Қош келдіңіз Гость • Тіркелу • Кіру • RSS
Бейсенбі, 25.4.2024, 17:53
[ Новые сообщения · Участники · Правила форума · Поиск · RSS ]
  • Страница 1 из 1
  • 1
ФОРУМ » Ақида » Ғұламалардың ақида еңбектері » Әһлі-сүннә ақидасы. Шейх ибн Баз (Шейх ибн Баздың "Әһлі-сүннә ақидасы" атты еңбегі)
Әһлі-сүннә ақидасы. Шейх ибн Баз
adminУақыты: Дүйсенбі, 15.08.2011, 21:13 | Хабарлама # 1
Администратор(модератор)
Топ: Администратор
Хабарламалары: 16
Статусы: Желіден тыс
بسم الله الرحمن الرحيم

Аса рақымды, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын

Барлық мақтау жалғыз Аллаһқа тән, соңғы пайғамбар Мұхаммедке, оның отбасына, және сахабаларына Аллаһ-тың сәлемі мен салауаты болсын!

Дұрыс ақида исламның, және үмметтің негізі болған-дықтан, мақаланың тақырыбы ретінде таңдадым.

Құран мен сүннеттен белгілі болғаны, сөздер мен амал-дар дұрыс ақидаға сәйкес болса ғана қабыл етіледі. Егер де ақида дұрыс болмаса, одан шыққан сөздер де, амалдар да жойылып кетеді. Аллаһ Құранда былай дейді:

﴿ وَمَن يَكْفُرْ بِالإِيمَانِ فَقَدْ حَبِطَ عَمَلُهُ وَهُوَ فِي الآخِرَةِ مِنَ الْخَاسِرين﴾

«Кім иманға күпірлік қылса, ақиқатында оның амалы жойылады да, және ол ақіретте зиянға ұшыраушы-лардан болады».[1]

﴿ وَلَقَدْ أُوحِيَ إِلَيْكَ وَإِلَى الَّذِينَ مِنْ قَبْلِكَ لَئِنْ أَشْرَكْتَ لَيَحْبَطَنَّ عَمَلُكَ وَلَتَكُونَنَّ مِنَ الْخَاسِرِينَ ﴾

«Шындығында саған және сенен бұрынғыларға да егер серік келтірсең, әлбетте амалың жойылады да, ақіретте зиянға ұшыраушылардан боласың деп уахи етілді».[2]

Осы мағынаны беретін аяттар өте көп. Аллаһтың кітабы және пайғамбарымыздың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) сүннеті дұрыс ақиданың – Аллаһқа, Оның періштелеріне, пайғамбарларына, ақірет күніне және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруден тұратындығына дәлел. Осы алты нәрсе Аллаһтың кітабында келген және Мұхаммед пайғамбар(саллалаһу алейһи уә сәлләм) жеткізген дұрыс ақиданың негізі. Осы негіздерге Аллаһ және оның елшісі хабар берген нәрселердің барлығы және ғайыпқа иман келтіру жатады. Құранда және пайғамбарымыздың(саллалаһу алейһи уә сәлләм) сүннетінде осы алты негіздің дәлелдері өте көп. Аллаһ Тағала былай дейді:

﴿ لَّيْسَ الْبِرَّ أَن تُوَلُّواْ وُجُوهَكُمْ قِبَلَ الْمَشْرِقِ وَالْمَغْرِبِ وَلَكِنَّ الْبِرَّ مَنْ آمَنَ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ وَالْمَلآئِكَةِ وَالْكِتَابِ وَالنَّبِيِّينَ ﴾

«Жүздеріңді шығысқа, батысқа бағыттауларың (ғана) бір игілік емес. Бірақта игілік кім Аллаһқа, ақірет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе...».[3]

﴿ آمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْهِ مِن رَّبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ كُلٌّ آمَنَ بِاللّهِ وَمَلآئِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لاَ نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِّن رُّسُلِهِ ﴾

«Пайғамбар өзіне Раббы тарабынан түсірілгенге иман келтірді және мүміндер де иман келтірді: барлығы Аллаһқа, Оның періштелеріне, кітаптарына және пайғамбарларына иман келтірді. Елшілердің арасын айырмаймыз...(деді)».[4]

﴿ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ آمِنُواْ بِاللّهِ وَرَسُولِهِ وَالْكِتَابِ الَّذِي نَزَّلَ عَلَى رَسُولِهِ وَالْكِتَابِ الَّذِيَ أَنزَلَ مِن قَبْلُ وَمَن يَكْفُرْ بِاللّهِ وَمَلاَئِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلاَلاً بَعِيدًا ﴾

«Әй мүміндер! Аллаһқа, Оның пайғамбарына, және оған түсірген кітапқа, сондайақ одан бұрынғы түсірген кітапқа иман келтіріңдер! Ал кім Аллаһқа, Оның періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақірет күніне күпір келтірсе, сонда ол тым қатты адасты».[5]

﴿ أَلَمْ تَعْلَمْ أَنَّ اللَّهَ يَعْلَمُ مَا فِي السَّمَاء وَالْأَرْضِ إِنَّ ذَلِكَ فِي كِتَابٍ إِنَّ ذَلِكَ عَلَى اللَّهِ يَسِيرٌ﴾

«Аллаһтың жер, көктегі нәрселерді білетінін білмейсің бе? Күмәнсіз бұлар кітапта жазулы Күмәнсіз бұл Аллаһқа оңай».[6]

Бұл негіздерге дәлел болатын сахих хадистер де көп. Соның бірі имам Муслим өзінің сахихінде мүміндердің әмірі Омар ибн Әл Хаттабтан (оған Аллаһ разы болсын) риуаят еткен хадисте Жебірейіл әлейһиссәләм Пайғамбарымыздан иман жайында сұрады, сонда Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уә сәлләм):

" الإيمان أن تؤمن بالله وملائكته وكتبه ورسله و اليوم الآخر وتؤمن بالقدر خيره وشرِّه "

«Иман: сенің Аллаһқа, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақірет күніне және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің»,- деп жауап берді.

Осы алты негізден мұсылманға міндет болған Аллаһтың ақысы, сондай-ақ пенденің қайтып барар жері және тағы басқа көмес істерге иман келтіруі уәжіп болған нәрселер туындайды.

Аллаһқа иман келтірудің негізі: «Шындығында тек қана Аллаһ нағыз құлшылыққа лайықты» деп иман келтіру. Өйткені Аллаһ пенделердің жаратушысы, оларға жақсылық беруші, оларды ризықтандырушы, олардың ішінен өзіне бағынушыларды сауапқа бөлеуге де, бағынбаушыларды азаптауға да құдіретті.

Аллаһ жын мен адамзатты тек өзіне ғибадат етулері үшін жаратып және соған бұйырып былай деді:

﴿ وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ مَا أُرِيدُ مِنْهُم مِّن رِّزْقٍ وَمَا أُرِيدُ أَن يُطْعِمُونِ إِنَّ اللَّهَ هُوَ الرَّزَّاقُ ذُو الْقُوَّة الْمَتِينُ ﴾

«Жын мен адамзатты тек өзіме құлшылық етулері үшін жараттым, Олардан бір несібе тілемеймін, әрі олардан Мені тамақтандыруларын да қаламаймын. Күдіксіз ол Аллаһ ризықтандырушы және мықты күш иесі».[7]

Раббымыз Аллаһ осы жайында:

﴿يأيها النَّاسُ اعْبُدُواْ رَبَّكُمُ الَّذِي خَلَقَكُمْ وَالَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ الَّذِي جَعَلَ لَكُمُ الأَرْضَ فِرَاشاً وَالسَّمَاء بِنَاء وَأَنزَلَ مِنَ السَّمَاء مَاء فَأَخْرَجَ بِهِ مِنَ الثَّمَرَاتِ رِزْقاً لَّكُمْ فَلاَ تَجْعَلُواْ لِلّهِ أَندَاداً وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ﴾

«Әй, Адамдар! Сендерді және сендерден бұрынғыларды жаратқан Раббыларыңа құлшылық қылыңдар! Ол сондай Аллаһ, сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әр түрлі өсімдіктен ризық шығарды. Сондықтан, біле тұра Аллаһқа серік қоспаңдар!»[8]- деген.

