Қош келдіңіз Гость • Тіркелу • Кіру • RSS
Жұма, 26.4.2024, 08:40
Главная » Статьи » Қазақ тілінде » Мақалалар

Намаздың құндылықтары
Ислам рүкіндерінің екіншісі — намаз

Аса рақымды, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын.
Расында Аллаһ Тағаланың өз пенделерін бір нәрсеге бұйыруында немесе бір нәрседен қайтаруында көптеген сыр-хикметтер бар. Аллаһ Тағала өзінің құлдарын бір нәрсеге бұйырса, оның оларға бір қажеті бар, немесе Аллаһ оларға мұқтаж болғандықтан бұйырады деген емес. Керісінше пенделердің сол бұйырылған немесе қайтарылған нәрсеге мұқтаж болғандықтары үшін, олардың діндерінде және дүние істерінде олар үшін көптеген пайдалар болғандығы үшін бұйырады. Аллаһтың бізге бұйырған құлшылықтарында біздің әрқайсымыз үшін, біздің жамағатымыз бен от басымыз және жалпы еліміз үшін және біздің дене мүшелеріміз әрі жүректеріміз үшін көптеген пайдалар бар. Өйткені егер жүректер түзелсе, басқа денелер де түзеледі. Пайғамбарымыз хадисінде айтады:
"ألا و إن في الجسد مضغة إذا صلحت صلح الجسد كله و إذا فسدت فسد الجسد كله ألا و هي القلب"
«Байқаңдар, расында денеде бір түйір ет бар, егер ол түзелсе, дене мүшелердің барлығы түзеледі, ал егер ол бұзылса дене мүшелердің барлығы бұзылады, ол жүрек .”
Құрметті жамағат! Сіздер Раббыларыңызға мұқтажсыздар, сіздердің оған деген қажеттіліктеріңіз қас қағым сәтке де үзілмейді. Сондықтан оған құлшылық етіңіздер, оған шүкірлік-тәубе етіп оны зікір етуді тоқтатпаңыздар!
Аллаһ Тағала сіздердің оған жақын болуларыңыз үшін және сіздерді сауапқа бөлендіру үшін сіздерге бес уақыт намазды парыз етті. Ол намаздар жүректерді күнәлардан тазартады және пендені өзінің талап ететін ең жоғарғы мақсаты— жәннатқа жеткізеді. Бұл намаздар — пенде мен оның жаратушасы әрі ризықтандырушы болған Раббысының арасындағы бір байланыс. Адам намазға тұрарда өзінің сыртқы және ішкі дүниесін тазартады. Өйткені ол дәрет алуымен өзінің беті-қолын және аяқтарын жуады және дәреттен кейін:
"أشهد أن لا إله إلا الله وحده لا شريك له وأشهد أن محمدا عبده ورسوله اللهم اجعلني من التوابين واجعلني من المتطهرين"
«Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ және Мұхаммед оның құлы әрі елшісі деп куәлік етемін. Иә Аллаһ! Мені өте көп тәубе етушілерден және тазаланушылардан ете гөр!»- деп өзінің иманын жаңартумен және тәубе етумен ішкі дүниесін тазартады. Сөйтіп ол ең таза болған күйінде «Аллаһу акбар» деп тәкбір айтып, оған мойынсұнған және одан қорыққан күйінде Раббысының алдында тұрады. Намазда тұрғанда жүрегімен де денесімен де ешқайда алаңдамайды, оның жүрегі Аллаһпен байланыста, ал жүзі Аллаһтың үйі қағбаға жөнелтіледі. Сөйтіп ол іштей және сырттай Аллаһқа қараған болады. Намазда Аллаһтың кітабын оқиды және оқығанын көңіліне тоқиды. Құранда келген бұйрықтар мен тыйым салынған нәрселер жайлы ойланады, және онда айтылған қиссалардан ғибрат-үлгі алады. Егер Аллаһтың рақымдылығы жайындағы аяттар келсе, соған жетуді тілейді, ал егер азап жайлы аяттар келсе, одан сақтанып Аллаһтан пана тілейді.
