Хажжажға қарсы көтеріліп, оны тақтан құлатуға айдап салған ‘Абдур-Рахман ибн әл-Аш‘астың  қоздырған бүлігі туралы болып тұр. Адамдар әл-Хажжажға қарсы көтерілді және мұсылмандардың арасында өте қорқынышты қанды шайқас орын алды да, онда жүз мыңнан астам мұсылмандар қаза тапты! [7] «‘Ильдж» сөзінің мағыналары – дөрекі адам, кәпір, араб емес, жабайы есек. Қз. «Лисан әл-‘араб» 4/3065, «әл-Қамус әл-Мухит» 199. Ал олар Хасан әл-Басриге қатысты осы сөздерді қандай мағынада айтқандарын Аллаһ жақсырақ біледі. [8] Шейхуль-Ислам Ибн Таймия сол кезде көтерілгендер туралы былай деген болатын: "Олар өздерімен бірге болғандар сияқты жеңіліске ұшырады! Олар дінді де орнатпады және дүниелік нәрсені де түзетпеді. Аллаһ Тағала дінге немесе дүние тіршілігіне пайда келтірмейтін нәрсені істеуді әмір етпейді ғой, тіпті оны істеуші Аллаһқа жақын адамдардан, тақуалардан және Жәннат тұрғындарының қатарынан болса да! Олар Алиден, Айшадан, Тальхадан, әз-Зубайрдан және бүлік кезінде соғысқандары  үшін мақталмағандардың басқаларынан артық емес еді, әрі олар Аллаһтың алдында ұлы орынға ие  болуларына және кез келген басқа біреуден гөрі жақсырақ ниетте болғандықтарына қарамастан!” Қз.: "Минхаджу-Ссунна” 4/528. [9] Хасан әл-Басри: "Бүлік (фитна) орын алайын деп жатқанда, ол туралы тек ғалым біледі, ал ол бітіп жатқанда, ол туралы енді әрбір надан (жахиль) біледі”, - деп ақиқатты айтатын. Ибн Са’д "әт-Табақат” 7/166. Имам Ибн әл-Мубәрак былай дейтін: "Шынайы ғалым – халал мен харам мәселелерін түсінуші емес, өйткені бұл мәселелерді көпшілік біледі. Алайда шынайы ғалым -  пайда мен зиян мәселесін түсінуші!” Қз.: "Әлуияту-ннаср” 1/103. [10] Осындай сөздерді ұлы сахаба – Ибн Мас’уд та былай деп айтып кеткен: "Басқалардың басына түскен нәрселерден сабақ алған адам бақытты!” Ибн Абу ‘Асым 1/67. Шейх әл-Әлбани иснадын хасан (жақсы) деген. [11] Әйгілі «Хадистердің алты жинағы» дегенде  Әл-Бухари мен Муслимнің екі «Сахих» жинағы және Абу Даудтың, әт-Тирмизидің, Ибн Мажжаһтың және ән-Насаидің төрт  «әс-Сунан» жинағы аталып тұр. [12] «Бас сүйектері» деп ол Ибн әл-Аш‘ас пен әл-Хажжаждың шайқасуы кезінде бір-бірін өлтірген мұсылмандардың қылыштарының соққысынан шабылып түскен бастарды меңзеп тұр. Ибн әл-Асир былай деген: "Яғни егер ол өлтірілген қарилардың және ардақты адамдардың санының соншалықты көп екенін көргенде, күлмес еді”. Қз.: "ән-Нихая” 166. [13] Бірде Хузайфаға (оған Аллаһ разы болсын): «Қандай бүлік ең жаман?» – деп сұрақ қойылды. Ол: "Сенің алдыңда жамандық пен жақсылық тұрып, сен олардың қайсысын істеу жақсырақ екенін білмейтін кез!” Ибн ‘Абдуль-Барр "әл-Исти’аб” 1/335, Ибн әл-Асир "Асад әл-ғаба” 1/468. [14] Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: "Ақиқатында, бүліктердің жамандығы  олар аяқталғаннан соң мәлім болады. Ал бүлік енді басталған кезде, ол әдемі болып көрінеді және адамдар осыда игілік бар деп ойлайды. Бірақ адамдар бүліктердің апаттар мен қасіреттер түріндегі шерін тартқан соң, олардың зиянына айқын көз жеткізеді”. Қз.: "Минхадж әс-Сунна” 4/409. [15] Имам ән-Науауи «бұлыңғыр (соқыр) тудың астында шайқасқан» деген сөздер туралы былай деді: "(Бұл) соқыр