Аллаһ осы ақиқатты баяндау, осыған шақыру, әрі оған қарсы келетін нәрселерден сақтандыру үшін елшілер жіберді, кітаптар түсірді. Аллаһ Құранда былай деді:

﴿ وَلَقَدْ بَعَثْنَا فِي كُلِّ أُمَّةٍ رَّسُولاً أَنِ اعْبُدُواْ اللّهَ وَاجْتَنِبُواْ الطَّاغُوتَ ﴾

«Ақиқатында әр үмметке: «Аллаһқа құлшылық қылыңдар да тағұттан сақ болыңдар!» дейтін елші жібердік»[9].

﴿وَمَا أَرْسَلْنَا مِن قَبْلِكَ مِن رَّسُولٍ إِلَّا نُوحِي إِلَيْهِ أَنَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنَا فَاعْبُدُون ﴾

«(Мұхаммед саллалаһу алейһи уә сәлләм!) Сенен бұрын қандай да бір елші жіберсек, оған Менен басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ, сондықтан Маған ғана құлшылық қылыңдар!» – деп уахи еттік»[10].

﴿ كِتَبٌ أُحكِمَت ءَايتُه ثمَّ فُصِّلت مِن لَّدُن حَكِيمٍ خَبِرٍ ألاَّ تَعبُدُوا إلاَّ الله ِإِِنَّنِي لَكُم مِّنه نَذِيرٌ وَ بَشِيرٌ ﴾

«Бұл аяттары бекітілген, сонсоң Аса Дана, Толық Білуші тарапынан ашық баян етілген, Аллаһтан басқаға әсте құлшылық қылмауларың үшін түсірілген Кітап. Шын мәнінде мен сендерге Оның тарапынан (тозақтан) сақтандырушы және (жаннатпен) қуандырушымын,- де» - деді.[11]

Пенденің барлық құлшылықтың түрінде Аллаһты бірлеуі, яғни намазда, оразада, дұға етуде, Одан қорқуда, үміт етуде, құрбан шалуда, нәзір беруде және тағы басқа ғибадаттың түрлерінде Аллаһты жалғыз деп тануы – міне осы шынайы құлшылық болады.

Мұның барлығы Аллаһқа бой ұсынған, Одан қорыққан және үміт еткен түрде, Оған деген толық махаббатпен бірге Оның ұлылығының алдында бас июмен болады.

Құран Кәрімнің көп бөлігі осы ұлы негіз (Аллаһты құлшылықта бірлеу) жайында түсірілген. Бұл жайында Аллаһ Тағала:

﴿فَاعْبُدِ اللَّهَ مُخْلِصًا لَّهُ الدِّينَ أَلَا لِلَّهِ الدِّينُ الْخَالِصُ ﴾

«Дінді ықыласпен тек бір Аллаһқа ғана арнап құлшылық қыл ! Шынайы дін Аллаһқа тән емес пе»[12].

﴿وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُواْ إِلاَّ إِيَّاهُ﴾

«Раббың тек Өзіне ғана ғибадат етуіңді бұйырды»[13].

﴿فَادْعُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ وَلَوْ كَرِهَ الْكَافِرُونَ﴾

«Егер кәпірлер жек көрсе де Аллаһқа ықыласпен құлшылық қыл !»[14].

Имам Бухарий мен Муслимнің сахих кітаптарында Мұғаздан (оған Аллаһ разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уә сәлләм):

"حق الله على العباد أن يعبدوه ولا يشركوا به شيئا "

«Аллаһтың пенделердегі болған ақысы, олардың Аллаһқа құлшылық етулері және Оған ешкімді серік қоспаулары»– деді.

Сонымен қатар Аллаһ өз пенделеріне міндеттеген исламның сыртқы бес рүкіндеріне: Бір Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ және Мұхаммед (саллалаһу алейһи уә сәлләм) Оның елшісі деп куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, рамазанда ораза тұту және кімнің шамасы келсе қажылыққа баруы, тағы да бұдан басқа тұнық шариғаттың әкелген парыздары – Аллаһқа иман келтіруден болады.

Бұл рүкіндердің ең маңыздысы және ең ұлырағы:

"شهادة أن لا إله إلاَّ الله و أنَّ محمدا رسول الله"

«Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты еш бір тәңір жоқ және Мұхаммед (саллалаһу алейһи уә сәлләм) Оның елшісі»- деп куәлік беру. Өйткені осы куәлік ғибадатты жалғыз Аллаһқа арнауды және Одан басқаға құлшылық етуден қайтуды талап етеді. Міне, «Лә-иләһа-илла-ллаһ» - деген сөздің мағынасы осы. Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты еш бір тәңір жоқ. Аллаһтан өзге бір адамға, не болмаса бір аруаққа, періштеге, жынға арналған құлшылықтың бәрі жалған. Ақиқат құлшылыққа лайықты тек қана Аллаһ! Бұл жайында Аллаһ былай дейді:

﴿ذَلِكَ بِأَنَّ اللَّهَ هُوَ الْحَقُّ وَأَنَّ مَا يَدْعُونَ مِن دُونِهِ هُوَ الْبَاطِلُ ﴾

«Міне, күдіксіз Аллаһ – Ол хақ! Расында олардың Аллаһтан өзге сиынғандары – ол бекер»[15].

Аллаһ жын мен адамзатты осы негіз үшін жаратқандығын және соған бұйырғандығын, осы негізбен елшілерін жіберіп, кітаптарын түсіргендігін айтып өтті. Сондықтан осы мәселе жайында терең ойлан!

Қазіргі кезде көп мұсылмандар осы негізді білмейтін жағдайға түсіп қалды, тіпті олар білімсіздіктің себебінен Аллаһтан басқаға құлшылық қылып, тек Аллаһтың Өзіне ғана тән болған ақысын басқа біреуге арнауда.

Аллаһқа иман келтірудің түрлерінің бірі – «Расында Аллаһ бүкіл әлемдердің Жаратушысы, олардың барлық істерін Басқарушы, Аллаһ оларға Өз білімімен, құдіретімен еркін үкім жүргізеді» – деп иман келтіру. Сондай-ақ Аллаһ дүние-ақіреттің Патшасы, әлемдердің Раббысы, Одан басқа ешбір жаратушы жоқ, әрі Одан басқа ешбір тәңір жоқ!-деп иман келтіру.

Аллаһ пенделерін түзеу, дүние-ақіретте олардың құтылулары және олар үшін пайдалы болған нәрсеге шақырулары үшін елшілерін жіберіп, кітаптарын түсірді – деп иман келтіру, әрі осы істердің ешбірінде Оның серігі жоқ деп сену – иманнан болады. Аллаһ Құранда былай дейді:

﴿اللَّهُ خَالِقُ كُلِّ شَيْءٍ وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ وَكِيلٌ﴾

«Аллаһ барлық нәрсенің Жаратушысы, әрі ол әр нәрсеге кепіл»[16].

﴿إِنَّ رَبَّكُمُ اللّهُ الَّذِي خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضَ فِي سِتَّةِ أَيَّامٍ ثُمَّ اسْتَوَى عَلَى الْعَرْشِ يُغْشِي اللَّيْلَ النَّهَارَ يَطْلُبُهُ حَثِيثًا وَالشَّمْسَ وَالْقَمَرَ وَالنُّجُومَ مُسَخَّرَاتٍ بِأَمْرِهِ أَلاَ لَهُ الْخَلْقُ وَالأَمْرُ تَبَارَكَ اللّهُ رَبُّ الْعَالَمِينَ﴾

«Күдіксіз Раббыларың сондай Аллаһ, көктер мен жерді алты күнде жаратқан, сонан кейін аршыға көтерілген. Бірін-бірі қуалап, күндізді бүркеген түнді және күн мен айды, жұлдыздарды да әміріне бағындырған. Сақ болыңдар! Жарату және бұйрық беру тек Оған тән. Өте Жоғары Аллаһ – бүкіл әлемнің Раббысы»[17].

Аллаһқа иман келтірудің тағы бірі – Аллаһтың Кітабында келген және Елшісінің сүннетінде бекітілген Аллаһтың көркем есімдері мен жоғары сипаттарына оларды бұрмаламай, жоққа шығармай, қалайша деп сұрамай және бір нәрсеге ұқсатпай иман келтіру.