Кейін белін бүгіп рүкүғ қылады. Рүкүғте тұрғанда Аллаһты ұлықтап:
سبحان ربي العظيم
«Аса Ұлы Раббым кемшіліктен пәк» -деп Аллаһтың ұлықтығын есіне алады. Оның ұлықтығының алдында.Оны ұлы, мықты күш иесі деп жүргендердің барлығы бастарын иеді. Оның ұлықтығының алдында асқар таулар түтілген жүн сияқты болып ауада ұшып жүрсе, басқасының жағдайы не болмақ?
Адам намазда осы зікірлерді айтып Раббысын ұлықтайды және ол Аллаһтың:
{فَسَبِّحْ بِاسْمِ رَبِّكَ الْعَظِيمِ}
«Ұлы Раббыңды дәріпте» деген аятқа амал қылған болады.
Кейін Раббысына мадақтар айтқан күйінде, оның берген нығметтеріне шүкірлік еткен күйінде:
"سمع الله لمن حمده"
«Аллаһ өзін мадақтағанның дұғасын қабыл етті»-деп рүкүғтен басын көтереді.
Содан кейін тәкбір айтып өзінің денесіндегі ең шарапатты әрі ең биік мүшесі маңдайын жерге қойып сәждеге жығылады. Сәждеде оның дене мүшелерінің барлығы; басы екі қолы және аяқтары бір деңгейде жерге жабысқан қалпында болады. Сол кезде ол Раббысының барлық төмен нәрседен пәк екенін, оның бйіктігін және ұлықтығын есіне алып, оның сипаттары ең жоғары әрі кәміл екендігін есіне алып:
"سبحان ربي الأعلى"
«Аса жоғары Раббым кемшілік атаулыдан пәк»-деп Раббысына мадақтар айтып,оған дұға етіп жалбарынады. Адам өзінің ең жоғары жері маңдайын бойұсынған күйінде Раббысының алдында сәждеге қойғаны үшін, адам баласының оған ең жақын болатын уақыты осы сәжде қылынды. Сондықтан пайғамбарымыз хадисінде:
"و أما السجود فاكثروا فيه من الدعاء فقمن أن يستجاب لكم"
«Ал сәжде болса, онда дұғаны көбейтіңдер, онда дұғалар көбірек қабыл болады» -деген.
Кейін сәждеден басын көтеріп Раббысының алдында екі қолын сандарына қойып бойұсынған күйінде отырып Аллаһтан өзінің күнәләрінің кешірілуін тілеп, одан рақымдылық пен амандық тілейді. Кейін Аллаһты ұлықтап, әт-тахиатты айтып, пайғамбарымызға салауат айтып және Аллаһтан дүние-ақыреттің зиянынан, тозақ азабы, қабір фитнасынан және мәсіх дәжжал фитнасынан пана тілеп және басқа өзі қалаған дұғаларды айтып намазын аяқтайды.
Құрметті жамағат! Намаздағы адам құлшылықтың бағында серуендеп жүргендей; қиям, рүкүғ, сәжде, құран оқу және зікір ету сияқты құлшылықтың арасында болады. Барлық жағдайда оның жүрегі Раббысымен байланыста. Бұл нығметтен артық қандай нығмет бар? Бұл жағдайдан артық қандай жағдай бар? Сондықтан намаз мүмінге көзінің қарашығындай етілді, намаз уқыты келсе қуанады, таң намазын оқыса бесін қашан болады екен деп намазды сағынышпен күтеді, бесінді оқыса екінтіні, екінтіні оқыса ақшамды, ақшамды оқыса құптанды күтумен болады. Оның жүрегі әр-дайым намазды іздеп тұрады. Өйткені намаз жүректерді тірілтеді, сондықтан адам намаздан шыққанда оның жүрегі нұрланған, қуанышқа толған және өзінің жәйін тапқан күйінде шығады. Сондықтан намаз оқитын адам жақсылықты, итағат-құлшылықты жақсы көреді және жамандықты, күнәні жек көреді. Аллаһ Тағала құранда былай дейді:
{ وَأَقِمِ الصَّلَاةَ إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاء وَالْمُنكَرِ }
«Намаз оқы. Расында намаз арсыздықтан және жамандықтан тыяды».


