Қош келдіңіз Гость • Тіркелу • Кіру • RSS
Сейсенбі, 16.4.2024, 07:14
Главная » Статьи » Қазақ тілінде » Мақалалар

Егер өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар

«Шәһидтік» актілерді рұқсат етілген деп есептеушілер өзге дәлелдерінің қатарында Аллаһ Тағаланың мына аятын да келтіреді: «Ал Біз үшін күресетіндерді, Біз міндетті түрде, Біздің жолдарымызбен жүргіземіз. Ақиқатында, Аллаһ ізгілік жасаушылармен бірге!» (әл-Анкәбут; 69). Және осымен бірге олар: «Бұл аят муджәхидтер тура жолмен жүруде және джихадтың олар ойлап тапқан тәсілдері әрқашан нәтижелі болады!» – дейді.

Бұл адамдар өз сөздерінде джихад мәселелері бойынша пәтуаларды тек онда қатысқан адамдар ғана беруге құқықты деп айтуға дейін барады. Ал соғыс майдандарынан алыстағылар олармен келісуі қажет дейді.

Мұндай тұжырымдар ақиқаттан алыс, өйткені олар Аллаһтың: «Біз үшін күресетіндерді» деген сөзідерінің мәнін шектейді және оларды тек әскери джихадтың қатысушыларына ғана қатысты қолданады, алайда осымен бірге олар осы аяттың мазмұнын осылайша етіп нақтылауға рұқсат беретін ешқандай дәлелге ие емес. Өздерінің білімдеріне сәйкес әрекет жасаушы және Аллаһтың ризалығына ұмтылушы ізгі және тақуа ғалымдар да Раббымыздың жолында өзінің джихадын жүргізіп, ыждағаттылық танытады. Олар ақиқаттың нұры арқылы адасушылықтың қараңғылығымен күреседі, білім арқылы надандықпен соғысады және Сүннеттің көмегімен діндегі бидъаттармен айқасады. Аллаһ Тағала былай деп айтқан:

«Аллаһтан қорқыңдар – Аллаһ сендерді үйретеді». (әл-Бәқара; 282);

«Аллаһқа иман келтіргендердің жүрегін Ол тура жолға салады». (әт-Тағәбун; 11);

«Кім тура жолмен жүрсе, Ол олардың тура жолға берілгендігін арттырады да, оларға тақуалық сыйлайды». (Мухаммад; 17).

Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Ізгі бол, сонда адамдардың ішіндегі ең құдайшылы боласың». «Сахих әл-Джәми» (4580);

«Ең жақсы дін – бұл ізгі болу». «Сахих әл-Джәми» (3308);

«Джихадтың ең абзалын Аллаһ Тағала үшін өзінің нәпсісімен күресетін адам жасайды». «Силсиләт әл-Ахадис әс-Сахиха» (1491). Бұл хадиске байланысты шейх әл-Әлбәни: «Оның иснәді сахих, ал жеткізушілері сенімге лайықты», – деген.

Өз нәпсіңнің жамандығына қарсы күрес – мұсылман үмметіне едәуір күштірек ықпал ететін джихадтың түрі екені ешбір күмәнсіз, өйткені әрбір жеке мұсылман жасап жатқан күнәлар үмметіміздің барлық қасіреттерінің, жеңілістерінің және қорлануының негізінде жатыр. Бұл жөнінде нақтырақ Ибн әл-Қайимнің «Заад әл-Мә’ад» кітабының үшінші томын қараңыз (джихадтың сатылары туралы бөлімде).

Аллаһ Тағала былай деп айтқан: «Сендер оларды екі есесіне ұшыратқан бір қайғыға, өздерін ұшырағандықтан: «Бұл қайдан келді?» – дедіңдер. «Ол өздеріңнен!» – деп айт. Шәксіз, Аллаһтың әр нәрсеге күші жетуші». (Әли-Имран; 165).

Бұл дегеніміз, мұсылман үмметінің қорлық көріп, жеңілістерге ұшырап жүруі, немесе күш-қуатқа ие болып, үстем болуы әрбір мұсылманның өзіне, оның амалдарына, әрекеттеріне, жүрегінің күйіне тәуелді. Кім Аллаһтың ризалығына ие болуы үшін білім үйренсе және алған білімдеріне сәйкес әрекет жасаса, сол үмметіміздің жеңісіне ықпалын тигізеді. Ол әскери шайқастарға қатыспаса да, ол арқылы дініміз күш-қуатқа ие болады. Сонымен бірге ол жеңіске соғыс майдандарында шайқасып жүргендердің көбісінен артығырақ ықпал етуі де мүмкін.

Саад ибн Әбу Уәққас, Аллаһ оған разы болсын, бірде өзін Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) маңызы аздау болған сахабаларынан артық деп пайымдаған кезде, Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Ақиқатында, Аллаһ бұл үмметке оның әлсіз мүшелері арқылы: олардың дуғалары, намаздары және ықыластылығы арқылы көмек көрсетеді», – деді. ән-Нәсәи. Шейх әл-Әлбәни «Сахих Сунән ән-Нәсәи» (2978) жинағында бұл хадисті сахих деді.

Ал діни әмірлерді ұстануға селқостық танытатындар және оның тыйымдарына жеңіл қарайтындар, күмәнді нәрселерден қашқақтамайтындар және Аллаһтың жолында өздерінің әуес-қалауларымен күреспейтіндер мұсылмандардың әлсіздігінің, олардың жеңілістерінің және қорлануының себебі болуда, тіпті егер олар өздерінің мал-мүліктерін құрбан етіп, өздерінің өмірлерін қауіпке салып жатқан болса да. «әл-Фәуәид әл-Джәми’а».