Аллаһтың сипаттарында болған ұлы мағыналар көрсеткен нәрселерге иман келтірумен, Аллаһтың есім-сипаттарына Құранмен сүннетте келгеніндей, қалайша деместен иман келтіру уәжіп болады. Сондай-ақ жаратылған нәрселердің сипаттарына Аллаһтың сипаттарын ұқсатуға болмайды, өйткені Аллаһ Құранда былай деді:

﴿ لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ وَهُوَ السَّمِيعُ البَصِيرُ﴾

«Оған еш нәрсе ұқсамайды, Ол Аллаһ өте естуші, әр нәрсені көруші»[18].

﴿فَلاَ تَضْرِبُواْ لِلّهِ الأَمْثَالَ إِنَّ اللّهَ يَعْلَمُ وَأَنتُمْ لاَ تَعْلَمُونَ﴾

«Аллаһты еш нәрсеге теңемеңдер! Негізінде Аллаһ әр нәрсені біледі, сендер білмейсіңдер»[19].

Міне осы — Аллаһтың Елшісінің (саллалаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларынан және оларға жақсылықта ергендерден қалдырылған Әһлі сүннәнің[20] ақидасы. Осы ақиданы имам Әбу Әл-Хасан Әл-Ашғари сүннет және хадис ғалымдарынан "Әл-мақолат" атты кітабында жеткізген. Одан басқа да ғалымдар аталған ақиданы өз еңбектерінде ілім және иман иелерінен жазып алған. Имам Аузағий (оған Аллаһтың рақымдылығы болсын):

"سئل الزهري ومكحول عن آيات الصفات فقالا:أمرُّوها كما جاءت"

«Аз-Зуһрий және Мәкхул сипат аяттары жайында сұралғанда: «Оларды қалай келсе, солай өткізіңдер!»-деп жауап берді»,-деген.

Уалид ибн Муслим (оған Аллаһтың рақымдылығы болсын) былай дейді:

"سئل مالك والأوزاعي والليث بن سعد وسفيان الثوري رحمهم الله عن الأ خبار الواردة في الصفات، فقالوا جميعاً: أمُّروها كما جاءت بلا كيف"

«Мәлик, Аузаъий, Ләис ибн Саъд және Суфиан Әс-Сәурий (оларға Аллаһтың рақымдылығы болсын) сипаттар жайында келген хабарлар туралы сұралғанда олардың барлығы: Оларды «Қалай?» деместен, тура келгеніндей өткізіңдер!»-деді. Аузаъий (оған Аллаһтың рақымдылығы болсын):

"كنا - والتابعون متوافرون- نقول إن الله سبحانه على عرشه، ونؤمن بما ورد في السنّة من الصفات"

«Біз Табиғиндер[21] бар кезде: «Аллаһ аршының үстінде және сүннетте келген сипаттарға иман келтіреміз» - дейтін едік»,- деді.

Имам Мәліктің ұстазы Рабиғату ибн Абу Абдурахман (оған Аллаһтың рақымдылығы болсын) Аллаһтың көтерілуі жайында сұралғанда:

"الاستواء غير مجهول و الكيف غير معقول ومن الله الرسالة وعلى الرسول البلاغ المبين وعلينا التصديق"

«Аллаһтың көтерілуі жасырын емес, қалай екені ақылға салынбайды, Аллаһтан бұйрық, пайғамбарға (саллалаһу алейһи уә сәлләм) баяндап жеткізу, бізге соны растау уәжіп»,- деп жауап берді.

Имам Мәлик осы жайында сұралғанда:

" الاستواء معلوم والكيف مجهول و الإيمان به واجب والسؤال عنه بدعة"

«Аллаһтың көтерілуі белгілі, қалай көтерілгені белгісіз, оған иман келтіру уәжіп, ол жайында сұрау бидағат[22]» - деп жауап берді де, сұраған адамға: «Мен сені тек жаман адам деп білемін!» – деп, оны мешіттен шығарттырып жібереді.

Тағы да осы мағына мүміндердің анасы Умму Сәләмә-дан (оған Аллаһтың разылығы болсын) риуаят етілді.

Сондай-ақ имам Абу Абдурахман ибн Мубарак (оған Аллаһтың рақымдылығы болсын): «Раббымызды аспанда, аршының үстінде, өз мақұлықтарынан ажыралып тұр деп білеміз», - деді.

Бұл жайындағы имамдардың сөздері өте көп, оның барлығын бір мақалада айтып өту мүмкін емес. Бірақта кім осы жайлы кеңірек білгісі келсе, сүннет ғұламаларының осы тақырыпта жазған кітаптарын оқысын. Олардың бірі Абдуллаһ ибн имам Ахмадтың «Сунна» кітабы, имам Мұхаммад ибн Хузайманың «Таухид» кітабы, Абу Қасим Ал-ла Лакай Табаридің «Сунна» кітабі, және Абу Бакр ибн Абу Асимнің «Сунна» кітабы, шейхул-ислам ибн Таймияның « Әл-Фатуа Әл-Хамауия» деген кітабы.

Бұл өте пайдалы кітап, осы кітапта ол Әһлі-сүннәнің ақидасын ашық баяндаған және олардың көптеген сөздерін көшіріп, олардың айтқан сөздері дұрыс екендігіне байланысты әрі оларға қарсы топтың айтқан сөздері қате екендігіне байланысты ақли және шарғи дәлелдерді айтқан.

Сол сияқты шейхул-исламның «Тәдмурия» деп аталған кітапшасы. Бұл кітапта ол Әһлі-сүннәнің ақидасына кеңдеу орын бөліп, оны ақли және нақли[23] дәлелдермен баяндаған. Бұл кітапта Әһлі-сүннәға қарсы келушілерге ақиқатты анық қылатын және өтірікті жоятын нәрсемен қайтару берген. Бұны әр бір жүрегінде ақиқатты білсем деген ізгі ниеті болған адам ғана біледі.

Әрбір Әһлі-сүннәға есім-сипат бабындағы ақидасына келіспеген адам әлбетте ақли[24] және нақли дәлелдерге қарсы келуі сөзсіз. Сондай-ақ олардың өздерінің есім және сипатқа қатысты қайтарған және бекіткен нәрселерінің барлығында анық келіспеушіліктері бар.

Ал Әһлі-сүннә уәл-жамағат Құранда және пайғамбардың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) хадистерінде келген Аллаһқа қатысты есім-сипаттарды ешбір жаратылыс атаулыға ұқсатпастан және Алаһтың ондай сипаты не есімі жоқ деместен, Құран мен хадисте қалай келсе, еш өзгеріссіз, кемшіліктен ада, пәк әрі толық деп бекітеді, соған иланады. Осы арқылы олар барлық дәлелдерге амал етіп, қарама-қайшылықта қалудан аулақ болады.

Пайғамбарлар әкелген ақиқатты ұстанған, сол үшін тырысқан және оны талап етуде шын ықылас білдірген адамды ақиқатқа жеткізу және оның дәлелін жоғары қылу Аллаһтың заңы. Аллаһ Құранда былай деді:

﴿بَلْ نَقْذِفُ بِالْحَقِّ عَلَى الْبَاطِلِ فَيَدْمَغُهُ فَإِذَا هُوَ زَاهِقٌ ﴾

«Өтірікті ақиқатпен ұрамыз сонда оның өтірік екендігі дәлелденеді де, ол құрып кетеді»[25].

﴿وَلَا يَأْتُونَكَ بِمَثَلٍ إِلَّا جِئْنَاكَ بِالْحَقِّ وَأَحْسَنَ تَفْسِيرًا﴾

«Олар саған бір мысал келтірсе, әрине саған шындықты және көркем түсінікті әкелеміз»[26].

Хафиз ибн Кәсир өз тәпсірінде Аллаһтың:

﴿إِنَّ رَبَّكُمُ اللّهُ الَّذِي خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضَ فِي سِتَّةِ أَيَّامٍ ثُمَّ اسْتَوَى عَلَى الْعَرْشِ ﴾

«Күдіксіз Раббыларың сондай Аллаһ, көктер мен жерді алты күнде жаратқан, сонан кейін аршыға көтерілген...» деген аяты жайында өте әдемі сөз айтқан. Соның көп пайдасы болғандығы үшін, оны осы бапта айтып өту жөн болады. Ол кісі:

«Адамдардың осы жайында көптеген сөздері бар, бірақ бұл сол сөздерге кең түсініктеме беретін орын емес.Керісінше бұл мәселеде бізден бұрын өткен ізгі адамдардың жолдарымен жүреміз, олар:Имам Мәлік, Аузаъий, Ас-Сәурий, Ләис ибн Саъд, Шафиъий, Ахмад, Исхақ ибн Раһауия және тағы да олардан басқа қазіргі және бұрынғы мұсылмандардың имамдары. Барлығының жолы — Аллаһтың есім-сипаттары Құранда және сүннетте қалай келсе, оларды тура солай, "қалай?" деместен, жаратылыстардың сипаттарына ұқсатпастан, оларды жоққа шығармастан иман келтіру.