Намаз куәліктен кейінгі ең маңызды рүкін. Өйткені ол діннің тірегі және адамның қиямет күні ең бірінші сұралатын амалы да намаз болады. Егер намазы дұрыс болса құтылады, ал егер дұрыс болмаса өкінішке әрі зиянға ұшырайды.
Намаз басқа ғибадаттардан өте көп нәрселермен ерекшеленеді. Өйткені Аллаһ Тағала оны пайғамбарымызға тікелей парыз қылды. Ал басқа ғибадаттарды Жебірейіл періште арқылы парыз еткен еді. Аллаһ Тағала намазды адам баласының қадамы жеткен ең биік орында парыз етті, өйткені намазды парыз қылу үшін Аллаһ Тағала пайғамбарымызды жетінші аспанға арнайы көтерген еді. Аллаһ Тағала намазды ең артық түнде парыз етті, ол миғраж түні. Сондықтан намаз ең бйік орында және ең шарапатты уақытта парыз етілген болды. Аллаһ Тағала ең бірінші намазды елу рет қылып парыз етті, кейін пайғамбарымыздың сұранысымен бес уақытқа кемейтілді. Бұл Аллаһтың намазды жақсы көретінін және пендесінің әр дайым намазда болуын ұнататынын білдіреді. Намаздың артықшылықтарының бірі — намаз оқу әр күні парыз. Ал басқа ғибадаттар; қажылық, зекет және ораза жылына бір рет қана парыз етілген. Бұл да Аллаһтың намазды жақсы көретініне делел болады. Намаз сияқты пенденің Аллаһқа мінәжат ететін ғибадат жоқ, бұл намаздың артықшылығын білдіреді. Сондай-ақ намаз бен қажылық сияқты басқа ғибадаттар үшін мұсылмандардың бір жерге жиналулары шариғатталмаған. Намаз қандай жағдай болмасын парыздығы түспейді. Өйткені намаздың кейбір шарттары жоғалса да, оны оқу парыз болады.

Намаз өзінің белгіленген уақытында оқылатын ғибадат. Аллаһ Құранда:
{ إِنَّ الصَّلاَةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَّوْقُوتًا}
"Өйткені, намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз қылынды" – деді. (Ниса. 103)
Аллаһ Тағала бізге намазға сақ болуымызды бұйырып былай деді:
{حَافِظُواْ عَلَى الصَّلَوَاتِ والصَّلاَةِ الْوُسْطَى وَقُومُواْ لِلّهِ قَانِتِينَ}
"Намаздарға, сондай-ақ орта намазға сақтық істеңдер және Аллаһқа бой ұсынған түрде тұрың-дар." (Бақара. 238)
(Аллаһ Тағала бұл аятта намаздарға жалпы сақ болуды және орта намазға (аср намазына) ерекше сақтық қылуды бұйырды. Намазға сақтық қылу — оларды өз уақытында, оның шарттарын, рүкіндерін, намаздағы Аллаһтан қорқуды және барлық уәжіптерімен мустахабтарын өтеу. Намазға сақ болу себепті басқа ғибадаттағра сақтық қылу және жаманшылықтармен күнәлардан тыйылу пайда болады. Әсіресе оны Аллаһ мына сөздерімен бұйырғанындай орындаса:"Аллаһқа бой ұсынған түрде тұрыңдар".