Ал джихад мәселелері бойынша пәтуаларды тек джихадқа қатысушы адамдар ғана шығара алады деген пікірге келер болсақ, онда оның жақтаушыларынан: «Сіздер мұны қайдан алдыңыздар? Ешқашан джихадқа қатысып және шайқасушыларға көмектесіп көрмеген жиырма жеті иорданиялық діндар-докторлардың берген пәтуаларына жүгінетін – сендер емес пе? Егер сендердің пікірлеріңе ілессек, онда мұндай діндарлардан джихадқа қатысты пәтуаларды алуға болмайды ғой. Сондай-ақ, Қатарда өмір сүріп жатқан әл-Қардауидің, Еуропада өмір сүріп жатқан әл-Мәуләуидің, Кувейтте өмір сүріп жатқан Джәиль ән-Нәшмидің, Сауд Арабиясында тұрып жатқан әш-Шу’әйбидің пәтуаларын да алуға болмайды. Бұл адамдардың барлығы соғыс майдандарынан алыс.

Сіздердің ой-тұжырымдарыңызды басшылыққа алсақ, қажылық туралы пәтуаларды тек қажылар, сауда бойынша пәтуаларды тек саудагерлер, ал әйелдердің мәселелері бойынша пәтуаларды – тек әйелдердің өздері ғана бере алады деуге дейін баруға болады ғой! Аллаһпен ант етемін, бұл мен естіген және оқыған нәрселердің ішіндегі ең қисынсызы! Ия, олармен тікелей бетпе-бет болған адамдарға ғана мәлім мәселелер болады. Мұны – іс жүзіндегі тәжірибе деп айтады. Алайда, ғалымдар «шәһидтік» актілер туралы және джихад туралы барлық мәселелер бойынша білімге және толық түсінікке ие. Егер оларға бір нәрселелер таныс болмаса, олар бұл жөнінде жеке тәжірибесінен түсінікке ие болғандардан сұрайды.

Қарсыластарымыздың мұндай мәлімдемелерінде ғалымдарды жасырын түрде қаралаудың дәмі сезіледі. Олар бізге: «Шәһидтік» актілердің тыйым салынғандығы туралы пәтуа беретіндер – надандар. Ғалымдар өздері білмейтін нәрселер туралы, өздерінің әуес-қалауларына негізделіп сөйлейді», – деп айтқысы келгендей.

Аллаһ ұлы! Мұндай ойлардың болуының өзі тура жолдан тайып кету үшін жетіп асады!(1)

Ғалымдар джихадттың заң ережелерімен, оның шарттарымен, рукіндерімен, мустахаб амалдарымен байланысты бірде-бір мәселені түсіндірусіз қалдырмағанын білу қажет. Олар муджәхидтің өзі, оның мінез-құлқы қандай болуға тиіс, дұшпанмен қарым-қатынас жасау қалай болуы қажет, әскери олжаны қалай бөлу керек, бітім мен бейбітшілік келісім-шартын қалай жасау керек деген мәселелерге қатысты бірде-бір проблеманы қарастырмай айналып өткен жоқ. Ғалымдар бұл проблемаларға жүздеген томдар арнады. Ал ендеше муджәхидтер біліп, ғалымдар білмейтін не бар екен?! Мен ашық түрде мынаны мәлімдеймін: біздің үмметке соғыспен байланысты қасіреттер жас мұсылмандар кеңес алу үшін ғалымдарға жүгінбей, өзінше әрекет жасай бастаған кезде келіп тиді. Дәл осы нәрсе жергілікті жастары шариғат сотын жүргізуге асыққан Шешеністанда орын алды. Бірақ ол жерде соттың ролін атқарғандардың кім болғанына қараңдаршы!

Адамдардың өміріне, мал-мүлкіне және ар-намысына қатысты шешімдерді шығаратын соттар – шариғаттың кейбір мәселелерін бір неше ай бойы ғана оқып үйренген және тілдері Құран оқуды игеріп үлгермеген, пісіп жетілмеген жастар болды. Олар Шариғаттың заңдарымен тіпті тәрбиеленбеген адамдарға сот үкімін жүргізді. Мұның барлығын мен шешендердің өздерінен естідім. Аллаһ біздің барлығымызды кешірсін және ақиқат жолына салсын!

Бұл актілердің жақтаушылары екі имамға – Абдуллаһ ибн әл-Мубәракка және Әхмәд ибн Ханбәлға жүгінеді, ал олар былай деп айтқан: «Егер адамдар бір нәрселерде тартысса, шекараға жақын аудандардың тұрғындары (әхл әс-суғур) қандай пікірді ұстанатынына қараңдар. Ақиқат – солармен бірге, өйткені Аллаһ Тағала былай дейді: «Ал Біз үшін күресетіндерді, Біз міндетті түрде Біздің жолдарымызбен жүргіземіз. Ақиқатында, Аллаһ ізгілік жасаушылармен бірге!» (әл-Анкәбут; 69).

Олар, сондай-ақ, Ибн Таймияның мына сөздерін келтіреді. «Егер Исламды уағыздаушылар белгілі бір мәселеде келіспесе, онда оларға муджәхидтердің пікіріне тоқтау қауіпсіздеу болады».

