Қош келдіңіз Гость • Тіркелу • Кіру • RSS
Сенбі, 20.4.2024, 03:35
Главная » Статьи » Қазақ тілінде » Мақалалар

Таухид рубубияны мойындау жеткілікті емес

Тухид рубубияны мойндау тозақтан құтқармайды

Таухид рубубия таухидтің үш түрінің біріне жатады. Бірақ та таухидтің бұл түрін ғана мойындаған адам таухидті толық іске асырған болмайды. Өйткені пайғамбарлардың жіберілген мақсаттары бұл емес. Олардың шақырған нәрселері таухид улуһия еді. Сондықтан адам қанша Аллаһтың жалғыз өзі ғана жаратушы, өлтіруші, тірілтуші деп иман келтірсе де, құлшылықты тек осы істер оның қолында болған Аллаһқа ғана арнамаса, оның рубубияны мойындауы — оны тозақтан аман алып қала алмайды. Бұған дәлел: Аллаһ құранда айтады:

{وَمَا يُؤْمِنُ أَكْثَرُهُمْ بِاللّهِ إِلاَّ وَهُم مُّشْرِكُونَ}

"Олардың көбі Аллаһқа серік келтірген күйде ғана иман келтіреді ".[1]

Аяттың мағынасы: олардың көбі Аллаһты раббы, жаратушы, ризық беруші, істерді басқарушы деп мойындайды-бұл таухид рубубия-бірақ олар құлшылықта оған пұттарды ортақ қосады. Бұл мағынаны сахабалар және табиғиндерден болған тәпсіршілер айтқан.

Ибн Аббас айтады: "Олардың имандарынан егер оларға аспанды, жерді, тауларды кім жаратты деп айтылса, олар: Аллаһ дейді, бірақ олар оған серік келтіреді".

Икрима айтады: "Олардан сендерді, аспан мен жерді кім жаратты деп сұрасаң, олар: "Аллаһ"- дейді, бұл олардың Аллаһқа деген имандары. Сөйте тұра олар басқаға құлшылық етеді".

Сәләфтардан бұл жайлы келген сөздер көп кездеседі.

Құранда көптеген аяттарда мүшріктердің таухид рубубияны мойындағандары және құлшылықта оған ортақ қосқандары жайлы айтылған. Соның бірі:

{وَلَئِن سَأَلْتَهُم مَّنْ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ وَسَخَّرَ الشَّمْسَ وَالْقَمَرَ لَيَقُولُنَّ اللَّهُ فَأَنَّى يُؤْفَكُونَ}

"Егер олардан: көктер мен жерді жаратқан, күн мен айды өз еркіне бағындырған кім?-деп сұрасаң, олар Аллаһ дейді. Ондай болса, олар сол Аллаһқа құлшылық етудің орнына қайда бұрылып кетіп барады?".[2]

{وَلَئِن سَأَلْتَهُم مَّن نَّزَّلَ مِنَ السَّمَاء مَاء فَأَحْيَا بِهِ الْأَرْضَ مِن بَعْدِ مَوْتِهَا لَيَقُولُنَّ اللَّهُ قُلِ الْحَمْدُ لِلَّهِ بَلْ أَكْثَرُهُمْ لَا يَعْقِلُونَ}

"Олардан: көктен жаңбыр жаудырған, жерді өлгеннен кейін қайта тірілткен кім деп сұрасаң, олар: Аллаһ дейді. Оларға: моындағандарың үшін Аллаһқа мадақ болсын де. Бірақ олардың көбі ойланбайды".[3]

{وَلَئِن سَأَلْتَهُم مَّنْ خَلَقَهُمْ لَيَقُولُنَّ اللَّهُ فَأَنَّى يُؤْفَكُونَ}

"Егер олардан: оларды кім жаратты деп сұрасаң, Аллаһ деп айтады. Ондай болса олар қайда кетіп барады".[4]

Мүшріктер ол пұттарды жаратады, жаңбыр жаудырады немесе өлтіріп тірілтеді деп білмейтін. Керісінше бұның барлығы Аллаһтың қолында деп иман келтіретін еді. Бірақ олар сол пұттарды бізді Аллаһқа жақындатады, бізге оның алдында шапағатшы болады деп оларды өздеріне бір дәнекер ретінде оларға құлшылық ететін еді. Сондықтан Аллаһ тағала айтады:

{ وَالَّذِينَ اتَّخَذُوا مِن دُونِهِ أَوْلِيَاء مَا نَعْبُدُهُمْ إِلَّا لِيُقَرِّبُونَا إِلَى اللَّهِ زُلْفَى }

"Аллаһтан басқаны құдай етіп алғандар: "Біз оларға бізді Аллаһқа жақындатулары үшін ғана құлшылық етеміз"-дейді".[5]

Мүшріктердің өстіп жалпы таухид рубубияны моындаулары оларды исламға кіргізбеді. Керісінше Аллаһ оларға мүшрік, кәпір деп үкім етті, оларды мәңгі тозақта қалады деді. Не үшін? Олардың таухид улуһияны мойындамағандары үшін.

Міне осыдан таухид рубубияны мойындап, улуһияны мойындамаса ол адамды тозақтан құтқара алмайтынын білуге болады. Сондай ақ Аллаһтың жаратушы, тірілтуші, өлтіруші, ризықтандырушы сияқты рубубия сипаттарын білу — бұл адамға тек қана сол сипаттарға ие болған жалғыз Аллаһқа құлшылық етуіне кескінді дәлел болады.

Таухид рубубия қаншалықты адамдардың көкірегінде орныққаны, жалпы халықтар оны мойындағаны және Аллаһтың рубубия сипаттарын баяндайтын дәлелдердің анық екендігі ешкімге жасырын емес. Алайда адамдардың арасында таухидтің бұл түрінде де ауытқулар болған. Оларды қысқаша төмендегідей баяндауға болады.

1)Аллаһтың рубубия сипаттарын түбегейлі жоққа шығарғандар, тіпті Аллаһтың өзін де жоқ дегендер. Олар атейсттер және арап мүшріктері. Олар бұл әлемді, ондағы жаратылыстарды Аллаһ емес, табиғат жаратты деп ойлайды. Және бұл әлем тек бір күн мен түннің ауысуы, жәй ғана бір уақыт, біреулер өледі біреулер өмір сүреді, ешқандай бір ақырет, не қиямет жоқ деп біледі. Олар:

{ مَا هِيَ إِلَّا حَيَاتُنَا الدُّنْيَا نَمُوتُ وَنَحْيَا وَمَا يُهْلِكُنَا إِلَّا الدَّهْرُ}

"Өмір тек осы дүниедегі өміріміз,біреулеріміз өліп, біреулеріміз өмірге келе береміз. Бізді Аллаһ емес, тек уақыттың өтуі ғана өлтіреді "[6]-дейді.

Бұлардың мақсаттары пайғамбарлардың дағуаттарын жоққа шығару сонымен қатар қияметті де інкәр қылу. Бұл күпірлік әрі қате түсінік. Аллаһ Тағала олардың осы айтқандарына былай деп қайтарды:

{وَمَا لَهُم بِذَلِكَ مِنْ عِلْمٍ إِنْ هُمْ إِلَّا يَظُنُّونَ}

"Олардың бұл жайында ешбір білімдері жоқ, олар тек солай деп ойлайды"[7].

{وَإِذَا تُتْلَى عَلَيْهِمْ آيَاتُنَا بَيِّنَاتٍ مَّا كَانَ حُجَّتَهُمْ إِلَّا أَن قَالُوا ائْتُوا بِآبَائِنَا إِن كُنتُمْ صَادِقِينَ}

"Қашан оларға қайта тірілудің шын екендігі туралы біздің айқын аяттарымыз оқылса, олардың бұл аяттарға қарсы дәлелдері тек: "Егер айтқандарың шын болса, ата-бабаларымызды тірілтіп келтіріңдерші"-деулері ғана болады".