Яғни Аллаһтан қорқып, бой ұсынған түрде тұру. Бұл аятта Аллаһ Тағала бізге намазда қиямға тұруға және Оған бойұсынуға бұйырды, әрі намазда сөйлеуден қайтарды. Бұның барлығы намаздағы асықпаушылықпен болады.)
Аллаһ Тағала басқа аятта намазға жеңілдік білді-ріп,оны уақытынан кешіктірген адамға қияметте азап уәде етілгенін айтты:
{فَخَلَفَ مِن بَعْدِهِمْ خَلْفٌ أَضَاعُوا الصَّلَاةَ وَاتَّبَعُوا الشَّهَوَاتِ فَسَوْفَ يَلْقَوْنَ غَيًّا }
"Бұл пайғамбарлардан кейін орындарына, намазды қойып, нәпсілеріне ергендер келді. Олар жақында (қияметте) адасуларының сазайын тартады", (Марям. 59)
{فَوَيْلٌ لِّلْمُصَلِّينَ (4 ) الَّذِينَ هُمْ عَن صَلَاتِهِمْ سَاهُونَ }
"Намздарын немқұрайлы оқитындарға нендей өкініш". (Мағұн. 4-5)
Намаз — Исламның және күпірлікпен шірктің арасын айырушы белгі. Имам Муслим өзінің "Сахих" атты кітабында Жәбирден риуаят еткен хадисінде ол кісі былай дейді: «Мен пайғамбарымыз-дың былай дегенін естідім:
" إن بين الرجل وبين الشرك و الكفر ترك الصلاة"
"Расында адаммен ширктің және күпірліктің арасындағы айырмашылық – намазды тастау"-деді.
Бурайданың хадисінде пайғамбарымыз :
"العهد الذي بيننا و بينهم الصلاة, فمن تركه فقد كفر"
"Бізбен олардың арасындағы уәде – намаз, кім оны тастаса кәпір болды" – деді. Бұл хадисті имам Ахмад және әһлі сунан сахих иснадпен риуаят еткен.
Намаз жамағатпен мешіттерде өтелуі тиіс, өйткені жамағатпен өтелген намаздың артықшылығы өте үлкен болады. Ибн Омардан риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз былай дейді:
"صلاة الجماعة أفضل من صلاة الفذ بسبع و عشرين درجة"
"Жамағат намазы жеке намаздан жиырма жеті есе артығырақ". Бухарйи, Муслим риуаяты.
Пайғамбарымыз жамағат намазынан қалатын еркектердің үйлерін өртеп жіберуге ниеттеніп былай деген еді:
"من سمع النداء فلم يأت فلا صلاة له إلا من عذر"
"Кімде-кім азанды естіп намазға келмесе, оның үзірінен басқа намазы намаз емес".
Бұл намаздың жамағатта өтелуінің өте ұлы іс екендігін білдіреді.
Намаздың толық болуының және оның Аллаһ-тың алдында қабыл етілуінің бірі: ондағы қорқыныш пен асықпаушылық. Аллаһ Тағала Құранда былай дейді:

{قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ (1) الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ}
«Шынында иман келтіргендер құтылды. Олар сондай мүміндер, намаздарында (қорқы-нышпен) іштей жалбарынады». (Мүминұн. 1-2)
Пайғамбарымыз намазын асығыспен оқыған адамға оны қайта оқуға бұйырған.
Намаз — адамдар арасындағы теңдіктің, бауыр-машылықтың, тәртіптің, сондай-ақ барлықтарының бір болып жүздерін мұсылмандардың қыбласы болған қасиетті Қағбаға бұратын көріністердің бірі. Сондай-ақ намаз — пайғамбарымыз айтқанындай мүміннің рахаты әрі қуанышы: «Менің қуанышым намазда» .