Екі имамның және Ибн Таймияның сөздері әділетті және біз олармен толық келісеміз. Алайда, өте маңызды жайтты, яғни шекараға жақын аудандардың тұрғындары (ахль әс-суғур) дегенде кімдер нақты айтылып тұрғанын түсіндіріп өту қажет. «Шекараға жақын аудандардың тұрғындары» деп өз өлкесін қалдырып, мұсылмандар мен кәпірлердің жерлерін бөлетін шекараға, дұшпанға қарсы тұру үшін аттанған ғалымдарды айтады. Ал «шәһидтік» актілер ең көп таралған Палестинаға қатысты айтар болсақ, ол жерде тұратын ғалымдардың көбі бұл құбылысқа үзілді-кесілді қарсылығын білдіреді. Егер палестиналықтарды шекаралас аудардың тұрғындары және муджәхид деп есептесек, онда кімнің пікірін ұстануымыз қажет? Әлде біз соғыс туын көтеріп, өзінің осы әрекеттерін джихад деп атайтынның әрбірінің пікірін ұстана беруіміз қажет пе?

Бұл актілерді жақтаушылардың басқа дәйегі болып Әбу Имранның дерегі табылады. Онда былай деп айтылады: «Біз Константинопольға жорыққа аттану үшін Мәдинадан шықтық. Әскердің басшылығында Абдуррахман ибн Халид ибн әл-Уәлид тұрды. Византиялықтар қала қабырғаларына келіп тіреліп, жабысып алған кезде, бізден біреу дұшпанға қарай өзін тастады және адамдар: «Оған не болған? Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты ешкім жоқ! Ол өзін өлімге қиып жатыр!» – деп дауыстай бастады. Сонда Әбу Айюб әл-Әнсари былай деп айтқан: «Ақиқатында бұл аят біз туралы түсірілген. Аллаһ Исламға жеңіс сыйлап, Өзінің пайғамбарына көмек берген кезде, біз – ансарлар: «Енді өзімізді мал-мүлкімізге қамқор болуға және жағдайымызды жақсартуға бағыштасақ па екен?!» – дей бастадық. Сонда Аллаһ Тағала: «Аллаһ жолында мал сарып қылыңдар. Өздеріңді опат болуға тастамаңдар», – деген аятты түсірді. (әл-Бақара; 195). «Опат болу» дегенде мал-мүлікке қамқорлық етуге өзін бағыштау және джихадтан бас тарту меңзеліп тұр». (Әрі қарай осы хадистің жеткізушісі) Әбу Имран былай деп айтқан: «Әбу Айюб (қаза болып) Константинопольдің қабырғаларының астында жерленгенге дейін Аллаһтың жолында джихад жүргізуін тоқтатпады». Бұл хадисті Әбу Дауд жеткізген. Шейх әл-Әлбәни «Сахих Сунән Әби Дауд» жинағында (2512) оны сахих деген. Бұл хадисті, сондай-ақ, Муқбиль әл-Уәди’и «әс-Сахих әл-Муснәд мин Әсбәби-н-Нузуль» кітабында (№ 327) келтірген.

Біз: «Жалғыз өзі дұшпанның әскеріне өзін тастаған адам өзін опат етіп жатыр», – деп айтпаймыз. «Өзін опат ету» деп дүниелік нәрселерге беріліп, джихадты тастау болады. «Шәһидтік» актілердің тыйым салынғандығына нұсқайтын ғалымдар джихадтан бас тартуды айтып тұрған жоқ. Керісінше, джихад Қиямет Күніне дейін жалғаса береді, алайда оның өз құралдары және шарттары, сондай-ақ, тиімді миссиясы бар».

Джихад мұсылман үмметін қорғау үшін және оның дұрыс тіршілік етуінің жағдайларын қамтамасыз ету үшін әмір етілген. Мұндай джихад қорғану джихады (джихад әд-дафъ) деп аталады. Егер дұшпан мұсылман жеріне шабуыл жасаған болса, мұсылмндар агрессияны тойтаруға міндетті. Ал егер олар мұны жасауға қабілетсіз болса, олар материалдық және рухани күшке ие болуға қажетті шараларды іске асырып, осыған дайындалуы керек. Мұсылмандарда қалған азғантай күштің де жойылуына әкелетін джихадтың ешқандай мәні жоқ. Кез келген революцияны, ол агрессорларға, жәбірлеушілерге және оккупанттарға қарсы бағытталғандығы үшін ғана джихад деп атаудың ешқандай мәні жоқ. Сонымен бірге джихадтың мақсаты тек елді агрессордан азат етуге ғана келіп тірелмейді. Оның мақсаты – жерді күпірліктен азат ету, оның келіп шығуы қандай болса да. Джихадтың мәні «жат» кәпірді қуып жіберіп, билікке «өз» кәпірін келтіру емес. Джихадта күпірліктің ұлттық шығу тегі ешқандай роль атқармайды. Өз халқынан болған адам мұсылмандарға жат біреуге қарағанда көбірек жамандық әкелуі де мүмкін. Біз бұны Саддам Хусайнның Кувейттегі арабтарға және Ирақтағы күрдтерге деген қатынасынан көруге мүмкіндігіміз болды. Аллаһтың Шариғаты ұлттық шығу текті ескермейді. Барлық адамдар – Адамнан, Ал Адам – топырақтан(2).

Джихад Исламды тарату үшін, оны империялар тарапынан қаналған, кісендерге салынған және Исламның нұрын көруден махрум қылынған халықтарға жеткізу үшін әмір етілді. Халықтар ақиқатты есту құқығын алуы және оны еркін таңдауы үшін бұл империяларды жою қажет еді. Мұсылмандар женген елдердерді мекендеген көптеген халықтармен осылай болды да. Мұсылмандардың мақсаты – қан төгу емес еді, оларды адам өлтіруге және мал-мүлік иемденуге деген махаббат жетелеген жоқ. Мұсылмандар жерлерді басып алып, оларда тұрушы халықтарға өз еріктерімен үш мәртебенің біреуін таңдауды ұсынатын. Ол мәртебелер туралы нақтырақ айтқанда Бурайданың мына хадисінде риуаят етіледі.

