Қош келдіңіз Гость • Тіркелу • Кіру • RSS
Жұма, 26.4.2024, 19:45
Главная » Файлы » Қазақ тілінде » Ақида

ИМАН ШАРТ
[ Скачать с сервера (352.0 Kb) ] 08.07.2011, 08:07

                                                                                                                                      ИМАН ШАРТ  (Жәннәттан үміті бар адамдар үшін)                            АСА ҚАМҚОР, МЕЙІРІМДІ АЛЛАҺТЫН АТЫМЕН!       

   Бүкіл әлемнің Раббы Аллаһқа мадақ! Пайғамбарымыз Мұхаммедке, отбасына және оның жолымен жүрген бүкіл үмметіне Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын!

Омар бин аль Хаттабтың (Ол кісіге Аллаһ разы болсын!) жеткізуі бойынша: «Біз Аллаһтың елшісімен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бірге отырған бір күні, біздің арамызға ерекше ақ киімді және ерекше қара шашты кісі кіріп келді. Оның үстінде сапар шеккен адамның ешбір ізі болмады, бірақ біздің арамызда оны танитын да ешкім болмады. Ол Пайғамбардың, оған Аллаһтың иілігі мен сәлемі болсын, алдына келіп отырды. Тізелерін оның тізелеріне тигізіп және қолдарын аяғына қойып: «Иә Мұхаммад, маған ИСЛАМ жайлы айтшы», - деді. Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Ислам дегеніміз - ол 1) Аллаһтан басқа құдай жоқ екендігі және Мұхаммад Аллаһтың елшісі екендігіне сену, 2) намаз оқу, 3) зекет төлеу, 4) Рамадан айында ораза ұстау және 5) мүмкіндігің болса қажыға бару», - деп айтты. Ол (келген адам): «Сен дұрыс айттың», - деді, ал біз болсақ, оның Аллаһтың елшісінен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, әуелі сұрап алып, артынша оның жауабына «дұрыс айттың» дегеніне таң қалдық. Ол: «Енді маған ИМАН жайлы айтшы», - деді. Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Ол дегеніміз: 1) Аллаһқа, 2) Оның періштелеріне, 3) Оның кітаптарына, 4) Оның елшілеріне, 5) Қияметке, 6) Барлық жақсылық пен жамандық Аллаһ тарапынан жазмыш екендігіне сену», - деді. Ол: «Сен дұрыс айттың», - деді. Сосын: «Маған ИХСАН жайлы айтшы», - деді. Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Ол дегеніміз, Аллаһты көріп тұрғаныңдай құлшылық ету, неге десе?, (сен Оны көрмесең дe), Оның сені көріп тұрғаны ақиқат», - деді. Ол: «Енді маған ҚИЯМЕТ жайлы айтшы», - деді. Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Сұралушы сұраушыдан артық білмейді», - деді. Ол: «Енді маған оның белгілерін (алдында не болатыны жайлы) айтып берші», - деді. Пайғамбар: «Күң өзінің ханшайымын туады; аш-жалаңаш, бейшара қойшылардың биік  ғимараттар салып жарысқанын көресің», - деді. Содан соң ол (келген кісі) кетті, ал мен бірер уақытқа бөгелдім. Сонда Пайғамбар: «Иә Омар, сен кімнің сұрақ қойғанын білесің бе?», - деді. Мен: «Аллаһ және Аллаһтың елшісі бәрінен жақсы біледі», - дедім. Пайғамбар: «Бұл - сендерді діндеріңе үйретуге келген Жебірейіл (періште)», - деді.