Қош келдіңіз Гость • Тіркелу • Кіру • RSS
Жексенбі, 28.4.2024, 08:53
Главная » Статьи » Қазақ тілінде » Мақалалар

Адамдар мен жындардың жаратылу мақсаты

Аса рақымды ерекше мейірімді Аллаһтың атымен

бастаймын.

Барлық мақтау бүкіл әлемдердің жаратушысы Аллаһқа тән, Оның құлы әрі елшісі пайғамбарымыз Мұхаммедке Аллаһтың сәлемі мен салауаты болсын!

Шындығында Аллаһ Тағала адамдарды Оның серігі болмаған жалғыз өзіне құлшылық етулері үшін жаратты және пайғамбарларды адамдардың жаратылуынан болған хикметті оларға баяндаулары үшін, оған шақыру үшін және құлшылықтың түрлері мен оның қателіктерін, оған қарама қайшы келетін нәрселерді адамдарға баян етулері үшін жіберді.

Аллаһ Тағала осы өмірді, осы дүниені ақыретке кесіп өтетін бір жол қылды. Кімде кім өмірін Аллаһқа бой ұсынумен, Оған құлшылық етумен және құлшылықтың барлық түрінде Аллаһты бірлеумен әрі оның жіберген пайғамбарларына ергесумен өткізсе, амал қылу майданынан (осы өмірден) зор сыйлықтар мен табыстарға ие болатын майданға (ақыретке) аттанып, ондағы нығметтер мен қуаныштарға, ондағы құрмет пен бақытқа бөленеді. Ол сондай сыйлық, оның нығметі ешқашан таусылмайды, онда адамдар өлмейді, олардың кйімдері тозбайды, олардың жастық шақтары өтпейді, керісінше олар әрдайым нығметте, әрдайым амандықта, әрдайым жастық шақта бақытты өмір сүреді. Оларға Аллаһ тарапынан былай делінеді: «Әй, жәннәт иелері! Сендер бұнда өмір сүресіңдер де, ешқашан өлмейсіңдер, сендердің дендерің сау болады да ешқашан ауырмайсыңдар, сендер әрдайым жас боласыңдар да ешқашан қартаймайсыңдар, сендер нығметке бөленесіңдер де, ешқашан қорлық көрмейсіңдер»[1].

Міне, Аллаһқа құлшылық еткен және пайғамбарына бой ұсынғандардың халдері осындай, олар жәннәтта қалаған нәрселерінің барлығына қол жеткізеді. Олар осы өмірде жалбарынып дұға қылып сұрағандарына жетеді. Олар жәннәтта Ұлы Аллаһ Тағаламен қалағандарынша жолығада да, Оның құрметті, аса ұлы жүзін көреді. «Бұл аса жарылқаушы, тым меірімді Аллаһ тарапынын болған бір сыйлық»[2].

Ал кіде кім өмірін Аллаһқа құлшылық етусіз, оның пайғамбарына қарсы келіп, өзінің ойына, нәпсісіне және шайтанға ергесумен өткізсе, шындығында ол осы дүниеден жаза дүниесіне, қорлық, қайғы қасырет, азап пен қиыншылық дүниесіне, онда адамдар әрдайым бақытсыздықта, азапта болтын тозаққа аттанады. Бұл жайында Аллаһ Тағала былай дейді: «Ал енді қарсы келушілер үшін тозақ оты бар. Оларға өлім үкімі берілмейді, олардан азап жеңілдетілмейді. Әрбір қарсы келушілерді осылай жазалаймыз»;[3]

«Күдіксіз кім Раббысына күнақар болып келсе, рас оған тозақ бар; онда ол өлмейді де тіршілік өмір де сүрмейді»;[4]

«Расында біз залымдар үшін дуалдары қоршап алатын тозақ отын әзірледік. Егер олар су сұрап жалбарынса, оларға еріген кен тәрізді беттерін қуыратын бір су беріледі. Ол нендей жаман сусын, әрі нендей жаман орын».[5]

Басқа аятта Аллаһ Тағала тозақтағы азап туралы: «Оларға қайнар су ішкізіліп, ішектері туралады»[6] -дейді.

Міне, Аллаһқа қарсы келушілердің жағдайлары осындай болады. Бұдан мақсат, шындығында бұл дүние амал қылу дүниесі, Аллаһ Тағала разы болатын істерді істеу арқылы Оған жақындайтын дүние. Өзінің амалдарын есеп, хисап қылып, қылған амалдарым дұрыс па, әлде бұрыс па деп ойланатын дүние. Дініміз Ислам үшін қызмет ететін, оны үйренетін, бір бірімізге жақсылыққа және тақуалыққа жәрдем ететін дүние. Адамдарға Аллаһтың ақиқат дінін жеткізетін және осы ақиқат жолында бір бірімізге сабыр сақтауды өсиет ететін және білім, амал әрі құлшылық дүниесі. Аллаһ Тағала айтады: «Жын мен адамдарды өзіме құлшылық қылулары үшін жараттым. Олардан бір несібе тілемеймін әрі олардан мені тамақтандыруларын да қаламаймын, шүбасыз Аллаһ ризықтандырушы және мықты күш иесі».[7]