Бурайда, Аллаһ оған разы болсын, Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) әскердің немесе әскери жорықтың қолбасшысын тағайындаған кезінде, оған Аллаһтан қорқуды және қоластындағы мұсылмандарға жақсы қарым-қатынаста болуды насихаттайтынын және былай деп айтатынын жеткізген: «Аллаһ үшін Аллаһтың жолында соғысыңдар! Аллаһқа иман келтірмейтіндермен соғысыңдар! Соғысыңдар, бірақ сатқындық жасамаңдар, шектен шықпаңдар, мүгедек етпеңдер, балаларды өлтірмеңдер! Егер көпқұдайшылдардан болған дұшпандармен кездессең, оларды үш мәртебенің біреун қабылдаға шақыр, және олардың қайсы бірін таңдаса да, олардан қабыл ет те, олармен соғусудан өзіңді тарт. Оларды Исламға кіруге шақыр, ал егер олар келіссе, олардан қабыл ал да, олармен соғысудан өзіңді ұста. Кейін оларды оздерінің өлкелерінен мухаджирлердің өлкесіне көшуге шақыр және егер олар осыны істесе, оларда да мухаджирлердегі құқықтар мен міндеттер болатынын оларға жеткіз. Ал егер олар өздерінің өлкелерін қалдырғысы келмесе, онда олар бәдәуи мұсылмандар ие болған мәртебеге ие болатынын: оларға қатысты Аллаһтың муминдерге қатысты заңдары күшке ие болатынын, ал әскери олжадан үлес оларға тек мұсылмандармен бірге джихадқа қатысса ғана тиетінін хабарла. Егер де олар бұл ұсыныстардың барлығына жауап беруден бас тартса, онда олардан жан басына төленентін салықты (джизьяны) төлеуді талап ет, ал олар келіссе, олардан қабыл ет те, олармен соғысудан өзіңді ұста. Егер олар бұдан да бас тартса, Аллаһқа тауекел ет те, олармен шайқасуға кіріс». Әбу Дауд. Шейх әл-Әлбәни «Сахих Сунән Әби Дауд» жинағында бұл хадисті хасан деді. (2613).

Мен құрметті оқырманнан осы үш сөйлемге назар бұруын және Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) соғысқа аттанып жатқан сарбаздарға орындауды өсиет еткен адамгершілік нормалар жөнінде ой шолуын өтінемін. Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оларды адам өлтіруі үшін соғысқа аттандырған жоқ. Егер бұл осылай болғанда, ол оларға тас үстінде тас қалдырмай, барлық нәрсені қатарынан қырып жоюды бұйырар еді. Егер бұл солай болғанда, ол өзінің қас дұшпаны болған және мұсылмандарға қарсы жиырма жыл соғысқан Әбу Суфьян ибн Харбты кешірмес және оның Исламға келуін қабылдамас еді. Ол Халид ибн Уәлидті, Икримә ибн Әбу Джәхлді, Амр ибн әл-Асты кешірмес еді. Ол Меккені бағындырған күні меккеліктерді кешірмес еді және олардың өмірлері мен мал-мүлкінің қол сұғылмайтындығына кепілдік бермес еді. Ол оларға былай деп айтпас еді: «Кім Қасиетті Мешітке кірсе – қауіпсіздікте. Кім өзінің үйінің есігін жауып қойса – қауіпсіздікте. Кім Әбу Суфьянның үйіне кірсе – қауіпсіздікте». Нақтырақ Сафи әр-Рахмән әл-Мубаракфуридің «Жизнь Пророка, да благословит его Аллах и да приветствует» («Әр-Рахик әл-Мәхтум») кітабында және Ибн Хишамның «Мухаммед пайғамбардың омірбаяны» («Әс-Сира ән-Нәбәуийя») кітабында қараңыз.

Бұл – кешірімділіктің шынайы мысалы. Бұл – күшке ие және өш алуға мүмкіндігі болғанның кешірімі. Бұл – шынайы рахымшылық. Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оны өзінің сахабаларымен бірге өз үйлерінен қуып салған, жат өлкелерге көшуге мәжбүрлеген және мұнымен шектелмеген адамдарға қатысты танытты. Олар Пайғамбарды (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) өлтіру үшін бірікті, алайда Аллаһ Тағала оны құтқарды. Олар оны өтірікші деп мазақ етті, оған қарсы тайпаларды айдап салып отырды, оны және оның сахабаларын қинап, азаптады. Олар мұсылмандарды тіпті олар Мәдинаға көшіп кеткен кезде де тыныш қоймады және оларды жойып тастау үшін бар мүмкіндіктерін сарп етті. Бірақ, бұған қарамастан Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оларды кешірді. Мұндай аса ұлы рахымшылыққа тап болған олар топ-топ болып Аллаһтың дініне кіре бастады!

Құрметті оқырман, Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) Хайбар қамалына әскери жорықтың қарсаңында Али ибн Әбу Талибке қолбасшының туын беріп, оны насихаттаған сөздеріне назар аударыңыз! Ол оған не деп айтты?! Ол ең алдымен қарсыласты жойып тастауды емес, оны дұрыс жолға шақыруды бұйырды.

Сахль ибн Саад, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) Алиге былай деп айтқанын баяндаған: «Олардың қонысының қасына барып орналасқаныңа дейін абайлықпен жүріп отыр. Кейін оларды Исламға шақыр да, оларға міндеттері туралы хабарла. Ал сен арқылы бір адам болса да тура жолға түссе, Аллаһпен ант етемін, бұл сен үшін қызыл түйелерден жақсырақ болады». әл-Бухари.

