Қош келдіңіз Гость • Тіркелу • Кіру • RSS
Бейсенбі, 20.9.2018, 04:37
Главная » Файлы » Қазақ тілінде » Ақида

Сәләфтардың мәнһәжы туралы бірер сөз
[ Скачать с сервера (270.5 Kb) ] 12.07.2012, 20:24

Ізгі ата-бабалардың (әс-сәләфу-ссалих) ақидасы қысқаша түрде баяндалған осы еңбектің авторы – қазіргі заманғы мухаддис-ғалым шейх ‘Абдул-Қадир әл-Әрнаут, Аллаһ оны Өз мейіріміне алсын.

Шейх Абдул-Қадир өзінің тақуалығымен, сәләфтардың мәнһәжына (әдістеме және жол)1 ерумен танымал болған мухаддис-ғалым. Ол әлсіз хадистерден сенімді хадистерді бөліп шығаруға, хадистердің мағынасын зерттеуге, әрі оларды тарата отырып, оқытып үйретуге өзінің бүкіл ғұмырын арнады.

Ол ислам әлеміне Абдул-Қадир әл-Әрнаут деген есіммен танымал болды. Негізі шейхтің есімі Қадри болатын, ал әл-Әрнәут деген тіркеске келер болсақ, оның албандық шығу тегіне байланысты айтылған-ды, өйткені арабтар Албаниядан шыққан адамдарды әрнауттар деп атайды.

Шейх 1928 жылы сол кезде Югославияға мемлекетіне қарасты Косова аймағындағы Врела ауылында дүниеге келді. ‘Абдул-Қадир өнегелі жанұяда тәрбиеленгендіктен көркем мінезді болып өсті. Шейхтің үш жасында 1932 жылы сербтер албандық мұсылмандарды қудалай бастаған шақта, шейхтің әкесі отбасымен бірге Дамаск қаласына хижра жасады (көшті). Дамаскке көшіп келген соң көп ұзамай шейхтің анасы қайтыс болды.

Болашақ шейх Дамаскте өсті. «Әл-Әдәб әл-исләми» мектебінде екі жыл оқыған соң, ол "әл-Ис’аф әл-хайрий” мектебінде бес жылдық білім алды. Содан кейін, ол мектепті тастап, жұмыс істеуге мәжбүр болды. Ол сағат жөндейтін шеберханаға жұмысқа тұрды, бірақ оның жұмысы білім алуға кедергі болмады. Күндіз жұмыс істеп, нәпақасын тауып, ал кешке Құран мен фиқһ сабақтарына қатысатын. Абдул-Қадирдың жұмыс істеген шеберханасы әл-Азхар университетінің түлегі, діни ғылымдардан және араб тілінен сабақ беретін Са’ид әл-Әхмар деген білімді кісінің шеберханасы еді. Кішкентай баланың Құран мен пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін жаттауға деген ерекше алғырлығын байқаған Са’ид ‘Абдул-Қадирді білім іздену жолына қарай бағыттау керек екенін ұғынды. Бір күні Са’ид кішкентай баланың қолынан ұстап: «Құлыным менің! Сен білім ізденуге ғана жарайсың», - деп, ‘Абдул-Қадирдың қолына азын-аулақ ақша ұстатып, оны «әл-мәсжид әл-әмуи» мешітіне апарды. Сол жерде ол кішкентай ‘Абдул-Қадирды шейх ‘Абдур-Раззақ әл-Халәбидің қолына тапсырды. Осылайша, ол білім ізденушілердің қатарына қосылып, діни ғылымдарды, араб тілін оқып-үйрене бастады.

Шейх ‘Абдул-Қадир әл-Әрнаут ешқандай ресми оқу орнында оқымаған. Ол алғашқы білімді шейх Субхи әл-‘Аттар мен Суләйман Ғауижи әл-Әлбәниден оқыды. Сонымен қатар, ол Хамди әл-Әрнаут пен шейх Нәсыруддин әл-Әлбәнидің әкесі Нух Нәжәти әл-Әлбәни сияқты кейбір албандық шейхтерден білім алды. ‘Абдул-Қадир он жылдай шейх Мухаммад Салих әл-Фәрфурдан білім талап етті және оған әртүрлі белгілі, танымал «‘Ақида әт-Таһәуия», «Нурул-идах», «Мәрақ әл-фәләх», Ибн ‘Абидиннің «Хашиясын» және т.б. секілді еңбектерден емтихан тапсырды. Сонымен бірге, ол араб тілі мен тәпсірден емтихандар тапсырды.