түрде жасалатын, мәні түсініксіз болған іс. Ахмад ибн Ханбәлдің және ғалымдардың көпшілігінің пікірі осы”. Қз.: «Шарх Сахих Муслим» 12/238. Имам әт-Тыби былай деген: "Сөз қандай да бір істің төңірегіне жиналған адамдар туралы болып тұр, және сол істің ақиқат не адасушылық екені белгісіз. Ал кейін адамдар сол үшін шайқасуға шақырылады”. Қз.: "Шарх әл-Мишкат” 7/223. [16] Бүлік кезінде екі жақтың біреуін де қолдамаған сахабалар: Умар, Абу Хурайра, Усама ибн Зайд, Саляма ибн Акуа’, Сухайб әр-Руми, Мухаммад ибн Мәсләмә, Са’д ибн Абу Уакқас, Ирман ибн Хусайн, Абу Муса тағы да көптеген басқалар (оларға Аллаһ разы болсын). Мухаммад ибн Сирин былай деген: "Фитна басталған кезде Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының саны он мың болатын. Және онда олардан жүз, тіпті отыз адам да қатыспады!” әл-Халляль "әс-Сунна” 2/66. Ал әш-Ша’би былай дейтін: "‘Али, ‘Аммар, Тәлха және аз-Зубайирдан өзге ешбір сахаба Түйе шайқасына қатыспады. Және егер (біреу) маған бесінші сахабаның атын атаса, онда мен – өтірікшімін!” әл-Халляль "әс-Сунна” 2/66. [17] Имам ‘Абдуль-Қадир ибн Бадран әл-Ханбали былай деген: "Үлкендер – қалыптасқан жағдайды түсінетіндер. Олардың арасында болу және олардың пікіріне ілесу игілік болып табылады”. Қз.: "Шарх әш-Шихаб” 48. [18] Көптеген мұсылмандар «Исламдағы бауырластық» және «мұсылмандарға деген сүйіспеншілік» деген ұғымдарға лайықты деңгейде назар бөлмейді. Ақиқатында, Аллаһ Тағала Исламдағы бауырластықты ғибадат етіп бекітті, әрі оның құндылығына  көптеген хадистер нұсқайды. Ибн Умардан (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Аллаһ үшін ең сүйікті адамдар – бұл олардың ең пайдалылары, ал Ұлы Аллаһ Тағаланың алдындағы ең сүйікті амал  – бұл мұсылманға оның қайғысында көмектесуің немесе оның қарызын төлеуің, немесе оның аштығын тойдыруың арқылы оған қуаныш әкелуің.  Және ақиқатында мұсылман бауырыма оның мұқтаж болған нәрсесінде көмекке келуім мен үшін бір ай бойы мешітте жабылып иғтикаф жасаудан сүйіктірек.  Ал кім (Исламдағы) бауырына қатысты ашу-ызасын тоқтатса – Аллаһ оның кемшіліктерін жасырады, және де кім өз ашу-ызасын төге салғысы келген кезде тоқтатса – Аллаһ оның жүрегін Ақыретте ризашылықпен толтырады. Және де кім өзінің мұсылман бауырына оның мұқтаждығында көмектесуге шықса, оған көмектескенге дейін, Аллаһ оның табандарын табандар таятын Күнде нығайтады. Әрі сірке балды бұзғандай,   жаман мінез-құлық та амалдарды бұзады». Ибн Абу әд-Дунья, әт-Табарани. Хадис сахих. Қз.: «Сахих әл-джами’» 176. [19] Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деген: «Ақиқатында, сендерден бұрын өмір сүргендерді бір-бірінің қанын төгулері және харамды халал етулері опат етті». Муслим 2578 Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Кім му`ахадты (мұсылмандармен келісім-шартта болған кәпірді) өлтірсе, Жәннаттың хош иісін де сезбейді, ал оның аңқыған иісі қырық жылдық жол қашықтығынан сезіледі». әл-Бухари 2995. Хафиз Ибн Абдуль-Барр былай дейтін: "Егер тіпті қауіпсіздік кепілдігі берілген жауласушы кәпірдің қаны харам болса, онда  Аллаһтың қорғауында таңды аттыратын және күнді батыратын мумин туралы