«Шәһидтік» актілерді жақтаушылар, сондай-ақ, дәйек ретінде Ибн Мәсудтың, Аллаһ оған разы болсын, Аллаһтың Елшісінің (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан хадисін келтіреді: «Біздің Ұлы және ізгілік Сыйлаушы Раббымыз, жолдастары (соғыс майданынан) қашқан кезде өзінің парызын ұғынып, (соғыс майданына) қайта оралып, қаны тогілгенше шайқасатын Аллаһтың жолында соғысатын адамға таңданады. Сол кезде Ұлы және Құдыретті Аллаһ Өзінің періштелеріне: «Менің құлыма қараңдар! Ол Мендегі бар нәрсені қалап, және Мен әзірлеп қойған нәрсеге ұмтылып, қаны төгілгенше (шайқасып, шайқас майданына) оралды». Әбу Дауд, Әхмәд, Әбу Йәълә және Ибн Хиббән. Шейх әл-Әлбәни «Сахих әт-Тарғиб» жинағында (1384) бұл хадисті хасан деді.

Бірақ бұл жерде сөз өзін-өзі өз бастамасы бойынша өлтірген адам туралы болып тұр ма?! Жоқ, бұл жерде шайқас алаңына қайта оралып, дұшпанның қылышынан мерт болғанынша шайқасуды жалғастырған адам туралы баяндалуда! Осы жағдайда адамда азғантай болса да құтылуға деген мүмкіндік сақталып қалады. Мұндай адам өзгелерді мерт қылу үшін өзін-өзі өлтірмейді. Міне осы – оның әрекетін қазіргі заманның «шәһидтік» актілерінен едәуір ерекшелейтін жайт. Мұндай актілерді жасайтындар ең алдымен өздерін-өздері өлтіреді. Өздерінің өлімімен олар өзгелердің өмірін үзгісі келеді. Олардың қаруы – олардың өздерінің өлімі. Ал бұған ислам тарихында ұқсас нәрсе бар ма? Әрине, жоқ. Алайда, біздің кезімізде біздің қарсыластарымыз өздері адасқан топтардан мирас етіп алған нәрселеріне негіз келтіру қою үшін кез-келген шөпке жармасады. Ия, тура осылай, өйткені осындай өзін-өзі өлтіру актілері жоғары мәртебелі адамдарға және мұсылман ғалымдарына шабуыл жасап, өлтіре алғандарын қиянатшылдықпен өлтіретін, кейін өздерін де өлтіретін исмәъилилер және әссасиндер сияқты адасқан секталарға тән еді (3).

«Шәһидтік» актілерді жақтаушылардың тағы бір дәйегі болып Йәмәмәда орын алған оқиға табылады. Сол кезде Бану Ханифә тайпасы жалған пайғамбар Мусәйлимәның «Өлім бағы» деп танылған бағына бекініп алған болатын. Әл-Бәра бин Мәлик сонда өзінің серіктеріне: «Мені олардың ішіне лақтырыңдар», – деп айтқан еді. Мұсылмандар оны бекіністің ішіне лақтырды, ал ол мұсылмандарға қақпаны ашып бермейінше олармен соғыса берді. әл-Бәйхақи.

Олар, сондай-ақ, мұсылман әскерлері Көпір шайқасында парсылармен кездескендігі туралы деректі де пайдаланады. Сол кезде мұсылмандардың аттары парсылардың пілдерінен үркіп, жан-жаққа қаша бастады. Сонда мұсылмандардың біреуі балшықтан пілге ұқсайтын бейне жасады да, атын оған жақындап баруға үйрете бастады. Сойтіп оны пілге ұқсас жасанды бейнеге үйренуге мәжбүрледі. Таң ертең оның аты пілдерден қашпайтын болды, ал ол атының үстіне мініп, келе жатқан пілге қарсы батылдықпен тап берді. Адамдар оған: «Тоқтай тұр, бұл піл сені өлтіреді ғой!» – деді. Ал ол: «Оқасы жоқ! Мейлі мен өлейін, бірақ мұсылмандар жеңіске жетеді ғой!» – деп жауап берді. «Тарих әт-Табәри»-ді (2/363) қараңыз.

Йәзид ибн Әбу Убейда риуаят еткен басқа хадисте: «Мен Саләма ибн әл-Акуәдан: «Худәйбия күні сендер Аллаһтың Елшісіне (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) не нәрселерге ант бердіңдер?» – деп сұрадым. Ол: «Өлімге», – деп жауап берді», – деп айтылады. әл-Бухари және Муслим.

Мухаммадтың сөзінен баяндалған Ибн Әуннан келген тағы бір деректе былай деп айтылады: «Бірде шығыстан кәпірлердің бір отряды келді. Ансарлардың біреуі оларды қарсы алды да, оларға қарай шабуыл жасады. Ол қарсыластың қатарларын кесіп өтті де, арғы жағынан шықты және осыны екі, немесе үш рет қайталап жасады. Саад ибн Хишәм бұл жөнінде Әбу Хурайраға баяндап бергенде, ол: «Адамдардан Аллаһтың ризалығын іздеп, жанын сататындар да бар. Аллаһ құлдарына тым жұмсақ», – деген аятты оқыды». (әл-Бәқара; 207). Бұл хадисті Ибн Әбу Шәйбә жеткізді. (5/322).