[1]   АЛЛАҺҚА ИМАН            Әр адамның жүрегі туылысымен-ақ Жаратушысының бар екендігіне сенуге бейімделген. Абу Хурайра, ол кісіге Аллаһ разы болсын, Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын естіген: «Кез-келген адам өмірге мұсылман болып[2] туылады, бірақ оны ата-анасы иудей, христиан немесе отқа табынушы етеді. Сен бір жануардың туылғанда тұмсығының кесіліп туылғанын көрдің бе? Міне, бұл да сол сияқты.»[3] Әрбір жаратылыстың болуының өзі - Жаратушысының бар екендігін дәлелдейді. Аллаһ Тағала бұл туралы былай дейді: «Олар еш нәрсесіз (өзінен-өзі) жаратылды ма? әлде жаратушы өздері ме?» [4] Басқаша айтқанда, Аллаһ Тағала бізден: «олар Жаратушының қатысуынсыз жаратылды ма? немесе өздігінен жаратылды ма?» деп сұрайды. Әрине, бұл сұраққа жауап - біреу ғана. Әр нәрсе өзінен өзі болуы мүмкін емес және әлбетте оның Жаратушысы бар, ол Жаратушы - Құдіретті Aллah Тағала. Құдіреті күшті Аллаһ Тағаланың бар болуы – табиғи және жүрекке туабітті берілген түйсік болғандықтан, Ислам діні Аллаh Тағаланың бар екендігін дәлелдеуге аса көп мән бермейді. Неге десеңіз, Аллаһ Тағала бар және оны кез-келген нәресте, не кез-келген адам, қай дін өкілі екендігіне қарамастан мойындайды. Жаратушыны әр халық өз тілінде атайды. Мысалы, қазақ «Құдай» десе, орыс «Бог» деп, Оның Жаратушы екендігін мойындағанымен, олар мұсылман болып есептелмейді. Неге? Неге десеңіз, Ислам дінінің ең басты мән беретін мәселесі - Аллаһ Тағаланың жалғыздығы, яғни: «Аллаһтан басқа сыйынуға лайық құдай жоқ!», - деуі. Ислам дінінің негізі - Аллаһқа деген сенім, ал Аллаһқа деген сенімнің негізі - Аллаһтың жалғыздығын мойындау болып табылады. Аллаһ алдында біздің дініміздің қабыл болу шарттарының бірі - Аллаһтың жалғыздығын біліммен бекітілген нақты сеніммен мойындауымыз. Яғни, Аллаһты - бәрінен Жоғары, Біреу және барлық ісінде және қасиетінде Жалғыз және Оның көмекшісі әрі Оған тең келетін ешкім жоқ екендігін мойындау, сондай-ақ, «Оның ұлы, әке-шешесі және қыздары жоқ» деп білу. Сондай-ақ, Аллаһтың жалғыздығын ой-ниетімізбен және іс-әрекетімізбен мойындау да - дініміздің қабыл болуының басты шарттарының бірі болып табылады. Яғни, барлық ой-ниетпен, сөзімізбен және денемізбен орындалатын ғибадатты - тек қана Аллаһ Тағалаға арнау қа жүгініп орындау болып табылады. Әр бір мұсылманға Аллаһтың жалғыздығының екі құрама бөлігін жақсы білу шарт. Олар, Аллаһтың Үстемдікте жалғыздығы және Аллаһтың тәңірлік сипатындағы жалғыздығы.            1. Аллаһтың Үстемдіктегі Жалғыздығы - ол Аллаһ бәрінен Үстем, Ол бүкіл дүниенің Раббысы және Жаратушысы және бүкіл дүниенің билігі Оның қолында екендігі. Оның үстемдігінде және Оның дүниесінде Оған ешкім ортақ емес, яғни барлық жаратылыс - Аллаһтың қолында. Ол - Көк пен Жердің Раббысы, барлығына ризық Беруші. Ол жалғыз Өзі - Жоғарылатушы және Төмендетуші, Беруші және Алушы, жақсылық пен жамандықты Жіберуші де - жалғыз Өзі. Аллаһтың Жалғыздығына сенімнің бұл бөлігін материалист-атеистерден басқаларының бәрі мойындаған. Керек десеңіз, бұтқа табынушы көпқұдайшыл арабтар да Ислам келместен бұрын Аллаһтың - бүкіл жаратылысытың Раббысы екендігін мойындаған. Оған дәлел ретінде Аллаһ Тағаланың мына төмендегі аяттарын мысалға келтіре аламыз: «Егер олардан (яғни көпқұдайшылдардан): «Көктер мен жерді жаратқан және күн мен айды кім іске қосты!?», - деп сұрасаң, әлбетте: «Аллаһ» дейді. Сонда олар қайда лағып барады.»