Пайғамбарымызды бір іс қинаса намазға тұрып жәрдем тілейтін, өйткені Аллаһ Тағала:
{ اسْتَعِينُواْ بِالصَّبْرِ وَالصَّلاَةِ }
"Сабыр және намазбен (Аллаһтан) жәрбем тілеңдер!"- деді. Және Біләлға : "Әй Біләл, бізді намазбен қуандыр"–дейтін еді. Өйткені мұсылман адам намазға тұрса өзінің жаратушысы Аллаһтың алдында тұрады, сондықтан оның жүрегі жібіп, жаны тыныштық табады және дене мүшелері Аллаһқа бағынады сондай-ақ ол өзінің Раббысы әрі иесі Аллаһ болғанына қуанады.
Намаздың артықшылықтары өте көп. Оның басқа ғибадаттардан ерекшеленетін артықшылық-тары және намаздың өзара бір-бірінен артық боладын жерлері бар. Мысалы парыз намаздары нәпіл намаздардан артық. Пайғамбарымыз хадисінде бес уақыт намаз жайлы сахабаларына былай деген:
"أرأيتم لو أن نهرا بباب أحدكم يغتسل منه كل يوم خمس مرات، هل يبقى من درنه شيء؟ قالوا: لا يبقى من درنه شيء، قال: فكذلك مثل الصلوات الخمس، يمحو الله بهن الخطايا"
«Қалай ойлайсыңдар, егер сендердің біреулеріңіздің есігінің алдында өзен болса, ол онда күніне бес рет жуынатын болса, оның денесінде кірі қала ма?» Сахабалар: «Жоқ, кірінен еш нәрсе қалмайды» -деді. Пайғамбарымыз : «Сол сияқты бес уақыт намаз, Аллаһ олармен қателерді өшіреді» -деді.
Ал парыздардың ішінде таң намазы мен асыр намазының сауаптары ерекше.
Таң намазының ерекшеленетін себебі: Аллаһ Құранда:
{أَقِمِ الصَّلاَةَ لِدُلُوكِ الشَّمْسِ إِلَى غَسَقِ اللَّيْلِ وَقُرْآنَ الْفَجْرِ إِنَّ قُرْآنَ الْفَجْرِ كَانَ مَشْهُودًا}
«Күн ауғаннан түннің қараңғысына дейін намазды толық орында, әрі таң намазын оқы. Өйткені таңғы оқуға (күндізгі және түнгі періштелер) қатысады». -деді.
Таң намазына Аллаһ Тағла және перштелер күә болады. Бұл таң намазының дәрежесі өте биік екенін білдіреді. Сондай-ақ таң намазы басқа намаздардан бөлінуімен ерекшеленеді. Өйткені онымен иша намазының арасын түннің ақырғы бөлігі бөледі және онымен бесін намазының арасын күндіздің бірінші жартысы бөледі. Өйткені иша намазының уақыты түннің жартысы болғанда бітеді де ол уақытта парыз намазы жоқ тек тахажжуд намазы бар. Ал күн шыққаннан түс ауғанға дейін де парыз намазы жоқ, ол уақытта тек дұха намазы бар, осыған орай таң намазы өзінен алдыңғы және кейінгі намаздармен байланысы жоқ, тек өзіне арналған жеке уақытта оқылуымен ерекшеленген.
Жоғарыдағы аяттан алынатын пайдалардан —
намаздың дұрыс болуының шарттарына уақыттың кіруі жатады, және ол намаздың парыз болуының себебі, өйткені Аллаһ намазды осы аталған уақыттарда өтеуге бұйырды. Сондай-ақ үзірлі жағдайда бесін мен асыр және ақшам мен құптан намаздарын қосып оқуға рұқсат етіледі, өйткені Аллаһ Тағала олардың уақыттарын барлығын қосып айтты. Сондай-ақ бұл аят таң намазында құранды ұзағырақ оқуға дәлел етеді, өйткені Аллаһ тағала таң намазын таңғы оқу деп атады, және намаздағы құран оқу—оның бір рүкіні екенін білдіреді. Өйткені егер ғибадат оның кейбір бөліктерімен аталса, ол оның парыз екендігін білдіреді.