«Шәһидтік» актілерді қолдайтындардың дәйектері осындай. Бірақ бұл деректердің қай жерінде өзін-өзі өлтіруге, өзінің өмірін өзі мерзімінен бұрын үзуге нұсқау бар?! Суреттелген ерліктердің барлығы Ибн Мәсудтың хадисінде баяндалған шайқасуға қайта оралған адамның ерлігіндей. Бұл хабарлар, осы актілердің жақтаушылары келтіретін өзге де барлық дәйектері сияқты, өзін-өзі өлтірулерді ешқандай ақтамайды. Бекіністің ішіне лақтырылған сахаба құтылды да, қақпаны ашты, ал өзін-өзі жарып тастаушы аман қалып құтылуға еш мүмкіндігі қалмайтынын біледі.

Біздің қарсыластарымыздың: «Бірақ сахаба өзін бекіністің ішіне лақтыруын талап етіп тұрып алып, өз өмірін анық түрде қауіпке салды ғой! Оның өлтірілуі толық иқтимал еді ғой!» – деген келіспеушіліктеріне біз: «Өмірін қауіпке салып, өлутірілуі мүмкін болған адам мен құтылуға деген ешқандай мүмкіндікке ие болмаған, өлімнен еш қашып құтыла алмайтын өзін-өзі өлтірушінің арасында өте үлкен айырмашылық бар!» – деп жауап береміз.

Сахабалар Пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) Худәйбияда өлімге берген сертіне келер болсақ, ол соңғы тамшы қан қалғанша шайқасуды және соғыс майданынан қашпауды білдірді және өзін-өзі өз қолымен өлтіруді еш білдірмейді!

Бұдан тыс, жоғарыда аталған актілердің жақтаушылары сүйенетін барлық деректерде сөз сарбаздың дұшпан позицияларына енетін, немесе қарсыласқа шабуыл жасайтын жағдайлары туралы болуда, бірақ бейбіт қалаға, ауылға, ауруханаға немесе бекетке емес. Олармен автоматтық қарумен, немесе бір бұда гранаталармен дұшпанның қарулы кешенінің ішіне кіріп, қарсыласты қару-жарағы біткенше өлтіретін, кейін оны дұшпандар не ұстап алатын, не өлтіретін адамның әрекеттерін ақтауға болады. Мұндай ситуацияда адам дұшпанның қолынан мерт болады, ал оның әрекеттері қарсыластың күш-қуатына сезілетін шығын тигізеді. Ал егер оның әрекеттерінің нәтижесінде дұшпан салмақты шығындар шекпесе, онда мұндай шабулдарды жасауға болмайды, өйткені шабуылдаушы мұндай жағдайда дұшпан әскерлерінің қатарына өзін тастаушы соқыр адам сияқты болады.(4)

Бір сөзбен айтқанда, жоғарыда сипатталған әскери ерліктерді жасауға белгілі жағдайлар (шарттар) болғанда ғана рұқсат етіледі. Бұл жағдайлар (шарттар) ғалымдар тарапынан әртүрлі етіп келтіріледі, алайда олардың барлығы мазмұны бойынша бір-біріне жақын:

• Ерлік жасайтын адам өзі өлтірмейінше өлтірілмейтінін білуі қажет.

• Адам өзінің шабуылымен дұшпанға сезілетін шығын келтіре алатынын білсе ғана оған мұндай ерліктерді жасауға рұқсат етіледі.

• Бұл, егер адам осынысымен дұшпанға қиратушы соққы берсе, немесе оның ерлігі мұсылмандарға пайда әкелсе, рұқсат етіледі.

• Бұл, егер адам дұшпандарға мұсылмандардың батылдығын көрсетіп, олардың моральдық рухын сындыратынын білсе, рұқсат етіледі.

• Бұл, егер нәтиже мұсылмандардың әлсіреуіне соқтырмаса, рұқсат етіледі.

Ал олардың барысында адам денесіне жарылғыш қондырғыны байлап алып, немесе автокөлікті жарылғышпен толтырып алып, дұшпанға тұтқынға беріліп жатқандығын көрсетіп, немесе оның сеніміне кіріп алып, содан кейін оны өлтіретін операцияларға келер болсақ, бұл операциялар мен рұқсат етілген ерліктердің арасында бір қатар нәзік айырмашылықтар бар. Мұндай актілерді, тарихи деректерге сүйеніп, рұқсат етушілер оларды байқамайды, немесе байқағысы келмейді. Бұл айырмашылықтар мыналарға келіп тіреледі:

1. Тарихи деректерде баяндалған ерліктерде өлім қарсылас тарапынан келді және ерлік жасаушыларда азғантай болса да құтылу мүмкіндігі болды. Ал қазіргі замандағы «шәһидтік» актілерге келер болсақ, оның атқарушылары өз қолдарынан мерт болуда және соған қоса олардың өлімі – міндетті түрде орын алады.

2. Мұндай актілердің негізінде адамның өзін-өзі өлтіруі, ал содан кейін барып өзгелерді өлтіруі жатыр. Белгілі бір себептермен адам өзінен басқа ешкімді өлтіре алмай қалуы да мүмкін. Мұндай жағдайларда о бастан опат болуға ұмтылуға рұқсат етілмейді. (5) Өмірді сақтап қалу – Шариғаттың ең басты міндеттерінің бірі. Қалайша енді мұсылман адам дұшпанның өлімі үшін өз жанын мақсатты түрде опат ете алады?! Мұсылманның өмірін сақтап қалу дұшпанның өмірін үзуден артығырақ. Сөйтіп, мұндай актілердің барлығы Шариғаттың негізгі принциптерінің біреуіне қайшы келетіні толығымен анық болды.