[5] Кәпірлердің бұл жауабынан олардың Аллаһтың - Үстем, яғни бүкіл әлемнің Жаратушысы екендігін мойындағаны көрініп тұр. Бірақ олар Аллаһтың Жалғыздығына сенімінің екінші бөлігі -Аллаһтың тәңірлік сипатындағы жалғыздығын мойындамаған. 2. Аллаһтың тәңірлік сипатындағы жалғыздығы – «бүкіл ғибадатқа, бой ұсынуға және толық бағынуға тек қана Аллаһ  лайықты» деп білу. Бұл дегеніміз: Аллаһтан басқа ешкімге құлшылық етуге болмайтындығын білу және бүкіл құлшылықта Аллаһқа ортақ қоспау, «тек қана Аллаһты құлшылыққа лайықты» деп санау. «Аллаһтан басқа құдай жоқ» деп куәлік берудің мағынасының өзі – «құлшылыққа лайықты Аллаһтан басқа ешкім жоқ» деп түсіну. Аллаһтың үстемдікте жалғыздығы мен Алллаһтың  әңірлік, яғни құлшылықтағы жалғыздығын бірге мойындамай, Аллаһтың Жалғыздығына иман келтіру толық болмайды. Мысалы, христиандар да Аллаһтың Үстем, Жаратушы екендігін мойындаған, бірақ олар Мариям ұлы Исаны Аллаһқа ортақ қосып, «бөлек құдай» деп, оған ғибадаттарын арнағандықтан, яғни оған құлшылық етуі себепті адасуда. Мінеки, Ислам дінінің басы, Ислам дінінің ортасы және Ислам дінінің соңы, былайша айтқанда бүкіл Ислам - Аллаһ Тағаланың Жалғыздығын мойындау, яғни Аллаһтан басқа Құдай жоқ екендігін мойындау болып табылады. Аллаһ Тағала осы үшін бүкіл адамзатты жаратты, осы үшін бүкіл пайғамбарларды жіберді және осы үшін адамзатқа кітаптар түсірді. Сондай-ақ, бүкіл адамзатты бақыттылар және бақытсыздар етіп бөлетін де осы нәрсе болып табылады.   Аллаhқа серік қосу «ШИРК» - Аллаhтың Жалғыздығын мойындамау болып табылады.            Ширк - ол Аллаһқа ғана тән қасиеттерді «тағы басқа біреуде де бар» деп сену. Мысалы, «Аллаһтан басқа тағы Құдай бар» немесе «Құдайлар бар» деп, оларға ғибадат етсе, не болмаса олардан қорықса, не оларды жақсы көрсе, не олардан көмек сұраса, онда ширк жасаған, яғни Аллаһқа ортақ қосқан болып табылады. Аллаһқа ортақ қосқан адамдардың Аллаһ Тағала еш бір амалын қабылдамайды. Амалдардың қабыл болуының ең басты шарты - жасалған амалдардың тек қана Аллаһ Тағалаға арналуы. Аллаһ Тағала өзінің Кітабында былай дейді: «(Мұхаммад r) «Шынында, мен де сендер сияқты адаммын. Маған құдайлардың - Бір-ақ құдай екендігі уахи етілуде. Сондай-ақ, кім Раббына жолығуды үміт етсе, сонда түзу іс істеп, Раббына істеген құлшылығында Оған ешкімді ортақ етпесін» де.»[6] Аллаһқа серік қосу - кешірілмейтін күнә. Бұған дәлел Аллаһ Тағаланың Құранда айтқан сөздері: «Аллаh өзіне ортақ қосуды жарылқамайды (яғни кешірмейді), бұдан өзге қалаған кісісін жарылқайды. Сондай-ақ кім Аллаhқа ортақ қосса, расында, жала қойып зор күнәлі болады.»[7] Аллаһқа серік қосушылар Жәннәтқа кірмейді, олардың баратын жері Тозақ. Бұл туралы Аллаһ Тағала «аль-Маида» сүресінде былай деді: « ... Өйткені, кім Аллаhқа ортақ қосса, расында Аллаh оған Жәннәтті харам етеді. Оның орны тозақ оты, сондай-ақ залымдар үшін жәрдемші жоқ.»