Аллаһ Тағала адамдар мен жындарды өзіне құлшылық етулері үшін жаратты. Аллаһтың оларға бір қажеттілігі болғандықтан жаратпады, өйткені Аллаһ Тағала ешкімге мұқтаж емес. Бұл жайлы Аллаһ Тағала былай дейді: «Әй адамдар! Сендер Аллаһқа мұқтажсыңдар. Аллаһ Тағала ешкімге мұқтаж емес, ол өте мақтаулы. Қаласа сендерді жоқ етеді де, орындарыңа жаңа ел әкеле алады, бұл Аллаһқа қиын емес».[8]

Аллаһ Тағала адамдарды аздан көп қылу үшін немесе төмен жағдайдан жоғары жағдайға көтеру үшін жаратпады, керісінше оларды ұлы хикмет үшін жаратты. Ол хикмет: жын мен адамдардың Аллаһқа құлшылық етіп оны ұлықтаулары, одан қорқулары және оны мадақтаулары, оның көркем есім, сипаттарын біліп сонымен оған мадақтар айтулары. Аллаһ Тағала жақсы көретін істерді істеу әрі ол жақсы көретін сөздерді айту арқылы Аллаһқа қарай жүз бұрулары. Аллаһтың оларға берген нығметтеріне шүкірлік етіп, сынаған сынақтарына сабыр сақтаулары, сондай ақ дін үшін қызмет көрсетіп Аллаһтың ұлылығы жайында пікір жүргізулері. Аллаһ Тағала Құранда былай дейді: «Ол сондай Аллаһ, жеті көкті жаратқан және жерді де сол сияқты жаратқан, күмәнсіз Аллаһтың әр нәрсеге күші толық жететіндігін білулерің үшін әмірлері жер мен көктің арасына түсіп тұрады. Сондай ақ Аллаһтың білімі әр нәрсені өз ішіне алады»;[9]

«Ең жақсы атаулар Аллаһқа тән. Оған сол аттарымен жалбарыныңдар»;[10]

«Шәксіз көктердің және жердің жаратылуында, түннің және күндіздің өзгеруінде әлбетте ақыл иелері үшін дәлелдер бар. Олар тіке тұрып, отырып, жанбасынан жатып (әр халде) Аллаһты еске алады. Сондай ақ олар көктер мен жердің жаратылысы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен бұны босқа жаратпадың, Сен пәксің, бізді от азабынан сақта дейді»».[11]

Әй, Аллаһтың пенделері! Сіздер бұл дүниеде жаратылғансыздар, бірақ бұнда мәңгілікке қалмайсыздар. Кейбір адамдар осы өмірде әр түрлі амалдар қылып, ұзақ өмір сүрсе де, қаншама мал жиса да, қаншама ұрпақ қалдырса да соңында оған өлім жетіп, осы өмірден ақыретке аттанады. Ал кейбіреулері дүниеге келіп, санаулы сағаттар ғана өмір сүріп, ешқандай амал қылмастан ақыретке аттанып кетеді. Бұл дүниеде барлық нәрсе бірдей емес, бұл жақсылық пен жамандық, қайғы мен қуаныш, пайда мен зиян, бай мен кедей, әдемі ман құбыжық, ауру мен сау, тақуа мен күнақар, кәпір мен мүмін араласқан дүние. Бірақ сіздердің жаратылыстарыңыздан болған мақсат: ол аса пәк болған Аллаһты бір деп білу, оған ешкімді серік қоспау, оның бұйрығы мен тыйымдарын ұлықтау, өз қажеттеріңізді тек қана Аллаһтан тілеу, діни және дүние істеріңізде тек одан жәрдем сұрау, Аллаһтың пайғамбарыәкелген Құран мен сүннетке ергесу, оларға өз еріктеріңізбен бой ұсыну, пайғамбарбұйырған нәрселерді жақсы көру, қайтарған нәрсесін жек көру. Сондай ақ Рабыларыңыздың рақымын үміт ету және азабынан қорқу!

Дайындаған:Абдурахим

[1] Абу Хурайрадан имам Муслим, Тирмизий және имам Ахмад риуаят еткен.

[2] Фуссилат.32

[3] Фатыр.36

[4] Таха.74

[5] Кәф.29

[6] Мумтахина.15

[7] Зәриат.

[8] Фатыр.15-16

[9] Талақ.12

[10] Ағраф.180

[11] Әлі Имран.190-191

Категория: Мақалалар | Добавил: admin (22.09.2011)
Просмотров: 848 | Комментарии: 1 | Теги: ақиқат, құлшылық, илам, ғибадат, жындар | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]