Абдуллаһ ибн Амр, Аллаһ оған разы болсын, Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) Қағбаны тауап жасап жүріп былай деп айтқанын көргенін баяндаған: «Сен нендей әдемісің және сенің хош иісің нендей әдемі! Сен недей ұлысың және сенің қасиеттілігін нендей ұлы! Бірақ Мухаммадтың жаны Қолында болғанмен ант етемін, Аллаһ үшін муминнің қасиеттілі мен қол сұғылмайтындығы сенің қол сұғылмайтығыңа қарағанда ұлы. Муминнің мал-мүлкі мен өмірі қол сұғылмайтын және біз ол туралы тек жақсы ойда болуымыз керек». Ибн Мәджәһ. Шейх әл-Әлбәни «Силсиләт әл-Ахадис әс-Сахиха» (3420) жинағында бұл хадисті сахих деген.

Шейх әл-Әлбәниге Әбу Бәсыр(6) деген сахабаның оқиғасына сілтеме жасап, жалғыз түрде «джихад» жүргізуді және «шәһидтік» актілер деп аталатын әрекеттерді жасауды мақұлдайтын ұйымдарға қатысты сұрақ қойылды. Шейхтан Исламның бұл актілерге қатынасы туралы сұрады. Жауап ретінде шейх былай деп сұрақ қойды:

— Сендер сұрап жатқандар қанша жыл әрекет етуде?

— Төрт жыл.

— Олар жетістікке жетті ме, әлде шығынға ұшырады ма?

— Шығын шекті.

— Олардың жемістері бойынша олар туралы біле беріңдер, – деп қорытындылады шейх. Тыңдаңыз «Силсиләт әл-Худа уә ән-Нур», кассета № 527.

Ендеше, осыдан кейін «Ихуан әл-муслимин» ағымының қазіргі заман идеологтарының бірі, аты танымал Юсуф Кардауи қалайша мұндай актілерді рұқсат етілген деп санайды. Ол: «Муджәхид отанды құтқару үшін және Құдайдың жолындағы шәһидтікке ұмтылып, Аллаһқа жанын сататын, өз басын оның Қолына қоятын шәһид-ердің алдында әлсіз болып қалатын Аллаһтың дұшпандарын жою үшін белгілі жерде және белгілі уақытта жарылатын тірі бомбаға айналады. Бұл жасөспірімдер өз жерін – мұсылмандардың жерін, өз дінін, ар-намысын, ұлтын қорғауда… Олар – өз өмірін аямайтын және Аллаһтың жолында оларды ерікті түрде құрбан ететін шынайы шәһидтер. Олар таза ниетке ие және өз агрессиясын табанды түрде жалғастырып жатқан, өз күш-қуатымен және оларды басқа да ірі күштер қолдайтындығымен сүйсінген Аллаһтың дұшпандарын қорқыту үшін күрестің осындай түріне баруға мәжбүр. Бұл жасөспірімдер олардың жерлерін басып алғандарға, олардың отбасыларын осы жерден қуып жібергендерге қарсылық жасауда. Олар өздерінің құқықтарына қол сұққандарға және оларды болашақтан айырғандарға қарсы күресуде. Ал дұшпандар оларға және олардың дініне қарсы өз агрессиясын тоқтатпайынша, олар өзін қорғауға міндетті, оларға Исламның Ұлы жерінің бөлігі болған өз жерлерін өз еркімен беруге рұқсат етілмейді», – дейді.

Бұл жалынды және эмоционалды сөз қандайда бір дәлелдерге сүйенбейді, және тәжірибе «шәһидтік» актілер олардың жақтаушылары мақтанатын нәтижелерге қарама-қарсы болған нәтижелерге келтіретінін көрсетуде. Израильдіктер өлтірген палестиналықтардың саны палестиналықтардың жасаған «шәһидтік» актілерден зардап шеккендерден көп есе асады. Бұдан тыс израильдіктер палестина қозғалысының көптеген белсеңділері мен жетекшілерін қиянатшылдықпен өлтірді. Олардың қысымы соған дейін жетті, олар Палестина халқынның барлығын үлкен гетто сияқты жерге, қабырғамен қоршалған қазіргі заманның «концлагеріне» қамап тастады. «Шәһидтік» актілер дұшпанның ызалануына әкеп соқтырды және оның өшпенділігін арттырды, біз бұл жөнінде алдын айтқанымыздай. Бұл актілер дұшпанның қолын босатты және оларды мұсылмандарға қарсы жаңа қылмыстарға ынталандырды. Мұның үстіне, бұл актілер дүние жүзіндегі барлық мұсылман еместерді әрбір мұсылман ер мен әйелге қарсы бағыттап қойды. Ал ендеше, сендер бұл актілердің қандай пайдасы және қандай игілігі туралы айтып тұрсыңдар?!

Изрильдіктер темірді бетоннан қабырға тұрғызып, палестиналықтардың қалалары мен елді мекендерін шынайы түрмеге айналдыруда. Бұл құрылыстың нәтижесінде мыңдаған гектар палестиналықтардың жері тәркіленуде. Сонымен бірге израильдіктер осы қабырғаның тұрғызылуына миллиондаған доллар ақша жұмсап, мухиттың арғы жағынан миллиардтаған доллармен өлшенетін көмек алуда.