{قُلِ اللَّهُ يُحْيِيكُمْ ثُمَّ يُمِيتُكُمْ ثُمَّ يَجْمَعُكُمْ إِلَى يَوْمِ الْقِيَامَةِ لَا رَيبَ فِيهِ وَلَكِنَّ أَكَثَرَ النَّاسِ لَا يَعْلَمُونَ}

"Оларға айт:"Аллаһ сендерге өмір береді, сосын ажалдарың жеткеннен кейін сендерді өлтіреді, сонан соң сендерді еш күмәнсіз келетін ақырет күніне жинайды. Бірақ адамдардың көбі мұны білмейді"-де".[8]

2)Аллаһ Тағаланың тірілту, өлтіру не пайда мен зиянның келтіруін інкәр қылғандар.

Кімде-кім осы нәрселерге Аллаһтың құдіреті жетпейді десе ол адам кәпір болады. Өйткені осы сөзді айтқан адамды Аллаһ құранда кәпір деген:

{زَعَمَ الَّذِينَ كَفَرُوا أَن لَّن يُبْعَثُوا قُلْ بَلَى وَرَبِّي لَتُبْعَثُنَّ ثُمَّ لَتُنَبَّؤُنَّ بِمَا عَمِلْتُمْ وَذَلِكَ عَلَى اللَّهِ يَسِيرٌ}

"Кәпірлер ешқашан қайта тірілмейміз деп ойлайды. Оларға: Жоқ! Раббыма ант етемін, әлбетте өлгеннен кейін қайта тірілесіңдер, сосын сендерге істеген амалдарыңның хабары беріледі. Бұл Аллаһқа өте оңай" - де."[9] Демек Аллаһ оларды қайта тірілтіп қана қоймай олардың осы өмірдегі істеген амалдарының барлығынан; кішісінен де үлкенінен де, жақсысынан де жаманынан да хабар етеді, және жазасын береді.

Аллаһ Тағала өз пендесіне осы дүниеде өліні қайта тірілткенін көрсеткен. Бұл жайында бақара сүресінде бес мысал келтірілген, соның біреуін айтатын болсақ: Мұса ның қаумы оған: "Әй, Мұса Аллаһты әшкере көрмейінше саған еш иман келтірмейміз дейді". Сонда Аллаһ оларды өлтіріп кейін қайта тірілтеді. Бұл жайында Аллаһ исрайл ұрпақтарына айтады:

{وَإِذْ قُلْتُمْ يَا مُوسَى لَن نُّؤْمِنَ لَكَ حَتَّى نَرَى اللَّهَ جَهْرَةً فَأَخَذَتْكُمُ الصَّاعِقَةُ وَأَنتُمْ تَنظُرُونَ، ثُمَّ بَعَثْنَاكُم مِّن بَعْدِ مَوْتِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ}

"Әй, Исрайл ұрпақтары, естеріңе алыңдар: Мұсаға: Ей, Мұса,Аллаһты әшкере көрмейінше саған ешқашан сенбейміз"-деп тұрғандарыңда, сендерді көз алдарыңда жасын найзағай ұрды. Содан кейін, шүкіршілік етулерің үшін өлгендеріңнен кейін қайта тірілттік"-дейді.[10]

3)Аллаһтың рубубия сипаттарының кейбірін басқа біреуге ніспеттегендер. Бұл мүшріктердің ісі. Олар өздерінің құлшылық еткен пұттары әлемдегі кейбір істерді басқарады деп ойлайды. Бұл олардың шайтанның жетегіне түскендіктерінен болған. Шайтан олардың әрқайсысының ақылына сай оларды адастырған. Біреулерін өліктерді ұлықтау арқылы өзіне құлшылық еткізген. Өлген ізгі адамдардың мүсінін жасаған Нұх қаумы сияқты. Тағы біреулеріне аспандағы жұлдыздарды пұт қылдырып соларға құлшылық еткізген. Тағы біреулері қолдан жасаған пұттың ішінде бір тірі рұх бар деп, соған құлшылық еткен. Олар қазіргі және бұрынғы замандағы қабірлерге құлшылық ететіндер сияқты. Олар негізінде сол бір ай-даладағы тұрған кесенеге құлшылық етпейді, бірақ оның ішінде әулиенің аруағы бар, сол бізді қолдайды, Аллаһқа жақындатады, бізге Аллаһтың алдында шапағатша болады діп құлшылық етеді. Сондай-ақ кейбіреулері өздерінің құлшылық еткендері Аллаһтың балалары деп адасқан. Олар арап мүшріктері мен Християндар. Мүшріктер періштелерге олар Аллаһтың қыздары деп құлшылық еткен. Ал християндар Иса ға ол Аллаһтың баласы деп құлшылық еткен.