сен не ойлайсың?! Оған қатысты қиянатқа немесе оның өлтірілуіне сен қалай қарайсың?!” "әл-Истизкар” 14/84. Ибн Умардан жеткен хадисте Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Егер адамдардан кімде-кім тіпті торғайды немесе одан биіктеу болған  біреуді қақысыз өлтірсе, ол Қиямет Күні міндетті түрде ол үшін Аллаһ тарапынан сұралады». Оған: "Уа, Аллаһтың елшісі, оның қақысы не?” – деген сұрақ қойылды және ол оған: «Оны бауыздап жеу, бірақ басын жұлып алып, тастау емес!» – деп жауап берді. ән-Насаи 7/239, Ахмад 4/389. Хадистің сахихтығын имам ән-Насаи, Ибн Хиббан, әл-Хаким, хафиз әл-Мунзири, Ибн Касир және шейх әл-Әлбани растаған. Сондай-ақ "Сахих әт-тарғиб” 1/631 қараңыз. Имам Абу Бакр Ибн әл-‘Араби былай дейтін: "Жануарды қақысыз өлтіруге тыйым салынғандығы туралы сахих түрде мәлім, және мұны жасағанға қатысты қорқытулар да бар. Ал, ендеше, Адам баласын, немесе мұсылманды, немесе Аллаһтан қорқатын және ізгі мұсылманды өлтіру туралы не айтуға болады?!” "Фатхуль-Бари” 12/196. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатын: «Мүмін тыйым салынған қанды төкпейінше өз дініндегі кеңшілікті сезінуін тоқтатпайды». әл-Бухари 6862. Бұл хадисте харам етілген қанды төгу адамдардың тура жолдан ауытқуына себеп болатындығына нұсқау бар! Ибн Умар былай деп айтатын: "Егер біреудің басына шығар жолы жоқ (қиын) жағдай түссе, ол тыйым салынған қанды төккен болғаны!” әл-Бухари 6863. Бірде Маруан ибн әл-Хакам Ибн Умарға кіріп: "Кел, мен саған ант берейін, өйткені сен – арабтардың мырзасысың және арабтардың мырзасының баласысын ғой!” – дегені жеткізіледі. Ибн Умар оған: "Сонда мен Ирак тұрғындарымен не істемекпін? Аллаһпен ант етемін, егер менің себебімнен тіпті бір-ақ адам өлтірілсе де, мен тіпті жетпіс жыл бойы әмірлік еткім келмейді!” Ибн Са‘д "әт-Табақат” 4/169, Ибн Абу әд-Дунья "әл-Ишраф” 7. Иснады хасан. Мутарриф ибн ‘Абдуллаһ былай деп айтатын: "Аллаһтың менен: «Сен не үшін пәленді өлтірмедің?!» – деп сұрауы, Оның менен: «Сен не үшін пәленді өлтірдің?!» – деп сұрауынан, сүйіктірек”. Абу Ну’айм "әл-Хилья” 2/204. [20] Ақиқатында, қауіпсіздік көптеген мұсылмандар оны жоғалтып алмайынша маңызымен құндылығын түсінбейтін ұлы нығмет болып табылады. Өйткені қауіпсіздік болмаған тұста, адам Аллаһқа тыныш жүрекпен, осыдан шынайы ләззат алып, құлшылық жасай алмайды, Аллаһ оған бұл дүниеде халал еткен отбасы, балалары, әйелдері, тамағы, мал-мүлкі  т.с.с. нәрселерден қуаныш сезіне алмайды. Шейх Салих әл-Фаузан  былай деп айтатын: "Қауіпсіздік қажетті екендігіне және адамзат оған тамақ пен сусыннан да көбірек мұқтаж екендігіне күмән жоқ. Сондықтан да Ибраһим пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) ең алдымен қауіпсіздік, ал содан соң ғана ризық сұрап, былай деп айтқан еді: «Уа, Раббым! Бұл қаланы қауіпсіз ет және оның Аллаһ пен Ақырет күніне иман келтірген тұрғындарына жемістермен үлес бер». (әл-Бақара 2: 126). Қорқыныш билегенде адамдар ішіп-жеуден қанағат сезе алмайды. Қорқынышпен бірге бір елден екінші елге азық-түлік тасымалданатын жолдар үзіледі, сондықтан да Аллаһ жолдарда қарақшылық және тонаушылық жасауға қатаң жаза тағайындаған. Ислам бес маңызды нәрсені (әд-даруриятуль-хамс): дінді, өмірді, ақыл-парасатты, ар-намысты және мал-мүлікті сақтап қалу үшін келген. Осыдан бір нәрсеге қастандық жасаушыға қатысты, бұл қастандық мұсылманға не кәпірге жасалған болсын оның айырмашылы жоқ, қатаң жазалар бар. Мұсылмандармен келісім-шартта болған кәпірге (му’ахад) мұсылманға қатысты тыйым салынған нәрселерге тыйым салынған! Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Кім му’ахадты өлтірсе, Жәннаттың иісін сезбейді!» Ал қауіпсіздікті (аман) бұзатындарға келер болсақ, олар не хауариждер, не жолдардағы қарақшылар, не бүлікшілер болып табылады. Осы үш топтың барлығына қарсы өте қатаң жаза қолдану қажет”. Қараңыз: «Фатауа әш-шәр’ия фи кадая әл-‘асрия» 125. Ал Пайғамбарымыз (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) қауіпсіздіктің ұлықтығы мен маңыздылығын нұсқап былай деген: «Кім өзі (немесе өзінің жанұясы) үшін қауіпсіз болған күйде және бір күнге жететін тамаққа ие болып таңды аттырса, ол үшін осы бүкіл дүние оның үлесіне тигенмен тең!» әт-Тирмизи 2346, Ибн Мажжаһ 4141. Хадистің сахихтығын имам Абу Иса әт-Тирмизи, имам ән-Науауи және шейх әл-Әлбани растаған. [21] Мұсылмандардың өзара жанжалдасуы, бірін-бірі өлтіруі және тұтқындауы олардың дұшпандардың үстемдікке жетуіне алып келетіні туралы Аллаһ Тағала Өзінің Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хабардар етті. Саубаннан (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Ақиқатында, Аллаһ менің алдыма жерді жайып тастады да, мен оны шығыстан батысқа дейін (түгел) көрдім. Әрі шындығында да, менің үмметім маған көрсетілген аумақтың үстінен билік алады. Және маған екі: ақ және қызыл қазына берілді (парсылар мен византиялықтардың). Әрі мен Раббымнан Ол менің үмметіме көптеп апаттарды жіберіп опат етпеуін және оған оның өз қатарларының арасында болғаннан өзге ешқандай сырттай дұшпандарды жібермеуін және оның тұтастығын қорғауын сұрадым.  Және Раббым: "Уа, Мухаммад! Ақиқатында, егер Мен бір нәрсені шешсем, ол болмай қоймайды. Ақиқатында, Мен сенің үмметіңе Мен оған көпшілік апаттарды жіберіп опат етпейтінімді сыйладым. Әрі олар бірін-бірі құртып-жойып және тұтқындай бастамайынша, Мен олардың өздерінің ішіндегі дұшпандарынан өзге дұшпандарына үмметіңнің үстінен билікті бермеймін, тіпті барлық қалалар оған қарсы шықса да!” – деп жауап берді». Муслим 2889. Имам Абуль-Аббас әл-Қуртуби былай деді: "Бұл хадистің мағынасы мұсылмандар бірін-бірі құртып-жойып және тұтқындай бастамайынша, дұшпандар оларға үстемдік ете алмайтынында”. Қз.: "әл-Муфхим” 7/218. Шейх Ибн әл-Қасим бұл хадиске қатысты былай деген: "Яғни егер мұсылмандар біріне-бірі осылай жасай бастаса (өлтірсе және тұтқындаса), онда Аллаһ олардың дұшпандарына олардың үстінен билікті береді. Алайда мұсылмандар ақиқаттың үстінде бірігіп тұрғандарынша, ешкім олардан үстем бола алмайды. Бірақ олардың бөлінуінің себебінен дұшпандар олардан үстем болды, әрі бұл олар үшін жаза болып табылады». Қз.: "Хашия Китаб әт-таухид” 180.
Категория: Мақалалар | Добавил: admin (30.05.2011)
Просмотров: 518 | Рейтинг: 2.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]