Егер сіз, құрметті доқтор, бұл актілерді палестинада рұқсат беріп жатқан болсаңыз, онда сіздің логикаңызға ілесіп, сіз олардың орындалуын дүние жүзінің барлық жерінде де: мысалы, Америкада, Индонезияда, Сауд Арабиясында, Кувейтте, немесе Мароккода орындалуын да рұқсат етуіңіз керек, – өйткені оларды осы елдерде орындап жатқандардың да дәйегі – тура сондай. Олар сионисттермен және оларға ерекше қолдау көрсетіп жатқандармен күресіп жатыр мыс. Онда, құрметті доктор, сіз реттілікті сақтап, Ресейде орын алған оқиғаларды да мақұлдауыңыз керек ғой, өйткені, осының барлығының негізінде бір-ақ принцип – өзгелердің қаза болуы үшін өзін-өзі өлтіру жатыр.

Доктор әл-Кардауи Палестинадан тыс жасалып жатқан актілерді айыптайды және тіпті оларға тыйым салады. Алайда: «Мұндай актілер қай жерде өткізілетінінің қандай айырмашылығы бар және оларды жер бетінің бір бөлігінде жасауға рұқсат беруде және басқа бір бөлігінде тыйым салуда не нәрселер өлшем болады?» – деп сұрағымыз келеді.

Ескертпелер:

1. «Шәһидтік» актілердің ұйымдастырушылары және жақтаушылары жиі жағдайда ғалымдарды «сарай діндарлары», «хайыз бен нифәс діндарлары», «сары қағаз діндарлары» деп т.б. атап, қаралайды және олардан адамдарды кері бұрғысы келеді. Олар бұл ғалымдар тәуелді және қаналған деп ойлайды. Аллаһ бізді мұндай көзқарастардан сақтасын! Бұл – идеологиялық террордан өзге еш нәрсе емес, өйткені бұл көзқарастарды насихаттаушылардың мақсаты – адамдарды қорқытып, оларды ірі ғалымдарға жүгінуден, әсіресе олардың ішіндегі өзін-өзі өлтіру және зорлық актілерге қарсы шығатындарына жүгінуден бас тартқызу болып табылады. Ал, осы актілердің жақтаушылары өздерінің пікірімен келісетіндерді тауып алса, оларға арнап мақтау дифирамбтарын (салтанатты мақтау өлеңі) сайрай бастайды, бұл әш-Шуәйбимен, әл-Ульуәнмен және әл-Мәуләуимен орын алғандай.

2.Осыған байланысты көрнекті ғалым Ибн Баздың «Араб ұлтшылдығын әшкерелеу» деген шағын мақаласы бар. Аллаһ Тағала маған да ұлтшылдық философияны және нәсілшілдікті әшкерелеуге арналған қарапайым, түсінікті очерк жазуды жеңілдетті.

3.«Ассасидердің құпиялары» кітабын қараңыз. Шәрджә, Дар әл-Фәтх.

4.Бұл тақырыпқа алдын имам әл-Ғазалидің сөздері келтірілген еді.

5.Хасан Айюб, «Джихад и подвиг в Исламе», 166-167 – беттер.

6.Әбу Бәсырдің уақиғасы Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) құрайштықтармен Худайбия келісімін жасасқаннан кейін орын алды. Бұл келісім бойынша мұсылмандар Исламды қабылдап, Пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) келген кез-келген адамды құрайштықтарға қайтаруға міндетті болды. Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл келісім-шартқа қол қойған соң Мәдинаға қайтып келгенде, оған құрайштықтардан қашып келген Әбу Бәсыр келді. Алайда, Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын), келісім-шарттың шарттарын орындап, Әбу Бәсырды оның ізінен қуып келген екі құрайштықтарға қайтып берді. Құрайштықтар оны өздерімен бірге Мәдинадан алып кетті. Зуль-Хуләйфәға жеткен кезде, олар құрма жеу үшін аттарынан түсті. Әбу Бәсыр олардың біреуіне: «Аллаһпен ант етемін, Сенің қылышың өте мықты екені көрініп тұр!» – деді. Сонда екіншісі қылышын қынынан шығарып: «Аллаһпен ант етемін, ол шындығында да өте мықты және мен оны бір неше рет іс жүзінде көрдім», – деді. Әбу Бәсыр: «Мен оны көрсем болады ма?» – деді, ал ол оған қылышты берген кезде, Әбу Бәсыр онымен кәпірді өлгенінше шауып тастады. Ал, екінші құрайштық қашып үлгерді де, Мәдинаға жеткенге дейін тоқтамады. Ол мешітке жүгіріп кірген кезде Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Мына адам бір нәрседен қорыққан сияқты ғой», – деді. Ал ол Пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) жақындап келіп: «Аллаһпен ант етемін, менің жолдасым өлтірілді, мен де!» – деді. Кейін Әбу Бәсыр келді де: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Аллаһпен ант етемін, Аллаһ сені барлық міндеттемелерден босатты, өйткені сен мені оларға қайтарып бердің, ал содан соң Аллаһ мені олардан құтқарды», – деді. Ал, Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Оның шешесіне қасірет! Егер онымен бірге тағы біреу болғанда, ол (бізді) соғысқа алып келер еді», – деді. Бұл сөздерді естіген Әбу Бәсыр Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оны құрайштықтарға қайтарып беретінін түсінді де, мешіттен қашып шықты және теңіздің жағалауына жеткенше тоқтамай қаша берді. Ол жерде ол Әбу Джәндәлмен кездесіп, онымен бірге қарулы отряд құрып, құрайштықтардың керуендеріне шабуылдар жасай бастады. Сөйтіп, олар құрайштықтарды Пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) келіп, оған келетін мұсылмандарды қабылдауын (құрайштықтарға қайтармауын) сұрап, өтініш жасауға мәжбүр етті. Бұл хадисті әл-Бухари жеткізген.

Категория: Мақалалар | Добавил: admin (24.05.2011)
Просмотров: 797 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]