[8]   Аллаһқа ортақ қосудың түрлері. Аллаһқа ортақ қосудың екі түрі болады: үлкен ширк және кіші ширк. Үлкен ширк пен кіші ширктің айырмашылығы: Үлкен ширк - адамды дінінен шығарады, ал кіші ширк үлкен күнәләрдің бірі болып, оны жасаған адам діннен шықпайды, бірақ иманы да толық болмайды. Үлкен ширк жасаған адам, өлгенінше тәубеге келіп, Аллаһ Тағала оны Өзінің мейірімімен кешірмесе, олар Жәннәтқа кірмейді, олардың баратын жерлері - мәңгілік тозақ. Ал, кіші ширк иелерін Аллаһ Тағала тәубесіз де кешіруі мүмкін, олар тозаққа түссе де, онда мәңгілік болмайды. Үлкен ширк - бүкіл жасалған амалдарды күйдіреді. Мысалы, үлкен ширк жасаған адамның оразасы, намазы және басқа бүкіл жасаған жақсылықтарын Аллаһ қабыл етпейді. Ал кіші ширк жасаған адамның, тек қана сол ширк араластырған амалы ғана қабыл емес. Мысалы, адамдарға мақтанып оқыған намазы немесе атақ үшін жасаған қажылығы т.б. осы сияқты амалдары. Ол адамдарға соңынан толығырақ тоқталамыз. Кейбір мұсылман  ғалымдары: «Аллаһ Тағала үлкен ширк иелерін де, кіші ширк иелерін де, адам баласы тәубеге келмей кешірмейді», - дейді. Әрине, бәрін білуші - Бір Аллаһ. Шын мәнінде, үлкен ширк пен кіші ширктің арасындағы айырманың жіңішкелігі сондай, көп жағдайда кіші ширк, сол амалды жасап жатқан адамның ниетіне, айтқан сөзіне және іс-қимылына қарай үлкен ширк қатарына өтіп кетуі мүмкін. Құрметті қауым, Аллаһ Тағаланың қаһарына ілінбес үшін, ширктің екі түрінен де сақтануымыз керек.   ҮЛКЕН ШИРК Үлкен ширктің өзін кейбір ғалымдар «айқын» және «жасырын» деп екіге бөледі:   Айқын үлкен ширкке - Аллаһ Тағаламен қатар басқа Құдайға, не болмаса құдайларға құлшылық ету жатады. Бұл жағдайда Құдай ретінде минерал, ай, күн, не болмаса сиыр, бұқа сияқты жануарлар және адамдар болуы мүмкін. Мысалы, Перғауын өзін «құдаймын» деп жариялап, оған сеніп құлшылық етушілер табылған. Және де Буддаға, Мариям ұлы Исаға не болмаса көзге көрінбейтін жындарға, шайтандарға, періштелерге құлшылық ету осыған жатады. Жасырын үлкен ширк - бұл аруақтардан қажетін сұрау не болмаса жәрдем сұрау. Бұл жағдайда Аллаһтан басқа ешкімнің қолынан келмейтін - аурудан сауығу, дұшпандардан қорғау, не болмаса бір қайғыдан құтылу сияқты жәрдемді аруақтардан, яғни өліктерден, не болмаса солар жерленген жерге барып сұрау жатады. Бұған өзіміздің арамызда көп тараған Түркістанға барып Ахмед Яссауидың аруағынан, Баба түкті шашты азиздің аруағынан, Байдібек атаның аруағынан, Домалақ ананың, Аиша бибінің және толып жатқан осылар сияқты атағы кеңге тараған кісілердің әруағынан, анығын айтқанда, мәйіттерден жәрдем сұрау жатады. Бұлардың ширк келтірудегі жасырын болуының себебі мынада: 1. Аруақтардан қажетін сұрауды, олардан көмек сұрауды адамдардың көбі «құлшылық ету» деп ойламайды. Олардың ойынша: «құлшылық ету - еңкеюде, тізе бүгуде және маңдайын жерге тигізуде». Шын мәнінде, олардан көмек, жәрдем және т.б. сұрау - құлшылыққа жатады. 