Асыр намазының артықшылығына келер болсақ, Аллаһ Тағала оны жалпы намаздардан ерекшелен-діріп орта намазы деп ататы:
{حَافِظُواْ عَلَى الصَّلَوَاتِ والصَّلاَةِ الْوُسْطَى }
«Жалпы намаздарға және орта намазына сақтық қылыңдар». Бұл асыр намазының басқа намаздардан көре артықшылығы мол екенін білдіреді.
Таң намазы мен асыр намазының артықшылықтары көп жерде бірге айтылған:
1/Пайғамбарымыз бұл екі намазды оқыған адам жәннатқа кіреді деді:
"من صلى البردين دخل الجنة"
«Кім әл-бардайнды (асыр мен таң намазын) оқыса жәннатқа кіреді». Бұл екеуінің «әл-бардайн», яғни суық деп аталу себебі, екеуі де күннің суыған кезінде оқылады. Таң намазы түннің суыған ақырғы уақытында келсе, асыр намазы күннің ыстығы азайып салқындаған уақытында кейін келеді.
2/Пайғамбарымыз басқа хадисінде бұл екі намаз жайында:
"لا يلج النار أحد صلى قبل طلوع الشمس و قبل غروبها"
«Күннің шығуынан және оның батуынан бұрын намаз оқыған адам тозаққа кірмейді»-деді. Яғни таң намазы мен асыр намаздары.
Бірінші хадисте бұл екеуін оқыған адам жаннатқа кіретін болса, екінші хадисте ол тозақтан құтылады делінді. Бұл нәтиже Аллаһ Тағала Құранда айтқан аятына тура келеді:
{ فَمَن زُحْزِحَ عَنِ النَّارِ وَأُدْخِلَ الْجَنَّةَ فَقَدْ فَازَ }
«Кім оттан құтқарылып, жәннатқа кіргізілсе ақиқат бақытқа жетеді».
Аллаһ Тағала барлығымызды намаздарға, асыр мен таң намаздарына сақ болуымызды пәсіп етсін! Жүзімізді тозақтан сақтап жәннатқа кіргізсін!
Парыздан кейін нәпіл намаздарының орны ерекше. Нәпіл намаздар екіге бөлінеді:
1-белгілі уақытқа байланысты намаздар.
2-белгілі уақытқа байланысы жоқ намаздар.
Белгілі уақытқа байланысты намаздар бірнеше түрге бөлінеді. Оларға күсуф намазы, истисқо, тарауих және үтір намаздары және тағы басқалары жатады.
Белгілі уақытқа байланысы жоқ намаздарға жалпы нәпіл намаздар кіреді. Олардың ішінде түнгі намаздарының сауабы күндізгі намаздардың сауабынан артығырақ. Ал түнгі намаздардың ішінде түннің ақырғы үштен бір бөлігі қалғандағы оқылатын тахажжауд намаздары артығырақ.
Жалпы мұссылман адам барлық намаздарға ұқыпты болуы керек. Өйткені намаздарға немқұрайлы қарау — мұнафықтардың сипатына жатады. Аллаһ Тағала құранда олар жайында былай дейді:
{إِنَّ الْمُنَافِقِينَ يُخَادِعُونَ اللَّهَ وَهُوَ خَادِعُهُمْ وَإِذَا قَامُوا إِلَى الصَّلَاةِ قَامُوا كُسَالَى يُرَاءُونَ النَّاسَ وَلَا يَذْكُرُونَ اللَّهَ إِلَّا قَلِيلًا}
«Әлбетте мұнафықтар Аллаһты алдамақшы болады. Негізінде Аллаһ оларды алдайды. Олар қашан намазға тұрса жалқауланып, адамдар көрсін деп тұрады және Аллаһты кемде-кем еске алады. Олар осы екі арада дел-салда, не олардан емес, не бұлардан емес» .
Пайғамбарымыз хадисінде:
"أثقل الصلاة على المنافقين صلاة العشاء وصلاة الفجر ولو يعلمون ما فيهما لأتوهما ولو حبوا"
«Мұнафықтар үшін ең ауыр намаз — иша мен таң намазы. Егер олар ол екеуінде не бар екенін білсе, оларға еңбектеп болсын келер еді».
Имам Ахмад Абдуллаһ ибн Амр ибн Әл-Астың былай дегенін риуаят етті: « бірде пайғамбарымыз сахабаларының арасында намаз туралы айтып былай деді:
"من حافظ عليها كانت له نورا وبرهانا ونجاة يوم القيامة ومن لم يحافظ عليها لم يكن له نور ولا برهان ولا نجاة وحشر يوم القيامة مع فرعون وهامان وقارون وأبي بن خلف"
«Кімде-кім намаздарға сақ болса ол ол үшін нұр, дәлел және қиямет күні оттан құтылу болады, ал кім де-кім намаздарға сақ болмаса ол оған нұр да, дәлел де және құтылу да болмайды. Әрі ол қияметте Перғауынмен, Һаманмен, Қорунмен және Убай ибн Холафпен бірге тіріледі».
Кейбір хұламалар бұл хадистің шархында былай деген:намазға немқұрайлы болған адам бұлармен бірге тозақта тірілуінің себебі—егер ол намазды әмірлік пен патшалық үшін тастаса ол жер бетінде патшалығы себепті бұзақылық қылған Перғауынға ұқсаған болады. Ал кім намазды мәртебелі жұмыс және уәзірлік себепті тастаса, ол Перғауынның уәзірі Һаманмен бірге тозақта тіріледі. Ол да Перғауын сияқты жер бетінде уәзірлігін қолданып қаншама жаманшылықтар істеген еді. Бірақ қияметте оның уәзірлігі де мәртебесі де оны тозақтан құтқара алмайды. Ал кім намазды мал-дүние, ақша және шаһуаттарына егесу себепті тастаса, ол Исрайл ұрпақтарынан болған Қорунмен бірге тозақта тіріледі. Ол мал-дүниесіне еріп Мұса пайғамбарға ергесуден бас тартқан еді. Аллаһ Тағала ол жайлы құранда:
{إِنَّ قَارُونَ كَانَ مِنْ قَوْمِ مُوسَى فَبَغَى عَلَيْهِمْ}
«Расында Қорун Мусаның қаумынан еді, бірақ ол оларға тәкаппарлық көрсетті». -деді. Сонда Аллаһ оны оның мал-мүлкісімен бірге жерге жерге батырып жіберді. Ол қалай Аллаһтың пенделеріне тәккәппарланып, өзін ең бйікпін деп санаса, солай Аллаһ Тағала оны ең төменге батырып жіберді. Ол қияметке дейін жердің төменніне қарай бата береді және қияметте ол оған қосымша от азабымен азапталады.
Төртіншісі: Намазды сауда-саттықпен шұғылданып, ақшасын санауы сепепті тастаған адам— Мекке мүшріктерінің саудагерлерінен болған Убай ибн Холафпен бірге тозақта тіріледі. Оны пайғамбарымыз Ұхуд соғысында өзінің шарапатты қолдарымен өлтірген еді.
Сондықтан қандай жағдай болмасын намаздарға өте сақ болу керек. Шама келгенше уақытында, жамағатпен оқуға тырысу керек. Өйткені намазға немқұрайлы қарасақ, жоғарыда айтылғандарға ұқсап қаламыз, ал кім біреуге ұқсаса ол қияметте сонымен бірге тіріледі. Алаһ Құранда:
{احْشُرُوا الَّذِينَ ظَلَمُوا وَأَزْوَاجَهُمْ}
«Залымдарды және оған ұқсаған сыбайластарын жинаңдар» -деп періштелерге бұйырады.

Дайындаған: Сабиев Талғат

Категория: Мақалалар | Добавил: admin (10.10.2011)
Просмотров: 1120 | Теги: солах, намаздың құндылықтары | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]