Аллаһтың сипаттарын жаратылғандарға ұқсатушылардың ойларына келген нәрсе – Аллаһтан қайтарылған, өйткені Аллаһқа өз мақұлықтарының еш нәрселері ұқсамайды. Ол сияқты еш нәрсе жоқ, Ол толық естуші, көруші. Керісінше барлығы имамдар айтқанындай болуы тиіс, олардың бірі – Бухарийдің ұстазы Нұғайм ибн Хаммад Әл Хузаъий. Ол кісі былай дейді: «Кімде-кім Аллаһты мақұлықтарға ұқсатса, кәпір болады, кімде-кім Аллаһ Өзін сипаттаған сипаттарын қайтарса кәпір болады, Аллаһтың Өзі немесе Оның елшісі(саллалаһу алейһи уә сәлләм) Оны сипаттаған сипаттарында ешқандай ұқсату жоқ, сондықтан кім Оның аяттарында және сахих хадистерде келген сипаттарды Аллаһтың ұлылығына лайықты деп иман келтірсе, сол сияқты Аллаһтан барлық кемшіліктерді қайтарса – ақиқатында һидаяттың[27]жолымен жүрді", – деді.

Аллаһтың періштелеріне иман келтіру

Періштелерге иман келтіру – оларға жалпылай және жеке-жеке иман келтірумен болады. Мұсылман адам Аллаһтың періштелері бар, Ол оларды Өзіне бой ұсынулары үшін жаратқан және оларды былай сипаттаған деп иман келтіреді:

﴿عِبَادٌ مُّكْرَمُونَ لَا يَسْبِقُونَهُ بِالْقَوْلِ وَهُم بِأَمْرِهِ يَعْمَلُونَ يَعْلَمُ مَا بَيْنَ أَيْدِيهِمْ وَمَا خَلْفَهُمْ وَلَا يَشْفَعُونَ إِلَّا لِمَنِ ارْتَضَى وَهُم مِّنْ خَشْيَتِهِ مُشْفِقُونَ ﴾

«Періштелер Аллаһтың ардақты құлдары, олар Одан оза сөз сөйлемейді. Сондай-ақ олар Оның әмірін орындайды. Аллаһ олардың өткенін де, келешегін де біледі. Олар Аллаһтың разы болған кісісіне ғана шапағат ете алады. Сондай-ақ олар Аллаһтан қорыққандықтарынан тітірейді»[28].

Періштелердің түрлері өте көп, олардан аршыны көтеріп тұрғандары, жаннат пен тозақ сақшылары, пенделердің амалдарын сақтаушылары бар.

Періштелерге Аллаһ немесе Оның елшісі (саллалаһу алейһи уә сәлләм) атын атағандарына жекелей, әр-қайсысына иман келтіреміз, олар: Жебірейіл, Мікәйл сияқты, тозақ сақшысы және сүр үрлейтін Исрафил періштесі сияқты. Періштелер туралы көптеген сахих хадистерде айтылған. Соның бірі: Айша анамыздан (оған Аллаһ разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уә сәлләм):

"خلقت الملائكة من نور، وخلق الجان من ما رجٍ من نَّار، وخلق آد م مما وصف لكم"

«Періштелер нұрдан жаратылды, жындар оттың жалынынан жаратылды, адам сендерге сипатталған нәрседен (топырақтан) жаратылды,»[29]-деген.

Аллаһтың кітаптарына иман келтіру

Періштелерге иман келтірген сияқты кітаптарға да жалпылай және жекелей иман келтіру уәжіп болады.

Аллаһ пайғамбарлары мен елшілеріне хақты баян ету үшін және соған шақыру үшін кітаптар түсірді. Аллаһ Құранда былай дейді:

﴿لَقَدْ أَرْسَلْنَا رُسُلَنَا بِالْبَيِّنَاتِ وَأَنزَلْنَا مَعَهُمُ الْكِتَابَ وَالْمِيزَانَ لِيَقُومَ النَّاسُ بِالْقِسْطِ﴾

«Расында елшілерімізді ашық белгілерімізбен жібердік және олармен бірге адам баласы әділдікті орнату үшін кітапты, мизанды түсірдік»[30].

﴿كَانَ النَّاسُ أُمَّةً وَاحِدَةً فَبَعَثَ اللّهُ النَّبِيِّينَ مُبَشِّرِينَ وَمُنذِرِينَ وَأَنزَلَ مَعَهُمُ الْكِتَابَ بِالْحَقِّ لِيَحْكُمَ بَيْنَ النَّاسِ فِيمَا اخْتَلَفُواْ فِيهِ ﴾

«Адам баласы бір ақ үммет еді. Сонда Аллаһ елшілерді (жаннатпен) қуандырушы және (тозақтан) сақтандырушы қылып жіберді. Әрі адамдардың арасындағы талас нәрселерге үкім ету үшін олармен бірге хақ кітапты түсірді»[31].

Біздер мұсылмандар, Аллаһ атын атаған кітаптардың әр-қайсысына иман келтіреміз. Олар Таурат — Мұса пайғамбарға, Інжіл — Иса пайғамбарға, Забур — Дауд пайғамбарға (барлығына Аллаһтың сәлемі мен салауаты болсын) және Қасиетті Құран-Кәрім – пайғамбарымыз Мұхаммедке (саллалаһу алейһи уә сәлләм) түсірілген.

Бұл кітаптардың ішіндегі ең абзалы және ең соңғысы – Құран Кәрім. Құран ол кітаптарға үстем болған және оларды растаушы кітап. Барлық үмметке осы Құранға және пайғамбардан (саллалаһу алейһи уә сәлләм) жеткен сахих сүннетке еру, сонымен амал қылу және үкім жүргізу міндет. Өйткені Аллаһ Мұхаммедті (саллалаһу алейһи уә сәлләм) барлық адамзат пен жындарға елші қылып жіберді және осы Құранды олардың арасында онымен үкім етуі үшін және оны жүректердің шипасы, әр-нәрсенің баяндаушысы, мүміндерге рақымдылық пен һидаят ретінде түсірді. Аллаһ Құранда былай дейді:

﴿وَهَذَا كِتَابٌ أَنزَلْنَاهُ مُبَارَكٌ فَاتَّبِعُوهُ وَاتَّقُواْ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ﴾

«Осы Біз оны түсірген Құран-Мүбарак кітап. Енді соған еріңдер әрі Аллаһтан қорқыңдар, мархаметке бөленерсіңдер»[32].

﴿ وَنَزَّلْنَا عَلَيْكَ الْكِتَابَ تِبْيَانًا لِّكُلِّ شَيْءٍ وَهُدًى وَرَحْمَةً وَبُشْرَى لِلْمُسْلِمِينَ﴾

«(Мұхаммед (саллалаһу алейһи уә сәлләм)) Саған әр-нәрсені ашықтайтын және мұсылмандар үшін тура жол, игілік әрі қуаныш түрінде Құран түсірдік»[33].

﴿قُلْ يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنِّي رَسُولُ اللّهِ إِلَيْكُمْ جَمِيعًا الَّذِي لَهُ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ لا إِلَهَ إِلاَّ هُوَ يُحْيِي وَيُمِيتُ فَآمِنُواْ بِاللّهِ وَرَسُولِهِ النَّبِيِّ الأُمِّيِّ الَّذِي يُؤْمِنُ بِاللّهِ وَكَلِمَاتِهِ وَاتَّبِعُوهُ لَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ﴾

«Әй адам баласы! Мен барлығыңа Аллаһтың елшісімін, ол сондай Аллаһ, жер мен көктің иелігі оған тән. Одан басқа еш тәңір жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Аллаһқа және Аллаһтың сөздеріне сенген, жіберілген оқу мен жазуды білмеген Пайғамбарға иман келтіріңдер, әрі оған еріңдер, әрине тура жол табасыңдар» -де»[34]. Осы мағынадағы аяттар өте көп.