2. Олар: «Біз аруақтардан қажетімізді, керегімізді сұрағанда оларды әсте «біздің Құдайымыз, не болмаса Иеміз» деп ойламаймыз, олар бізді Аллаһпен жақындастыратын байланысшымыз, біздің сұрауымызды Аллаһқа жеткізушіміз», - дейді. Олардың бұл айтқандары, әрине, олардың Аллаһ Тағаланың Құдіретін білмегендігінен келіп шығады. Олар бәлкім Аллаһ Тағаланы бір мекеменің бастығы сияқты көреді. Басшыға кіру үшін, не болмаса онымен сұхбаттасу ушін оның хатшысы арқылы байланысу керек. Олар да Аллаһқа жақындау үшін, араға хатшы ретінде аруақты салады. Олардың бұл амалы Құранда «аз-Зумар» сүресінің 3 аятында айтылғандай, кәпірлердің өздерінің тас құдайлары пұттарға: « ... біз бұларға, Аллаһқа жақындастырсын деп ғана табынамыз», - дегені секілді. Шын мәнінде, Аллаһ Тағаланың  есігі әркімге кез келген уақытта ашық. Оның есігінің алдында не хатшы, не күзетші жоқ. Аллаһ Тағала өзінің кітабы Құранда Пайғамбарына, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай дейді: «Егер құлдарым Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше, олар да әмірімді қабыл етсін (яғни opындaсын) және Маған сенсін. Әрине, тура жол тапқан болар еді»[9] Аллаһтан басқаға құрбандық шалу - бұл да адамдардың көбіне жасырын болған ортақ қocyдың, яғни үлкен ширктің бір түрі болып табылады. Бұлай дейтін себебіміз, құрбан шалуды адамдар «құлшылық ету» деп ойламайды. Шындығында, құрбандық шалу - діни амалдардың бірі болып табылады. Құлшылықты Аллаһтан басқа біреуге арнау - ширк. Құрбан шалу туралы Аллаһ Тағала Құранда «Кәусар» сүресінде былай дейді: «Сондықтан Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал». Біздің арамызда бұл ширк кеңінен тараған. Оған мазарлардың басында аруақтарға арнап мал шалу жатады. Үкім етуде Аллаһқа ортақтасу - бұл да адамдардың көбіне жасырын болған Аллаһқа ортақ қосудың, яғни үлкен ширктің бір турі болып табылады. Ол дегеніміз, Аллаһтың рұқсат деген нәрсесіне тыйым салу және тыйым салған нәрсесіне рұқсат беру, яғни Аллаһ Тағаланың  харам (арам) дегенін хәләл (адал) деу, ал хәләл дегенін харам деу. Бүкіл діни амалдарда, ол мейлін құлшылық етуде болсын, адамдардың қарым-қатынасында болсын, және де басқа істерінде болсын Аллаһ Тағала ғана үкім бере алады. Аллаһ Тағала үкім беруде Өзінен басқа біреуді басшылыққа алудың қате екенін Құранда ескертті: «Немесе дін тұрғысынан Аллаһ бұйырмаған нәрсені оларға шариғат қылатын ортақтары бар ма? ... »[10] Аллаһ Тағала айтты: «Олар[11]  ғалымдары мен машайықтарын[12] және Мариям ұлы Исаны Аллаһтан өзге құдай қылып  алды. Негізінде олар бір Құдайға ғана құлшылық қылуға бұйырылған болатын. Өйткені, Одан басқа ешбір Құдай жоқ. Ол - олардың (қосқан) серігінен пәк.»[13]          Осы айтылған аятты Пайғамбарымыз, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бұрын христиан болған, Ислам дінін қабылдап жатқан Адий ибн Хатим ат-Тайға, ол кісіге Аллаһ разы болсын, оқығанда, Адий: «Олар (яғни христиандар мен яхудилер) оларға (монахтарына) құлшылық етпейді (ғой)», - дегенде, Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Жоқ ... Олар рұқсат етілген нәрселерге тыйым салған және тыйым салынған нәрселерді