Қош келдіңіз Гость • Тіркелу • Кіру • RSS
Сенбі, 27.4.2024, 06:44
Главная » Статьи » Қазақ тілінде » Мақалалар

Таухид
ТАУХИД — АЛЛАҺТЫ БІРЛЕУ

بسم الله الرحمن الرحيم

Аллаһ Тағала Құранда : «Жын мен адамзатты тек өзіме құлшылық етулері үшін жараттым»-деді. Бұл аяттағы: «құлшылық етулері үшін»-деген сөзді тәпсіршілер: «Аллаһты бірлеу үшін»-деп тәпсірлейді.

Аллаһты бірлеу — арап тілінде «Таухид» деп аталады. Аллаһ Тағала өзінің пайғамбарларын осы таухидті адамдарға жеткізу үшін жіберген және адамзат пен жын да осы үшін жаратылған. Адам баласына ең біріші парыз болған нәрсе де таухид болып табылады және шариғаттың басқа үкімдері осыдан кейін келеді. Жоғарыдағы аятта айтылғандай Аллаһ Тағала жын мен адамзатты тек өзіне ғана құлшылық етулері үшін жаратты, бұның мағынасы: аса пәк Аллаһты құлшылықта бірлеу, оны жалғыз деп білу, тек Оған ғана құлшылық ету. Адамдар осы дүниеге бекерден-бекер жаратылмаған, тек қана ішіп-жеу үшін немесе үлкен ғимараттар салу үшін, өзендер ағызып теректер өсіру үшін ғана, не басқа дүниенің маңызды істерін атқару үшін ғана жаратылмаған. Керісінше олар өздерінің Раббыларына құлшылық етулері үшін, оны ұлықтау үшін, Раббыларының бұйрықтарын орындап, қайтарғанынан қайту үшін, оның қойған шектеріне тоқтап, басқа пенделерді де олардың Раббыларына шақырулары үшін жаратылған. Жер бетіндегі әр-түрлі нығметтер адамдарға Раббыларына итағат етулері үшін жәрдем болсын деп жаратылған. Аллаһ Тағала Құранда: «Ол содай Аллаһ, жер жүзіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты»-деді. (Бақара.29) Басқа аятта: « Ол өз қалауымен сендерге көктердегі әрі жердегі нәрселерді бағындарды»-деді. (Жасия. 13)

Адамдардың Аллаһқа құлшылық етулері оңай болуы үшін Аллаһ Тағала аспаннан жаңбыр жаудырып, өзендер ағызды және олар үшін жерден әр-түрлі ризық шығарды. Бұл жайында Құранда былай делінген: «Ол сондай Аллаһ, сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әр-түрлі өсімдіктен ризық шығарды. Сондықтан біле тұра Аллаһқа серік қоспаңдар!». (Бақара.22)

Аллаһ Тағала адамдар қиямет күні және осы өмірде «біз білмедік» - деп сылтау етпеулері үшін оларға Аллаһтың бірлігін және тек оған ғана құлшылық ету керек екенін жеткізетін пайғамбарлар жіберді. Аллаһ Тағала Құранда: «Расында әр үмметке: «Аллаһқа құлшылық етіңдер де тоғуттан сақ болыңдар» дейтін елші жібердік» - дейді. (Нахыл. 36). Басқа аяттарда: « (Мұхаммед), Сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек, оған: «Күдіксіз менен басқа ешбір тәңір жоқ, онда Маған ғана құлшылық етіңдер!»-деп уахи етіп жібердік» - деді (Әнбиә.25),

«Раббың тек өзіне ғана құлшылық етуді бұйырды» (Исра.23),

«(Иә Аллаһ!) Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі сенен ғана жәрдем тілейміз»-деді. (Фатиха. 5)

Қасиетті Құран Кәрімде Аллаһ Тағала адамдарды тек оған ғана құлшылық етулері үшін жаратқандығын және соған бұйырып, сол үшін пайғамбарлар жіберіп, адамдарды бір Аллаһқа шақырғандарын баяндайтын аяттар өте көп. Содықтан білім иелеріне, пайғамбарлардың мирасқорларына және имамдарға осы ұлық нәрсені; таухидті халыққа баяндау, олардан бір Аллаһқа құлшылық етуді талап қылу уәжіп болады. Міне осы мәселеге басты назарды аудару керек, өйткені егер адам қылған құлшылығында Аллаһқа ортақ қосатын болса оның амалдары жойылып кетеді де ол ақіретте оған еш пайда бермейді. Аллаһ Тағала бізді оған ортақ қосудан ескертіп былай дейді: «Егер олар ортақ қосса еді, әлбетте олардың істеген амалдары жойылып кетер еді» (Анғам.88), «Олар бір іс істеген болса, (қиямет күні) рас оны қолға алып, шашылған тозаңға айналдырамыз» (Фұрқан. 23), «(Мұхаммед!) Расында саған да, сенен бұрыныларға да: «Егер ортақ қоссаң, әлбетте амалың жойылып кетеді де, анық зиянға ұшыраушылардан боласың» деп уахи етілді»-деді. (Зүмәр.65)

Осы жайлы аяттар өте көп. Таухидтің ең басты мәселе екенін пайғамбарымыздың өмірінен де байқауға болады. Өйткені пайғамбарымыз Меккеде намаз және басқа ғибадаттар парыз болудан бұрын он жыл бойы адамдарды бір Аллаһқа құлшылық етуге және оған ортақ қосуды тастауға шақырды. Пайғамбарымыз он жыл бойы осы таухидті баяндады. Бұдан мақсат: шындығында бұл таухид — Исламдағы ең ұлық негіз. Қашан адамдар осы негізді жоғалтса, немесе оған жеңілдік білдіретін болса, Аллаһтың алдындағы ең үкен әрі оны ешкімге кешірмейтін күнәға тап болады. Ол күнә — Аллаһқа ортақ қосу. Қазіргі күнде көптеген адамдар өлілердің қабірлеріне табынып, оларды тауаф етіп, олардан жәрдем тілейді, олардан ауруларына шипа сұрайды. Мұның барлығы ол адамдардың діннен ұзақ, надан болғандықтарынан және Исламның ең басты негізі таухидті білмегендіктерінен. Сол себепті олар ширкке жолығып, оны өздеріне дін қылып, Аллаһқа өлілердің аруақтары бізді жақындастырады, бізге олар Аллаһтың алдыңда шапағатшы болады және біздің дұғаларымызды Аллаһқа жеткізеді деп ойлайды. Бұның барлығы дінде жоқ нәрсе, пайғамбарымыз өлілердің аруақтарына емес, Аллаһқа құлшылық етуге жақырған.

Аллаһ Тағала баршамызды өзінің ықыласты, тақуа құлдарынан қылсын! Әмин!
Категория: Мақалалар | Добавил: admin (22.09.2011)
Просмотров: 986 | Теги: құлшылық, Таухид, ширк | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]