Пайғамбарларға иман келтіру

Кітаптарға иман келтіргендей, Пайғамбарларға да жалпылай және жекелей иман келтіру уәжіп. Аллаһ Өз пенделерінің арасынан оларға ескертуші-қуандырушы әрі ақиқатқа шақырушы елшілерді жіберді деп иман келтіреміз. Кім олардың сөздерін қабылдаса бақытқа жетеді, ал кім оларға қарсы келсе зиянға және өкінішке ұшырайды. Пайғамбарлардың ең абзалы әрі олардың соңғысы пайғамбарымыз Абдуллаһтың ұлы Мұхаммед(саллалаһу алейһи уә сәлләм). Аллаһ Құранда былай дейді:

((وَلَقَدْ بَعَثْنَا فِي كُلِّ أُمَّةٍ رَّسُولاً أَنِ اعْبُدُواْ اللّهَ وَاجْتَنِبُواْ الطَّاغُوتَ))

«Расында әр үмметке: «Аллаһқа құлшылық қылыңдар да, тағұттан (серік келтіруден) сақ болыңдар!» – дейтін елші жібедік»[35].

﴿رُّسُلاً مُّبَشِّرِينَ وَمُنذِرِينَ لِئَلاَّ يَكُونَ لِلنَّاسِ عَلَى اللّهِ حُجَّةٌ بَعْدَ الرُّسُل﴾

«Елшілерден кейін адамдардың Аллаһқа қарсы сылтауы болмау үшін (жаннатпен) сүйіншілеуші, (тозақтан) ескертуші пайғамбарларды жібердік»[36].

﴿مَّاكَانَ مُحَمَّدٌ أَبَا أَحَدٍ مِّن رِّجَالِكُمْ وَلَكِن رَّسُولَ اللَّهِ وَخَاتَمَ النَّبِيِّينَ ﴾

«Мұхаммед (саллалаһу алейһи уә сәлләм) сендерден ешбір еркектің әкесі емес, бірақ ол Аллаһтың елшісі, әрі пайғамбарлардың соңы»[37].

Аллаһ немесе Оның елшісі (саллалаһу алейһи уә сәлләм) осы пайғамбарлардың қайсы бірінің атын атаған болса, олардың әрқайсысына жекелей иман келтіреміз. Олар: Нұх, Һуд, Салих, Ибрахим және тағы басқа пайғамбарлар. Оларға, олардың от-бастарына, әрі оларға ергендерге Аллаһтың сәлемі мен салауаты болсын!
 
adminУақыты: Дүйсенбі, 15.08.2011, 21:14 | Хабарлама # 2
Администратор(модератор)
Топ: Администратор
Хабарламалары: 16
Статусы: Желіден тыс
Ақірет күніне иман келтіру

Ақірет күніне иман келтіру болса, оған Аллаһ және Оның елшісі (саллалаһу алейһи уә сәлләм) өлімнен кейін болатын нәрселер жайындағы берген хабарларының барлығына иман келтіру жатады. Олар: қабір фитнасы, оның азабы мен нығметі және қиямет күнінде болатын қорқыныштар, қиыншылықтар, қыл көпірі, мизан таразысы, есеп-қисап, жаза, адамдар арасында амал кітаптарының таралуы, сол кітаптарды бір адамдардың оң қолымен алып, жаннатқа кіретіндігіне қуанулары және біреулердің кітаптарды сол қолымен немесе арқасынан алып, тозаққа кіретіндіктеріне қайғырулары. Сондай-ақ бұған: пайғамбарымызға (саллалаһу алейһи уә сәлләм) берілетін (ұзындығы бір ай жүрілетін, суы сүттен ақ, иісі әтірден жағымды, кеселері аспандағы жұлдыздар сияқты, одан бір ішкен адам ешқашан шөлдемейтін)[38] Хауд көліне иман келтіру жатады және мүміндердің Раббыларын көрулері, Раббыларының оларға сөйлеуі, тағы да бұдан басқа Құран мен сүннетте келген нәрселер жатады. Бұның барлығына Аллаһ және Оның елшісі (саллалаһу алейһи уә сәлләм) баяндағанына сәйкес растап, оған иман келтіру уәжіп.

Тағдырға иман келтіру

Тағдырға иман келтіру төрт нәрсені қамтиды. Біріншісі: Расында Аллаһ болған нәрсені және енді болатын нәрсені білетіндігі, пенделерінің жағдайларын, олардың ризықтарын, ажалдарын, амалдарын және олардың барлық істерін білетіндігі. Аллаһқа бұлардың ешқайсысы жасырын емес. Бұл жайында Аллаһ Құранда:

﴿ إِنَّ اللّهَ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ ﴾

«Расында Аллаһ әр нәрсені толық білуші»[39],

((لِتَعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ وَأَنَّ اللَّهَ قَدْ أَحَاطَ بِكُلِّ شَيْءٍ عِلْمًا))

«Күмәнсіз Аллаһтың әр-нәрсеге күші толық жететінін білулерің үшін, (әмірлері жер мен көктің арасына түсіп тұрады), сондай-ақ Аллаһтың білімі әр нәрсені қамтиды»[40],-деген.

Екіншісі: Аллаһтың барлық тағдырды жазып қоюы. Аллаһ Құранда:

﴿قَدْ عَلِمْنَا مَا تَنقُصُ الْأَرْضُ مِنْهُمْ وَعِندَنَا كِتَابٌ حَفِيظٌ﴾

«Расында жердің олардан нені кеміткенін білеміз. Жанымызда әр нәрсені сақтаушы бір Кітап бар»[41],

﴿ وَكُلَّ شَيْءٍ أحْصَيْنَاهُ فِي إِمَامٍ مُبِينٍ﴾

«Әр нәрсені ашық бір Кітапта түгендеп қойдық»[42],

﴿أَلَمْ تَعْلَمْ أَنَّ اللَّهَ يَعْلَمُ مَا فِي السَّمَاء وَالْأَرْضِ إِنَّ ذَلِكَ فِي كِتَابٍ إِنَّ ذَلِكَ عَلَى اللَّهِ يَسِيرٌ﴾

«Аллаһтың жер, көктегі нәрселерді білетінін білмейсің бе? Шәксіз бұлар, Кітапта жазулы. Күдіксіз бұл, Аллаһқа оңай»[43],-деген.

Үшіншісі: Аллаһтың қалауы, нені қаласа болады, нені қаламаса болмайды. Аллаһ Құранда былай дейді:

﴿إِنَّ اللَّهَ يَفْعَلُ ما يَشَآءُ﴾

«Расында Аллаһ қалаған нәрсесін істейді»[44],

﴿ إِنَّمَا أَمْرُهُ إِذَا أَرَادَ شَيْئًا أَنْ يَقُولَ لَهُ كُنْ فَيَكُونُ ﴾

«Шын мәнінде ол бір істің болуын қаласа, оның бұйрығы оған «Бол» деу, сонда ол бола қалады.»[45],

﴿وَمَا تَشَاؤُونَ إِلَّا أَن يَشَاء اللَّهُ رَبُّ الْعَالَمِينَ﴾

«Әлемдердің Раббы Аллаһ қаламайынша тілеулерің жүрмейді»[46].

Төртіншісі: Аллаһтың барлық нәрсені жаратуы, Одан басқа ешбір жаратушы жоқ, Одан басқа ешбір Раббы жоқ. Аллаһ Құранда былай дейді:

﴿اللَّهُ خَالِقُ كُلِّ شَيْءٍ وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ وَكِيلٌ﴾

«Аллаһ әр нәрсенің жаратушысы және Ол әр нәрсеге кепіл»[47],

﴿ يَا أَيُّهَا النَّاسُ اذْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ هَلْ مِنْ خَالِقٍ غَيْرُ اللَّهِ يَرْزُقُكُم مِّنَ السَّمَاء وَالْأَرْضِ لَا إِلَهَ إِلَّا هُوَ فَأَنَّى تُؤْفَكُونَ ﴾

«Әй адамдар! Аллаһ сендерге берген нығметті еске алыңдар! Сендерге көктен, жерден ризық-несібе беретін бір жаратушы бар ма? Одан басқа ешбір тәңір жоқ, сонда қайда тентіреп барасыңдар?"[48].

Тағдырға иман келтіру осы төрт нәрсені қамтиды. Әһлі- сүннә осының кейбіреулерін қайтаратын бидағат иелеріне қарсы тұрады.