рұқсат берген, ал олар болса олардың артынан ерген[14] – мінеки, бұл құлшылық ету болып табылады», - деп жауап берген. Дуалау, сиқырлау - бұл да адамдардың көбіне жасырын болған Аллаһқа ортақ қосудың, яғни үлкен ширктің бір түрі болып табылады. Дуалау мен сиқырлау түр-түрлері болады. Мысалы, түйіншектерде дуа оқып үрлеу, не болмаса инеге дуа оқып үрлеп оны біреудің үйіне, сол үйде ұрыс-жанжал болсын деген ниетпен алып барып қыстыру. Дуа жасағанда қандай ниетпен жасалса да ол харам. Неге десеңіз сиқырлаушы және дуалаушы  жыншайтанның көмегімен, солардан сұрап өздерінің істерін істейді. Ал Аллаһтан басқа біреуден сұрау - ол ширк. Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Кім түйіншек түйіп оған үрлесе, ол сиқыр жасады (дуалады). Кім сиқыр жасаса, ол Аллаһқа ортақ қосты», - деген. Құранда да, Мұсаның сөзімен былай делінеді: « ... сиқыршы қайда барса да құтылмайды».[15]  « ... Мұса айтты: «Бұл келтіргендерің – сиқыр; күдіксіз, Аллаһ оны бұзады. Расында, Аллаһ бұзақылардың ісін жөндемейді», - деді».[16] Сиқырлау, дуалау - Аллаһқа ортақ қосу болғандықтан, сол сиқырды және д~уаны жасаушы бақсыларға, Тәуіптерге сеніп, олардың қызметін пайдалануға болмайды. Егер олардың қызметін пайдалансаңыз, онда олардың күнәсіна ортақтасасыз. Пайғамбар айтқан: «Үш кісі жәннәтқа кірмейді: маскүнем, кім сиқырға сенсе, кім туысымен қатынасын үзіп, олармен араласпаса».[17] Жұлдыздармен жору - астрология - бұл да адамдардың көбіне жасырын болған Аллаһқа ортақ қосудың, яғни үлкен ширктің бір түрі болып табылады. Аллаһқа ортақ қосудың бұл түрімен айналысатындар, жұлдыздарға қарап болашақта не болатынын болжаймыз дейді. Олар: «жұлдыздардың адамдарға, мемлекеттерге әсері бар» дейді және «әр кімнің туған күніне , айына, жылына байланысты өзінің әсер ететін жұлдызы бар, сол жұлдыздардың қозғалуына байланысты, адамдардың тағдырына әсері бар» дейді. Қазіргі кезде көп таралған бірі «егіздер» жұлдыз тобына жатса, басқасы «арыстан» не «балық» сияқты т.б. жұлдыз тобына жатып сол арқылы адамның мінез құлқын танып, не болашақта не болатынын болжап, не болмаса оған қандай жұлдыз тобында туылған жолдас керек екенін айтып, сол шайтанның ойлап тапқан астрологиясын басшылыққа алып жатады. Әрине бұл Ислам дінінде тыйым салынған, харам істер болып табылады. Неге десеңіз, болашақтың және тағдырдың Иесі Аллаһ қана. Адамға мінез-құлық берген де Аллаһ қана. Жұлдызшылар Аллаһқа ғана тән қасиетті жұлдыздарға беріп, Аллаһқа ортақ қосады. Шын мәнінде, жұлдыздар - Аллаһтың жаратқан жаратылыстары ғана, олардың адамның бақытына, не болмаса денсаулығына еш әсері жоқ. Кімде-кім оған сенетін болса, демек ол ширк жасады деген сөз. Аллаһ бәрімізді шайтанның азғыруынан сақтасын. Осының бәрін адамдарға әдемі әрі қызық етіп көрсететін шайтан емес пе? Пайғамабар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Кім жұлдыздардан алса, сол сиқырдан алды», - деген.[18]  

Категория: Ақида | Добавил: admin
Просмотров: 923 | Загрузок: 138 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]