Бұның барлығы күпірлікке болады.

Аллаһ Тағала Құран кәрімде бұлардың барлығын қайтарған.

1)Пұттарға табынушыларға:

{أَفَرَأَيْتُمُ اللَّاتَ وَالْعُزَّى ، وَمَنَاةَ الثَّالِثَةَ الْأُخْرَى}

"Лат пен ұззаны көрдің дер ме? Және басқа үшінші (төмен болған) манатты көрдің дер ме?".[11]

Яғни, бұл пұттар Аллаһқа серік болатындай бір пайда не зиян әкелгенін көрдіңдер ме? Тіпті оларды Аллаһтың елшісі және сахабалары сындырған кезде өз өздерін қорғай алды ма? Жоқ, олар өздерін өздері қорғай алмайды, басқа біреуді қайдан қорғасын? Мүшріктер олардың қолынан еш нәрсе келмейтінін, олар естімейтін соқыр, мылқау екенін білетін еді, бірақ оларға тек өз ата-бабаларына ергендіктерінен ған құлшылық ететін еді. Ал ата-бабаға еру еш бір дәлел болмайды.

2)Жұлдыздарға, күн мен айға құлшылық еткендерге былай деп қайтарды:

{ وَالشَّمْسَ وَالْقَمَرَ وَالنُّجُومَ مُسَخَّرَاتٍ بِأَمْرِهِ }

"Ол күн, ай және жұлдыздарды өз әміріне бойұсындырылған күйде жаратты"[12]-деді.

Яғни олар біріншіден Аллаһтың жаратылыстары, екіншіден олар Аллаһқа бойұсынады. Ондай болса олар қалай құдай бола алады?

Тағы бір аятта айтты:

{وَمِنْ آيَاتِهِ اللَّيْلُ وَالنَّهَارُ وَالشَّمْسُ وَالْقَمَرُ لَا تَسْجُدُوا لِلشَّمْسِ وَلَا لِلْقَمَرِ وَاسْجُدُوا لِلَّهِ الَّذِي خَلَقَهُنَّ إِن كُنتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ}

"Түн мен күндіз және күн мен ай Аллаһтың бірлігін және құдіретін көрсететін белгілерінен. Егер Аллаһқа құлшылық қылатын болсаңдар, күнге де айға да сәжде қылмаңдар, бәлкім олардың барлығын жаратқан Аллаһқа сәжде қылыңдар"[13]-деді.

3)Иса ға және періштелерге олар Аллаһтың балалары деп құлшылық еткендерге бырай деп қайтарды:

{مَا اتَّخَذَ اللَّهُ مِن وَلَدٍ }

"Аллаһтың баласы жоқ"[14]

Тағы бір аятта:

{ أَنَّى يَكُونُ لَهُ وَلَدٌ وَلَمْ تَكُن لَّهُ صَاحِبَةٌ وَخَلَقَ كُلَّ شَيْءٍ وهُوَ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ}

"Оған бала қайдан болады, оның жұбайы жоқ. Ол барлық нәрсені жаратты және ол барлық нәрсені толық білуші."[15]

Яғни Аллаһ еш нәрсеге мұқтаж еме, жұбайға да балаға да, керісінше бүкіл әлем оған мұқтаж, Аллаһтың алдында кез-келген бай да кедей де пақыр болды. Аллаһқа жаратылыстарынан еш нәрсе ұқсамайды.

Дайындаған:Абдурахим Абу Абдулла



[1] Юсуф.106

[2] Анкабут.61

[3] Анкабут.63

[4] Зұхруф.87

[5] Зүмар.3

[6] Жәсия.24

[7] Жәсия.24

[8] Жәсия 26

[9] Тағабун.7

[10] Бақара. 5,6

[11] Нәжм.19-20

[12] Ағраф54

[13] Фуссилат.37

[14] Мүміндер.91

[15] Анғам.101

Категория: Мақалалар | Добавил: admin (16.10.2011)
Просмотров: 805 | Теги: негіз, таухид рубубия, ақида мәтіндері | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]