Тағы да Аллаһқа иман келтіруге: «Шындығында иман — сөз және амал, ол Аллаһқа бой ұсынумен күшейеді және күнә істеумен әлсірейді»-деп сену жатады. Сол сияқты ешбір мұсылман баласын Аллаһқа серік келтіруден, әрі күпірліктен басқа зина істеу сияқты, ұрлық, пара алу және барлық мас қылатын нәрселерді ішу немесе оны пайдалану, әке-шешеге қарсы келу сияқты түрлі үлкен күнәларды істегені үшін (ол адам оларды халал[49] демейінше) оған: «Сен кәпірсің» деуге болмайды. Өйткені Аллаһ Құранда былай дейді:

﴿إنَّ اللّهَ لاَ يَغْفِرُ أَن يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُمَا دُونَ ذَلِكَ لِمَن يَشَاء ﴾

«Расында Аллаһ өзіне серік қосқан адамды кешірмейді, одан басқасын қалаған адамына кешіреді»[50].

Тағы да Пайғамбарымыздан (саллалаһу алейһи уә сәлләм) келген мутауатир[51] хадистерде: "Шындығында Аллаһ жүрегінде дәннің салмағындай иманы болған адамды тозақтан шығарады",- деді.

Аллаһқа иман келтіруге Аллаһ үшін жақсы көру және Аллаһ үшін жек көру (ашулану), сондай-ақ Аллаһ үшін дос болу және Аллаһ үшін жау болу жатады. Сондықтан мүмін адам мүміндерді жақсы көреді де, оларды дос тұтады, кәпірлерді жек көреді де, оларды жау деп біледі.

Осы махаббатқа ең лайықты адамдар: осы үмметтің ең жоғарылары – Пайғамбарымыздың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) сахабалары. Сол үшін Әһлі-сүннә жамағаты оларды жақсы көреді, оларды өздеріне дос тұтады да: «Сахабалар Пайғамбарлардан кейігі ең жоғары адамдар» - деп иман келтіреді. Өйткені Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уә сәлләм) былай деді: «Адамдардың ең жақсылары – менің заманымның адамдары, одан кейін келесілері, одан кейін келесілері»[52].

Әһлі-сүннә сахабалардың ішіндегі ең артығырағы – Абу Бакр Сыддық, одан кейін Омар Әл-Фаруқ, одан кейін Осман Зуннұрайн және Али Әл-Муртада–деп, (барлығынан Аллаһ разы болсын!) бұлардан кейін тірі кездерінде жаннатпен сүйіншіленген он сахабалардың қалған алтауы деп және олардан кейін басқа сахабалар деп иман келтіреді. (Барлығына Аллаһ разы болсын!)

Сондай-ақ олардың арасында болған келіспеушіліктер жайында сөйлемейді, өйткені сахабалар мужтаһиттер, кім дұрыс шешсе – оған екі сауап, ал кім қателессе – оған бір сауап деп иман келтіреді. Әһлі-сүннә Пайғамбарымыздың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) үй ішінен оған иман келтіргендерді жақсы көреді оларды және Пайғамбарымыздың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) әйелдерін мүміндердің аналарын­ анамыз деп есептейді және олардың барлығына: «Аллаһтың разылығы болсын!» - деп дұға етеді. Әһлі-сүннә Пайғамбарымыздың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларын жек көретін, және оларды сөгетін немесе Пайғамбарымыздың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) үй ішін Аллаһ оларды қойған дәрежелерінен шектен тыс көтеретін Рафидалардың (шиғалардың) жолынан аулақ болады. Сол сияқты Пайғамбарымыздың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) үй іштеріне сөзбен немесе амалмен зиян келтіріп, оларды сөгетін Науасибтардың[53] жолдарынан да аулақ болады. Осы айтылған қысқаша сөздердің барлығы Мұхаммед пайғамбардың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) Аллаһтан бізге жеткізген дұрыс ақидасына кіреді. Міне осы ақиданы құтылушы топ, яғни Әһлі-сүннә ұстанады. Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уә сәлләм) бұл құтылушы топ жайында былай деген: «Менің үмметімнің бір тобы (қиямет күніне дейін) ақиқаттың үстінде (Аллаһ жағынан) қуатталған болады, Аллаһтың әмірі келгенге дейін оларға көмектесуден бас тартқандар оларға зиян тигізе алмайды». Тағы бір хадисте:

"افترقت اليهود على إحدى وسبعين فرقة، وافترقت النصارى على اثنتين وسبعين فرقة، وستفترق هذه الأمَّة على ثلاث وسبعين فرقةً كلها في النار إلاَّ واحدة"

«Яһудилер (еврейлер) жетпіс бір топқа бөлінді, Насранилар (християндар) жетпіс екі топқа бөлінді, бұл үммет жетпіс үш топқа бөлінеді, олардың біреуінен басқасының барлығы тозақта болады",-деді. Сол кезде сахабалар:"Иә Аллаһтың елшісі! Ол кімдер?"-деп сұрағанда Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уә сәлләм) :

من كان على مثل ما أنا عليه وأصحابي

«Олар менімен менің сахабаларымның жолдары сияқты жолда болғандар»,- деп жауап берді. Міне осы — оны қатты ұстанатын және онда берік болып, оған қарсы келетін нәрсенің барлығынан сақ болуы уәжіп болған Әһлі- сүннә ақидасы.

Ал енді осы ақидаға қарсы келуші және одан тыс жүрушілердің түрлері өте көп. Олардың кейбіреулері пұттарға, кейбіреулері періштелерге, әулиелерге, жындарға табынатындар; ал кейбіреулері ағаштар мен тастарға және одан басқа да нәрселерге табынып, соған құлшылық ететіндер. Олар пайғамбарлардың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) тура жолға шақыруын қабылдамай, керісінше оған қарсы келіп, бір кездегі Құрайыш және басқа араб тайпалары сияқты оған жау болғандар. Олар өздерінің пұттарынан қажеттерінің өтелуін, ауруларына шипа берілуін немесе жауларына қарсы көмек берілуін сұрайтын және сол пұттары үшін құрбан шалып, оларға нәзір беретін еді. Пайғамбар (саллалаһу алейһи уә сәлләм) оларды сол істерінен қайтарып, оларға бір Аллаһқа ықыласпен құлшылық етуді бұйырған кезде, олар мұны бөтенсініп, таң қалып және оған қарсы келіп, былай деген:

﴿أَجَعَلَ الْآلِهَةَ إِلَهًا وَاحِدًا إِنَّ هَذَا لَشَيْءٌ عُجَابٌ﴾

«Тәңірлерді бір-ақ тәңір қыла ма? Әрине бұл тым ғажайып нәрсе»[54].

Соған қарамастан Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уә сәлләм) оларды Аллаһқа шақырып, Оған серік қосудан қайтаруды тоқтатпады, және оларға өзі шақырған нәрсесін (яғни бір Аллаһқа құлшылық ету керек екендігін) түсіндіре берді. Сөйтіп Аллаһ олардың ішінен тура жолға салуды қалағандарына һидаят беріп, оларды мұсылман қылды. Кейіннен адамдар Аллаһтың дініне топ-топ болып кірді. Нәтижесінде Аллаһтың діні басқа діндердің барлығынан жоғары болды. Мұның барлығы дағуаттың (дінге шақырудың) үзілмей, жалғасты түрде болғанынан, Пайғамбарымыздың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) әрі оның сахабалары және оларға ерген адамдардың Аллаһ жолында ұзақ күрескендерінен кейін болған еді. Уақыт өте жағдай өзгеріп, адамдардың көбін надандық басты, тіпті олардың көптеген бөлігі жаһилия, (надандық) кезіндегі дінге қайтты. Пайғамбарларға, әулиелерге табына бастады. Олардан дұға, жәрдем тілеп және тағы басқа ширктің түрлерін істей бастады да, араб кәпірлерінің «Лә-иләһа-илла-ллаһ»–тың мағынасын түсінгеніндей де түсінбеді.

Осы ширктің Пайғамбарлық заманның ұзақтағанынан және надандықтың күшеюі себепті қазіргі адамдардың арасында да тарқалуы тоқтамады.

Қазіргі кездегі адамдардың күмәндары, яғни қателіктері бұрынғы кездің адамдарының қателігінің дәл өзі. Өйткені қазіргі адамдар да бұрынғылар сияқты Аллаһтан өзге пайғамбарларға, әулиелерге, қабірлерге құлшылық етеді, солардан жәрдем тілейді.