Шейх ‘Абдул-Қадир әл-Әрнаут Мухаммад Әмин әл-Мисри, Ибн Нәфи’, әр-Рафи’и, ‘Абдур-Рахман әл-Әлбәни, Мухаммад ибн Лютфи және көптеген т.б. өз кезеңінің танымал ғалымдарынан білім талап етіп, үлкен пайда алды.

Шейх ‘Абдул-Қадирдің шәкірттері туралы айтар болсақ, ол өзінің оқушыларын шариғи ғылымды бірге оқып-үйреніп жүрген бауырлары деп есептейтін.

Ол әзілдеуді ұнататын жайдары, үнемі күліп жүретін ақылды кісі еді. Оның ең керемет қасиеті – тәкаппарлығы жоқтығы болатын, басқа біреудің алдында өзін ешқашан артықпын деп санамайтын. Шейхке тән сыпайылық туылғаннан бергі қасиеті еді, ал білім оны одан сайын арттырды. Ол әрдайым хаттың соңына: «Құдіретті Аллаһ Тағалаға мұқтаж, әрі Дамаск қаласындағы хадис ғылымына қызмет етуше құл ‘Абдул-Қадир әл-Әрнаут», - деп жазатын, ал кейде хадис ғылымын зерттеуші студент дейтін. Сонымен қатар, ол ақиқатты жеткізіп, түсіндіруде табанды, әрі батыл болатын. Ол Сүннетке ермейтін кісіні сөгіп кінәлаудан қорықпайтын және бидғат пен бидғатшыларға қатты, әрі қатал еді.

Шейх ‘Абдул-Қадир әл-Әрнаут қолы ашық жомарт кісі еді және шақырғаннан қалмайтын, түрлі жиналыстарға қатысты. Ол насихат жасау үшін бірде-бір мүмкіндікті жібермейтін. Ол қай жерде отырса да: «Пәленше түгенше жеткізді, түгенше Әбу Һурайрадан жеткізді, ал ол Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізді ... », - деп кібіртіктемей сенімді түрде хадисті сөзбе-сөз айтатын.

Өз кезеңіндегі ғалымдармен келіспеушілікке түсудің негізгі себебі – шейх белгілі бір мазхабты ұстанбайтын және қайбір имам болса да оған соқыр ілеспейтін. Белгілі бір мәселеде қай мазхабтың дәлелі күшті болса, соған ерді. Белгілі бір мазхабқа еруге байланысты ол былай деді: «Бұл мәселені жақсылап түсіндіру керек, өйткені егер қарапайым, сауатсыз мұсылман адам туралы әңгіме қозғалып жатса, онда оның мазхабы – өз имамының мазхабы, сол имамның артынан еруі – кәдімгі қалыпты жағдай, себебі оның басқа ешқандай мүмкіншілігі жоқ. Ал білім іздену жолында енді алғашқы қадам жасап, әлі күшті пікірден әлсіз пікірді айыра алмайтын адам болса, ол өз шейхінен естігеніне ереді. Егер ол фиқһты оқыған, барлық имамдардың дәлелдерін білетін нығайған білім ізденуші студент болса, мұндай жағдайда ол күшті пікірді әлсіз пікірден ажырата алады. Және менің пікірім бойынша, мұндай адамға мазхабқа соқыр еруге рұқсат етілмейді».

Міне, осы жерден шейхтің белгілі бір мазхабқа соқыр ермей, керісінше ізгі ата-бабалардың (әс-сәләфу әс-салих) түсінігіндегі Құран мен Сүннетке ергені айдан анық белгілі болды.

Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадистеріне деген махаббаты шейхті сәләфияға2 алып келді. Хадистің сенімділігін анықтау (тахқиқ) ғылымының арқасында, шейхтың аты әлемге танылды. Мүмкін біздің дәуірімізде шейх әл-Әлбәниден кейін хадис ғылымына зор еңбек еткен шейх ‘Абдул-Қадир әл-Әрнауттай ешкім жоқ шығар.

Шейх ‘Абдул-Қадир әл-Әрнаут, Аллаһ оны Өз мейіріміне бөлесін, адамдарды тәрбиелеп, оқыту барысында кішкентай нәрселерден бастап үлкенірегіне өтетін тәрбиелеуші ғалым болды.3 Сондықтан, Дамасктің тұрғындары да, басқа да қалалардағы адамдар оған қарай ағылып баратын еді.

Абдул-Қадир шейх әл-Әлбәнидің хадис ғылымындағы білімінің тереңдігіне тәнті болып, оны әрдайым мақтап отыран-ды. Бір күні одан шейх әл-Әлбәнимен қарым-қатынасы қаншалықты тығыз екенін сұрағанда, ол ең жақсы қарым-қатынаста екенін, әрі өзі Иорданияға барған кездері шейх әл-Әлбәниді зиярат ететін айтқан болатын. Тіпті, шейх әл-Әлбәни өзінің "Сахих әл-Әдәб әл-муфрад” және "Дә’иф әл-Әдәб әл-муфрад” атты жаңа еңбектерін ‘Абдул-Қадирға жіберген еді. Онымен қоса, ‘Абдул-Қадир студенттердің көзінше еш қысылмастан шейх әл-Әлбәнидің "әс-Силсилә әс-сахиха”, "әс-Силсилә әд-дә’ифә”, "Ируә әл-ғалил” секілді еңбектеріне жүгінетін. Шейх өзі хадис ғылымының маманы бола тұра, шейх әл-Әлбәнидің кітаптарынан сабақ беруді өзіне ар санамады.

Абдул-Қадирдің біздің кезіміздегі тағы басқа имамдардың бірі – шейх Ибн Базбен де өте керемет қарым-қатынаста болған. Шейх Ибн Баз оны адамдарды Исламға шақыру үшін Албанияға уағыз айтуға жіберетінін де баса айтқан жөн. Шейх ‘Абдул-Қадир албан тілін өте жетік білгендіктен әрдайым Албанияға дінді таратып, адамдарды оқытып-үйрету үшін барып жүрді.

Бір күні сабақтардың бірінде шейх белгілі бір мәселені қозғады, сол кезде әдепсіз біреулер шейх ‘Абдул-Қадирдің ашу-ызасын тудыруға тырысып, жаман пиғылды екендіктерін байқатып қойып, сол мәселеге байланысты шейх әл-Әлбәни басқа пікірді ұстанатынын айтты.4 Шейх ‘Абдул-Қадир олардың не қалайтынын бірден түсініп былай деді: «Шейх Нәсыруддин әл-Әлбәни – біздің жақын досымыз және біздің арамызда еш нәрсе жоқ. Ол Шу’айб әл-Әрнаутпен келіспеушілікке түскен».

Көп адамдар ‘Абдул-Қадир әл-Әрнаутты Шу’айб әл-Әрнаутпен шатастырады, әрі араларында туысқандық қатынас бар деп ойлайды.5 Негізінде, Шу’айб әл-Әрнаут ‘Абдул-Қадир әл-Әрнауттың туысқаны емес. Шейх ‘Абдул-Қадир әл-Әрнаут – ақидасымен де, мәнһәжымен де сәләфи, ал Шу’айб әл-Әрнаут – амалдарында да, сөздерінде де Әбу Ханифа мазхабын қатты ұстанатын жан.

Шейх ‘Абдул-Қадир мынадай танымал еңбектерді пайдалана отырып бірқұдайшылық (таухид), сенім (‘ақида) және хадис сабақтарын берді: Ибн Кәсирдің "әл-Бә’ис әл-Хасисі”; имам ән-Нәуәуидің "Иршәду туләб әл-хақаиқ ли мә’рифати Сунан хайр әл-халәиқы”; Жәмәлюддин әл-Қасимидің "Қауә’иду-ттахдис фи шәрхи фунуни мусталихил-хадисі”; хафиз әс-Сахауидің "Фәтхул-Муғис фи шархи әлфия әл-хадисі”; әс-Суютидің "Тадриб әр-рауи шарх тақриб ән-Нәуәуиі”; Ибн әл-Қайимнің "Задул-мә’ады”; Сиддық Хасан Ханның түсіндірмесі «‘Аунул-Бәриімен» бірге аз-Зубәйдидің "Мухтасар сахих әл-Бухариі”; әл-Хуснидің "Кифәятул-әхйәрі”; әл-Әлбәнидің "Сахих әл-Әдәб әл-муфрады”; ‘Абдул-Ғани әл-Қадардың "Мухтасар тәфсир әл-Хазині” және көптеген басқа да кітаптар.

Шейх ‘Абдул-Қадирдің өзі ешқандай кітап жазбаған, өйткені хадистің сенімділігін анықтау одан да қатты маңыздырақ деп есептеген еді. Ол: "Көп кітаптар жазылды, бірақ хабарлардың сенімділігін анықтау одан да маңыздырақ, себебі білім ізденуші кітаптардан барынша пайда алу үшін тексеріліп, өңделінген кітаптарды оқуы тиіс”, - дейтін.

Шейх ‘Абдул-Қадир біздің үмметтің имамдарының жазған көптеген танымал еңбектерді тексеріп, олардың сенімділігін анықтады. Солардың ең кең тараған атақтылары мыналар: Ибн әл-Жәузидің 9 томдық «Задул-Мәсир фи ‘илми-ттәфсирі»; Ибн әл-Муфлихтің 8 томдық «әл-Мубди’у фи шархил-Муқни’ы»; ән-Нәуәуи 12 томдық «Раудату-тталибины»; Ибн Қудамә әл-Мәқдисидің «әл-Кәфиі»; Ибн Тәймияның «Раф’ул-мәнәм ‘ан әимәтил-ә’ләмы»; әл-Мәқдисидің «Мухтасар Минһәжул-қасидины»; Ибн әл-Қайимнің 5 томдық «Задул-мә’ады»; Ибн Тәймияның «әл-Мәсаилюл-мәридиниясы».

Сонымен қатар, шейхтің тексеруінен мына кітаптар да өтті: ән-Нәуәуидің «әл-Әзкәры»; аль-Бәйхақидің «Мухтасар шу’абул-иманы»; Ибн Ражәбтің «әл-Хикәм әл-жәдира бил-иза’аы»; Ибн Қудамәнің «Люм’атул-и’тиқады»; Ибн Қудамәнің «Китабу-ттауәбині»; ән-Нәуәуидің «әт-Тибйән фи әдәби хамәләтил-Қураны»; Сиддық Хасан Ханның «әл-Иза’а лимә кәнә уә якуну бәйнә ядай әс-са’асы»; әс-Саффәринидің 2 томдық «Шарху саләсиләт муснәд әл-имам Ахмады»; әл-Хуснидің «Кифәяту әл-Әхйары»; Ибн Тәймияның «Қа’ида жәлия фи әт-тауассул уә әл-уәсилә»; Ибн Тәймияның «әл-Фурқан бәйнә әулияи әр-Рахмән уә әулияи әш-шәйтаны»; Ибн әл-Қайимның «әл-Фурусиясы».

Онымен қоса, шейх ‘Абдул-Қадир сенімділігін анықтап тексерген басқа да көптеген еңбектер жетерлік, алайда олар әлі күнге дейін кітап болып басылып шыққан жоқ.

Шейхтің тексерген кітаптарының ішіндегі даңққа ие болғаны Ибн әл-Әсирдің "Жәми’ул-усул мин әхадис әр-расул” кітабы, оны мұқият тексеру үшін 5 жыл уақыт кетті. Аталмыш кітаптың ішінде әл-Бухари және Муслимнің екі сахих жинағы, ән-Нәсаи, Әбу Дәуд, әт-Тирмизилердің "Сунандары” мен имам Мәликтің "Мууәттасы” кірген.

Еш күдіксіз білім ізденуші студенттер, Аллаһ Тағаланың қалауымен, шейх ‘Абдул-Қадирдің тексерген әлгі еңбектерден одан да көп пайда алады.

Шейх өмірінің соңына таман "әл-Мухаммади” мешітінде имам-хатыб қызметін атқарды. Әрбір жұма намазынан кейін жиналған жұртшылық шейхке келіп түрлі сауалдар қоятын, ал ол өз кезегінде сұрақтарға лайықты түрле жауап беретін. Халық оны білімі мен өзін-өзі ұстап сыпайылық танытқаны үшін қатты жақсы көріп, құрмет тұтты. Сол қасиетінің себебінен кейбір көре алмайтын күншіл адамдар шейхтың сыртынан жала жауып, әртүрлі өтірік өсек-аяңдар таратты, соған мысал ретінде шейхті «ваххабизм» ағымына кіріп кетті деп айып тағылғандығын айтса болады. «"Ваххабист” деген кім?» деген сұраққа ол үнемі: «"Ваххабизм” деген мазхаб жоқ», - деп жауап беретін, әрі аталмыш терминді ең алғаш 18 ғасырда өмір сүрген Мухаммад ибн ‘Абдул-Уәһһәб деген шейхтің дұшпандары мен қарсыластарының қолданғандығын ашып айтып беретін. Ибн ‘Абдул-Уәһһәбтың жаулары оған ерген адамның барлығын "ваххабист”, "уәһһәби” деп айыптады. Шын мәнінде, шейх Мухаммад ибн ‘Абдул-Уәһһәб ширкпен (Аллаһқа серік қосу), бидғатпен күресе отырып, Құран мен Сүннетке қайта оралу қажет екенін уағыздаған болатын, әрі оның мазхабы – бұл имам Ахмадтың мазхабы еді.

Енді бұны түсінген жұрт шейхті адасқан бір ағымда екенін меңзеп «сәләфи» деп атай бастады. Шейх ‘Абдул-Қадир халыққа бұл терминнің дұрыс, әрі нағыз сенімді екенін барынша түсіндірді, себебі "әс-сәләфу әс-салих” дегеніміз – бұл тура жолға ілескен алғашқы мұсылмандардың үш ұрпақ өкілдері. Расында, шейх, Аллаһ оны Өз Мейіріміне алсын, шынайы сәләфи болды. Алайда, адамдар бәрі-бір ол кісі туралы түрлі өсек-аяңдарды таратуды тоқтатпады.

Бір күні мұсылмандар спирттік ішімдіктер ішіп христиандық мереке Жаңа жылды тойлағанда, шейх мұсылмандарға өз діндерін лайықты түрде ұстанып, әрі спирттік ішімдіктерден аулақ болып, кәпірлердің мейрамдарына қатыспауға шақырып уағыз айтты. Осы уағыздан кейін билік шейхті дін аралық ала ауыздық туғызды деп айыптап енді жұма уағызын өткізбейтін етіп тыйым салып тастады. Дегенмен бұл оқиға шейхке «мә’хад әл-умәйнияда» сабақтар өтуіне кедергі болмады.

Шейх 2004 жылдың қарашаның 26-да жұма күні дүниеден озды (хижра бойынша 1425 жылдың 13 шаууал). Шейх ‘Абдул-Қадир әл-Әрнауттың ұлы Мұхаммед былай деп баяндайды: «Біздің шейх есен-саулықта ұйықтаған еді. Анам оны оятуға барғанда әкем жауап бермеді. Анам оны қозғап кеп қалып еді, оның бұ дүниеден қайтқанын түсінді, ал маңдайы терге толған екен.6 «Шын мәнінде, біз Аллаһқа тәнбіз әрі Оған қайтушымыз» (әл-Бақара сүресі, 156-аят).

Шейх ‘Абдул-Қадирдің жаназасы жұма намазынан кейін бірден оқылды. Даланың суықтығына қарамастан, таңертеңнен бастап орталық мешіт адамға лық толы болды, тіпті мешіттің жанындағы шектесіп жатқан көшелердің тротуарында да, машина жүретін жерінде де ине шаншар жер болмады. Жаназа намазын шейхтің ұлы Мәхмуд әл-Әрнаут жүргізді.7 Өте көп адам жиналғандықтан Дамаск қаласы мұндай жаназаны көптен бері көрмеген еді.8

Сәләфтар былай дейтін: "Ғалымның қайтыс болуы – бұл қасірет! Бір ғалымның қайтыс болуы – бүтіндей бір халықтың жойылуынан гөрі маңыздырақ”. Қараңыз: "Мифтаху дари-сса’ада” 1/68.

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Шын мәнінде, Аллаһ Тағала Өзінің құлдарынан білімді жайдан-жай ала салмайды. Ол білім иелерін алу арқылы білімді алып кетеді, сөйтіп Ол жер бетінде бірде-бір ғалымды қалдырмаған кезде, адамдар өздеріне надан жетекшілерді таңдап алады. Олар сұрақтар қояды, ал надан жетекшілер білімсіз фәтуәлар бере бастайды, сөйтіп өздері де адасады, өзгелерді де адастырады!» әл-Бухари 100, Муслим 3/737.

Зайд қайтыс болған кезде Ибн ‘Аббәс келді, өйткені білім иесі қайтыс болған еді. Ибн ‘Аббәс оны зембілге (носилка) салып көтеріп келе жатқанда Зайдтың басынан бас киімі түсіп қалды, бұны көрген Ибн ‘Аббәс оны дұрыстап, қайтадан басына кигізген жоқ. Зайдты енді көмейін деп жатқанда ғана барып қайтадан кигізді. Зайдтың қабірін көміп болған соң, Ибн ‘Аббәс бір нәрсе айтқысы келгендей, қабірдің бас жағына келді де, сөйлей алмай қатты тұтығып: "Кімде-кім Аллаһ Тағаланың қалай білімді алып кететінін көргісі келсе, мынаған қарасын. Міне, осылай Аллаһ ғалымдардың қайтыс болуымен білімді алып кетеді!” – деп көз жасын тоқтата алмай жылай бастады. әт-Табәрани 5/109.

Біз Аллаһтан шейх ‘Абдул-Қадирдің күнәларын кешіріп, Жаннатпен сүйіншілесін деп сұраймыз!

1 «Мәнһәж» сөзінің мағынасы туралы № 11-ші сілтемеден қараңыз.

2 «Сәләфия» термині туралы егжей-тегжейлі «"Сәләфия” термині бидғат па?» атты еңбекті қараңыздар.

3 Міне, осы қасиет нағыз ғалымдардың сипаты. Аллаһ Тағала былай дейді: «Бірақ тәрбиелеуші ұстаз (раббәнийюн) болыңдар, өйткені сендер Кітапты үйретесіңдер және оны зерттеп үйренесіңдер» (Әли ‘Имран сүресі, 79-аят). Имам әл-Бухари «Тәрбиелеуші ұстаз болыңдар» деген сөздерге қатысты Ибн ‘Аббәс былай деп айтқанын жеткізеді: "Яғни дана ғалымдар”. Имам әл-Бухари айтады: "Былай айтылды: «Тәрбиелеуші ұстаз» (раббәни) – бұл адамдарды оқыту барысында үлкен білімге көшуден бұрын алдымен ең кішкентай білімнен бастайтын ғалым”. Қараңыз: "Сахих әл-Бухари” 1/345.

4 Шейхтің көзінше бұлай ету - өте ұят нәрсе, әрі аса қайтарылған іс. ‘Али ибн Әбу Талиб білім ізденуші өзін ғалымдардың қасында қалай ұстау керек екенін түсіндіріп былай дейді: "Ешқашан оған: "Менің естуім бойынша, пәленше былай-былай деп жатыр” немесе "Түгеншенің көзқарасы сенің айтқаныңа сәйкес келмейді” – деп айтпа, оның көзінше басқа білім иелерін сипаттама”. Ибн ‘Абдул-Бәрр 1/129.

5 Көпшілік әл-Әрнаут деген есіміне байланысты осылай есептейді. Олардың ойынша, бұл екеуінің фамилиясы. Соныман қатар, бұлай ойлауға себеп болған – кей кезде шейх ‘Абдул-Қадир шейх Шу’айб әл-Әрнаутпен бірге хадистің сенімділігін анықтаумен айналысқан.

6 Шейхтің (оны Аллаһ рахым етсін) қайтыс болуында екі ізгі өлімнің белгісі бар: біріншісі, жұма күні қайтыс болғандығы; екіншісі, маңдайында тердің тамшылары болғандығы. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Жұма күні немесе жұма күнінің түнінде қайтыс болған мұсылманды Аллаһ Тағала міндетті түрде қабір азабынан сақтайды». Ахмад 6582, әт-Тирмизи 1084, әл-Фәсауи 2/520. Бұл хадис бірнеше риуаятпен жеткен, соған байланысты хафиз әс-Суюты мен шейх әл-Әлбәни хадисті жақсы деді. Қараңыз: "Тухфәтул-әхуәзи”. Сондай-ақ пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мүмін адам маңдайы терлеген күйі о дүниелік болады». Ахмад 5/375, ат-Тирмизи 982. Хадистің сенімділігін имам Әбу ‘Иса әт-Тирмизи, әл-Хәким, әз-Зәһәби мен әл-Әлбәни растады.

7 Аллаһ Тағала шейхке он бір сәби сыйлады, оның сегізі ұл, үшеуі қыз.

8 Имам Ахмад әдемі айтқан: "Біз (Сүннетті ұстанушылар) бен сендердің (бидғат жақтаушылары) арамыздағы айырмашылық – жаназа намаз, яғни қайтыс болған адамды құрмет тұтып жаназа намазын оқитындардың саны.

Кітапты жүктеу

Категория: Ақида | Добавил: admin | Теги: салаф
Просмотров: 501 | Загрузок: 118 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1
1 Omar   (20.10.2012 18:22)
Haha. I woke up down today. You've chreeed me up!

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]