﴿ هَؤُلاء شُفَعَاؤُنَا عِندَ اللّهِ ﴾

«Олар бізге Аллаһтың алдында шапағатшы»[55] болады дейді,

﴿ مَا نَعْبُدُهُمْ إِلَّا لِيُقَرِّبُونَا إِلَى اللَّهِ زُلْفَى ﴾

«Біз оларға тек қана бізді Аллаһқа жақындатсын деп құлшылық етеміз»[56],- дейді.

Аллаһ олардың күмәндарын өтірікке шығарды және кім де кім Аллаһтан өзге біреуге құлшылық еткен болса, пайғамбарға ма, әулиеге ме, пұтқа ма, Аллаһқа серік келтірген және кәпір болатынын баяндады. Аллаһ Құранда:

﴿وَيَعْبُدُونَ مِن دُونِ اللّهِ مَا لاَ يَضُرُّهُمْ وَلاَ يَنفَعُهُمْ وَيَقُولُونَ هَؤُلاء شُفَعَاؤُنَا عِندَ اللّهِ﴾

«Олар, Аллаһтан өзге өздеріне не зиян, не пайда бере алмайтын нәрселерге табынады да: Олар бізге Аллаһтың алдындағы шапағатшыларымыз»-дейді»[57], - деді. Сонда Аллаһ оларға былай деп қайтарды:

﴿ قُلْ أَتُنَبِّئُونَ اللّهَ بِمَا لاَ يَعْلَمُ فِي السَّمَاوَاتِ وَلاَ فِي الأَرْضِ سُبْحَانَهُ وَتَعَالَى عَمَّا يُشْرِكُونَ﴾

«(Мұхаммед (саллалаһу алейһи уә сәлләм)) оларға: «Сендер Аллаһтан көктердегі әрі жердегі Оның білмеген нәрсесінен хабар бермексіңдер ме?-де. Олардың серік келтіргендерінен Аллаһ тым жоғары, әрі одан пәк»[58]. (Яғни, Аллаһ көктердегі әрі жердегі нәрселердің барлығын біледі және Аллаһ сендерге Оның ешқандай серігі жоқтығын, Онымен бірге ешбір құлшылыққа лайықты тәңір жоқ екенін айтты. Ал сендер болсаңдар, ей, мүшріктер, сол көктер мен жерде Оның серіктері бар деп ойлайсыңдар.

Аллаһқа бір нәрсе жасырын болып, сендер соны біліп оған хабар бермексіңдер ме? Бұл ақымақ, адасқан, надан мүшріктердің әлемдердің Раббысынан гөрі біз білушірекпіз деген сөзінен өтірік сөз бар ма?)[59]

Бұл аятта Аллаһ өзінен басқа біреуге, пайғамбар- әулиелерге құлшылық ету үлкен ширк болатынын баяндады. Оны істеген адам өзінің серік келтіргенін басқа атаулармен атаса да, бәрі бір ол үлкен ширк болады. Аллаһ Құранда былай деді:

﴿وَالَّذِينَ اتَّخَذُوا مِن دُونِهِ أَوْلِيَاء مَا نَعْبُدُهُمْ إِلَّا لِيُقَرِّبُونَا إِلَى اللَّهِ زُلْفَى﴾

«Сондай Аллаһтан өзгені дос тұтқандар (оларға құлшылық қылып, олардан сұрағандар):"Біз бұларға бізді тек Аллаһқа жақындастырсын деп қана табынамыз»,-дейді»[60].

(Демек:"Біздің қажеттерімізді Аллаһқа жеткізсін және бізге оның алдында шапағат етсін деп қана құлшылық етеміз. Әйтпесе біз бұлардың ешнәрсені жарата алмайтынын, ешқандай ризық бере алмайтынын және ешбір істі басқара алмайтынын білеміз"- дейді.)[61] Сонда Аллаһ оларға былай деп қайтарды:

﴿إِنَّ اللَّهَ يَحْكُمُ بَيْنَهُمْ فِي مَا هُمْ فِيهِ يَخْتَلِفُونَ إِنَّ اللَّهَ لَا يَهْدِي مَنْ هُوَ كَاذِبٌ كَفَّارٌ﴾

«Күдіксіз олардың (Аллаһқа серік келтірмеген ықыласты мүміндердің және мүшріктердің) араларындағы келіспеген нәрселеріне Аллаһ үкім береді. Расында Аллаһ өтірікші, кәпір болған адамды тура жолға салмайды»[62].

Өстіп қайтарумен олардың Аллаһтан өзгеге құлшылық етулері, олардан сұраулары, үміт етулері, олардан қорқулары күпірлік болатынын баяндады. Олардың құдай деп жүргендері: оларды Аллаһқа жақындатады деген сөздерін өтірікке шығарды.

Сондай-ақ дұрыс ақидаға әрі Пайғамбарлар әкелген нәрсеге теріс келетін күпірлік ақидалардың бірі қазіргі замандағы Маркс пен Лениннің және басқа құдайсыздықпен күпірлікке шақырғандардың артынан ергендердің атеизм ақидасы. Олар оны «Коммунизм» немесе «Социализм» немесе басқа да атаулармен атаса да, ол күпірлік ақида. Өйткені олардың негіздері: еш құдай жоқ және қиямет күнін және жаннат пен тозақты жоққа шығарып, барлық діндерге қарсы болу. Кім олардың кітаптарына қараса және олардың жазған нәрселерін оқыса бұған анық көзін жеткізеді. Бұл (күпірлік, атеистік) ақиданың барлық діндерге қарсы екендігінде және өзінің иесін осы дүние және ақіреттегі ең жаман азапқа апаратындығында ешбір күмән жоқ.

Сол сияқты ақиқатқа қайшы келетін ақидалардың бірі «суфизм» ақидасы. Олар өздерінің кейбір әулие деп жүргендері істерді басқаруда, және әлемдегі нәрселерді басқаруда Аллаһқа серік болады деп ойлайды. Сондай-ақ оларды өздеріне би қылып, немесе өздеріне оны ие қылып және жәрдемші деп немесе одан басқа да өздерінің құдайларын ойдан тапқан аттарымен атайды. Бұл рубубияда[63] болған ең жаман ширк және жәһилиет дәуіріндегі арабтардың істеген ширктерінен де жаманырақ. Өйткені араб кәпірлері таухид рубубияда Аллаһқа серік келтірмеген, олар тек ғибадатта ғана серік келтірген және олардың ширктері тек кеңшілік уақытта ғана еді, ал бастарына бір қиыншылық түссе, тек Аллаһқа ықыласпен құлшылық ететін. Аллаһ Құранда былай дейді:

﴿فَإِذَا رَكِبُوا فِي الْفُلْكِ دَعَوُا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ فَلَمَّا نَجَّاهُمْ إِلَى الْبَرِّ إِذَا هُمْ يُشْرِكُونَ﴾

«Қашан олар кемеге отырса, дінін Аллаһқа арнаған түрде жалбарынады да, қашан оларды Аллаһ құтқарып, қырға шығарса, сол уақытта олар Аллаһқа серік қосады»[64].

Ал рубубия болса, олар оның тек Аллаһқа тән екендігін білетін еді. Бұл жайында Аллаһ Құранда былай дейді:

﴿وَلَئِن سَأَلْتَهُم مَّنْ خَلَقَهُمْ لَيَقُولُنَّ اللَّهُ ﴾

«Егер де олардан: «Оларды кім жаратты?» деп сұрасаң, әлбетте «Аллаһ» дейді»[65],

﴿قُلْ مَن يَرْزُقُكُم مِّنَ السَّمَاء وَالأَرْضِ أَمَّن يَمْلِكُ السَّمْعَ والأَبْصَارَ وَمَن يُخْرِجُ الْحَيَّ مِنَ الْمَيِّتِ وَيُخْرِجُ الْمَيَّتَ مِنَ الْحَيِّ وَمَن يُدَبِّرُ الأَمْرَ فَسَيَقُولُونَ اللّهُ فَقُلْ أَفَلاَ تَتَّقُون﴾

«( Мұхаммед (саллалаһу алейһи уә сәлләм)!) олардан: «Сендерді аспаннан әрі жерден кім ризықтандырады? Құлақ пен көздерге кім ие? Өліден тіріні, тіріден өліні кім шығарады? Әр істі кім игереді?» - деп сұрасаң, олар: «Аллаһ» - дейді. Сонда оларға: «Ендеше Аллаһтан қорықпайсыңдар ма?» -де»[66]. (Яғни: «Ендеше Аллаһтан қорқып, оның ешқандай серігі болмаған Жалғыз Өзіне құлшылық етіп, одан өзге құлшылық еткен пұттарыңды тастамайсыңдар ма?»-де.)[67]

Бұл жайындағы аяттар өте көп. Ал қазіргі кездегі мүшріктер болса бұрынғы арабтардың мүшріктерінен Аллаһқа серік келтіруде екі есе асып түскен. Біріншісі: Олардың кейбіреулерінің рубубияда серік келтірулері. Екіншісі: Олардың жеңілдік кезінде де, қиыншылық кезінде де серік келтірулері. Бұның барлығын олармен араласқан және олардың жағдайларын зерттеген адам жақсы біледі. Сол сияқты олардың Мысырдағы Хусейннің, Бәдәуйдің және тағы басқалардың қабірлеріне табынғандарын көрген адам, сол сияқты Адндағы Аидарустің қабіріне, Иемендегі Һадийдің қабіріне, Шамдағы Ибн Арабийдің қабіріне, Ирақтағы Шейх Абдулқадир Жиләнийдің және бұлардан басқа да аты шыққан қабірлерге табынып, тек Аллаһқа арналатын құлшылықтың көптеген түрлерін осы қабірлерге арнап жатқандарын көрген адам біледі. Оларды осының барлығынан қайтаратын және Аллаһ өзінің елшісі Мұхаммедті (саллалаһу алейһи уә сәлләм) және одан бұрынғы пайғамбарларымен жіберген таухидтің ақиқатын баяндайтын адам өте азайып кеткен. Расында біз Аллаһтыкіміз және біз Оған қайтушымыз, сондықтан аса пәк Аллаһтан оларды тура жолға қайтаруын және олардың арасында һидаятқа шақырушылардың көбейтуін сұраймыз! Сондай-ақ мұсылмандардың басшылары мен ғұламалары осы ширкпен және оған апаратын нәрселермен күресіп, оларды құртуын сұраймыз! Өйткені Аллаһ әр нәрсені Естуші, өте жақын!.

Тағы да тура ақидаға теріс келетін ақидалардың бірі — Аллаһтың есім-сипаттары бабында адасқан «Жәһмия»[68] және «Муғтазиләлардың»[69] ақидалары. Сондай-ақ Аллаһтың сипатарын қайтаруда, оның толық сипаттарын жоққа шығаруда және Аллаһты жоқ нәрселердің немесе жансыз нәрселердің және болуы мүмкін емес нәрселердің сипаттарымен сипаттауда олардың жолдарымен жүргендердің ақидасы. Олар сол сипаттарды жоққа шығарып, олардан қашып барған жерлерінде қайтадан сол сипаттарды тапты. Сол себепті олар самғи[70] және ақли дәлелдерге қарсы келді.

Ал Әһлі-сүннә уәл-Жамағат болса, Аллаһ Өзіне бекіткен және Оның елшісі Аллаһқа тән деп бекіткен сипаттарды толық түрде бекітті. Әрі Аллаһты Өзінің жаратылыстарына ұқсатудан пәктеді, сондықтан барлық дәлелдермен амал қылып (ол сипаттарды) өзгертпеді. Соның арқасында басқалар жіберген қателіктерден аман қалды.

Міне осы — дүние-ақіреттегі бақытқа жеткізетін, әрі азаптан құтқаратын тура жол. Бұл Ислам үмметтінің алдыңғы өткен адамдарымен имамдарының ұстанған тура жолы. Сондықтан осы үмметтің ақырғыларын олардың алдыңғыларын түзеген нәрсе ғана түзейді. Ол — Құран мен сүннетке еру және оған теріс нәрсені тастау.

Тауфиқ Аллаһтың қолында, Оның өзі ғана бізге жеткілікті, әрі Ол нендей сүйеніш иесі, сондай-ақ шексіз күш-құдірет тек Аллаһқа тән, Оның елшісіне және сахабаларға Аллаһтың сәлемі мен салауаты болсын!

[1] Мәйда.5

[2] Зүмәр.65

[3] Бақара. 177

[4] Бақара. 285

[5] Ниса. 37

[6] Хаж. 70

[7] Зәрият. 56-57

[8] Бақара. 21-22

[9] Нахл.36

[10] Әнбия. 25

[11] Һуд. 1-2

[12] Зүмәр. 2-3

[13]Исра. 23

[14] Ғафир. 14

[15] Хаж. 62

[16] Зүмәр. 62

[17] Ағраф. 5

[18] Шура. 1

[19] Нахл.74

20Әһлі сүннә: пайғамбарымыз(саллалаһу алейһи уә сәлләм) және сахабалардың(Аллаһ оларға разы болсын)жолдарымен жүрген адамдарды айтады.

21Табиғин: сахабаға мұсылман болып жолыққан және мұсылман болып өлген адам.

22Бидғат: арап тілінде бұрын болмаған істі істеу, ал шариғат ғұламаларының терминінде: «Дінде жаңадан пайда болған іс»- деген мағынаны білдіреді.

23 Нақли дәлел: бір істің ақиқаттығына Құран немесе сүннет арқылы жету.

24Ақли дәлел: бір істің ақиқатына ақыл-оймен жету.

[25] Әнбия. 18

[26] Фұрқан. 33

27Һидаят: тура жол

[28] Әнбия. 26-28

[29] Бұл хадисті имам Муслим өзінің сахих кітабында риуаят етті.

[30] Хадид. 25

[31] Бақара. 213

[32] Әнғам. 155

[33] Нахыл. 89

[34] Ағраф.158

[35] Нахл. 26

[36]Ниса. 165

[37] Ахзаб. 40

38Абдуллаһ ибн Амр ибн Әл Астан (оған Аллаһтың разылығы болсын) риуаят етілген хадистің мағынасы (аудармашыдан).

[39] Тәубе. 115

[40] Талақ. 12

[41]Қаф. 4

[42] Ясин. 12

[43] Хаж. 70

[44] Хаж. 18

[45] Ясин. 82

[46] Текуир. 29

[47] Зүмәр. 62

[48] Фатыр. 3

49Халал:шариғатта рұқсат деген мағынаны білдіреді.

[50] Ниса. 48

51 Мутауатир: бір жамағаттан көптеген жамағаттар риуаят еткен және олардың көптігінен сол хадистің өтірік екендігіне келісулері мүмкін болмаған хадис.

[52] Бухарий, Муслим риуаяты.

53 Науасиб:пайғамбарымыздың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) отбасын дұшпан тұтатындар.

[54] Сад. 54

[55] Юнус. 18

[56] Зүмәр. 3

[57] Юнус. 18

[58] Юнус. 18

[59] Ибн Саъди тәпсірі.

[60] Зүмәр. 3

[61] Ибн Саъди тәпсірі.

[62] Зүмәр. 8

63 Рубубия: арап тілінде "Рабб" сөзінен алынған, бұл сөз:"жаратушы"деген мағынаны білдіреді, ал шариғатта:Аллаһтың бүкіл әлемді жаратуы, оларды ризықтандыруы, істерін басқаруы, оларды өлтіруі және тірілтуі сияқты істерде Аллаһты бір деп білу деген мағынаны білдіреді. .

[64] Анкабут. 65

[65] Зұхруф. 87

[66] Юнус. 31

[67] Ибн Саъди тәпсірі.

68 Жәһмия: исламдағы адасқан топтардың бірі. Оның тегі Жаһм ибн Софуан деген адамға қайтады. Олардың ақидаларынан: Аллаһтың есім және сипаттарын інкәр қылу, Құранды Аллаһтың сөзі емес, ол жаратылған деу және ғойбйи(көмес) хабарларды інкәр қылу.

69 Муғтазилә: исламдағы адасқан топ. Оның тегі Уасиль ибн Ато деген адамға қайтады. Олар хижраның 105-110 жылдары пайда болған. Олардың ақидаларынан: Аллаһтың есімдеріне иман келтіреді де, бірақ та сипаттарын інкәр қылады. Үлкен күнә істеген адамды кәпір деп те, мұсылман деп те айтпайды, бірақ ол тозақта мәңгі қалады дейді.

70 Самғи дәлел: бір істің ақиқатына Құран немесе хадис арқылы жету.
 
ФОРУМ » Ақида » Ғұламалардың ақида еңбектері » Әһлі-сүннә ақидасы. Шейх ибн Баз (Шейх ибн Баздың "Әһлі-сүннә ақидасы" атты еңбегі)
  • Страница 1 из 1
  • 1
Поиск: