Документ без названия
Ұят — иманнан
Расында ислам діні мұсылмандарды ең жоғары мінез-құлыққа шақырады және кез-келген жаман қылықтардан қайтарады. Пайғамбарымыз саллаЛлаху алейхи уа саллям өте көркем мінезді еді. Мінезінің жақсы болғаны себепті қаншама дінге жау болып жүрген адамдар аяғында оның ардақты сахабаларына айналды. Аллаһ Тағала өзінің елшісін мадақтап, қияметке дейін оқылатын:
{إنك لعلى خلق عظيم}
«Расында сен өте ұлы мінез құлықтысың»-деген аят түсірді.
Айша анамыз пайғамбарымыздың саллаЛлаху алейхи уа саллям мінезі қандай еді?- деп сұралғанда: «Оның мінезі құран еді»-деп жауап берген.
Пайғамбарымыздың саллаЛлаху алейхи уа саллям шақырған жақсы мінездерінің бірі—ұялу.
عن أبي مسعود عقبة بن عمرو الأنصاري البدري رضي الله عنه قال: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم:
"إن مما أدرك الناس من كلام النبوة الأولى: إذا لم تستح فاصنع ما شئت".
Абу Масғуд Ұқбата Ибн Амр Әл-Ансари Әл-Бадри пайғамбарымыз саллаЛлаху алейхи уа саллям былай деп айтты дейді: «Адамдарға алдыңғы пайғамбарлықтан жеткен сөз: «Егер ұялмасаң қалағыныңды істе»-дейді.(хадисті имам Бухари жеткізген)
Ғұламалар бұл хадис екі түрлі мағынаны білдіреді деген.
«Егер ұялмасаң қалағыныңды істе»-дегені:
1- «Егер сенде ұятың болмаса, онда қалаған нәрсеңді істейсің»-деген мағынаны.
2- «Егер ол іс ұятты істерге жатпаса, онда оны істей бер»-деген мағынаны білдіреді.
Бірінші мағынасына келер болсақ: «Егер сенде ұятың болмаса, онда қалаған нәрсеңді істейсің»-деді. Яғни ол іс егер ұятсыздық іске жатса да, ұятсыздық іске жатпайтын болса да. Өйткені ұяты болмаған адам ондай нәрсеге көңіл бөлмейді, өйткені оның ұяты жоқ. Ал ұяты бар адам ұятсыздық істі істеуге бармайды. Өйткені ол: «Ұят болады»-дейді. Осы бір ауыз сөз: «Ұят болады»-деуі оны қаншама жаман істерден аман алып қалады. Оның дінінде, дүниесінде және абыройында. Өйткені ұят өте пайдалы, өте жақсы мінез құлыққа жатады. Ұяттың дәрежесінің биік болғандығы үшін пайғамбарымыз оны иманға жатқызды. Хадисте:
"الحياء شعبة من الإيمان"
«Ұят иманның тармақтарының бірі»-деді.
Сондықтан ұяты болған адамның иманы толық болады. Ал ұяты болмаған адамның иманы кем болады. Өйткені ұяты бар адамның жақсы амалдары көп болады да, жаман амалдары аз болады. Бұған себеп — ол адамның ұятты болғаны. Өйткені ұят тек жақсы, пайдалы нәрселердің туындауына себеп болады. Сахих Бухарий мен Муслимде Имран Ибн Хусийннен келген хадисте пайғамдарымыз саллаЛлаху алейхи уа саллям айтады:
"الحياء لا ياتي إلا بخير"
«Ұят тек жақсы нәрсені әкеледі»-дейді.
Имам Муслимнің риуаятында:
"الحياء خير كله"
«Ұяттың барлығы жақсы» - деген.
Сондай-ақ Имам Ахмад және Ән-Насай Әл-Ашажжи Әль-Асриден жеткізген хадисте ол кісі:«Маған Аллаһтың елшісі саллаЛлаху алейхи уа саллям: «Расында сенде Аллаһ Тағала оларды жақсы көретін екі түрлі мінез-құлық бар»-деп айтты. Сонда мен оған: «Олар нелер?»- деп сұрадым дейді. ПайғамбарымызсаллаЛлаху алейхи уа саллям:«Олар жұмсақтық және ұят»-деді. Мен:«Олар бұрыннан бар ма, әлде жаңадан ба?»- деп айттым дейді. Яғни: Аллаһ Тағала мені әуелден осы екі мінезбен жаратты ма, әлде мен өзім оларға үйрендім бе?-дегені. Пайғамбарымыз саллаЛлаху алейхи уа саллям ол кісінің сұрағына: «Олар бұрыннан бар»-деп жауап береді. Сонда әлгі сахаба қуанғанынан: «Мені өзі жақсы көретін құлықтарға жаратқан Аллаһқа мадақтар болсын!»-дейді.
Ұяты бар адамның иманы толық болады, және оның жақсы амлдары да көп болады дедік. Өйткені адам Аллаһ Тағаладан ұялса, оның бұйырғандарын мүлтіксіз орындауға тырысады. Және оның қайтарған және тыйған істерінен шама келгенше сақтанады. Ұмар Ибн Хаттаб :
"من استحيى اختفى و من اختفى اتقى و من اتقى وقي"
«Кім ұялса жасырынады, кім жасырынса тақуалық қылады, ал кім тақуалық қылса сақтанылады»-дейді.
Әль-Жарах ибн Абдулла Әль-Хәкәми былай дейді:
"تركت الذنوب حياء أربعين سنة ثم أدركني الورع"
«Күнәләрды ұялғанымнан қырық жыл тастадым, кейін менде сақтық пайда болды».
Сол-сияқты адам егер Аллаһтан ұялса адамдардан да ұялады. Олардың өзіне сеніп тапсырған істерін орындауға тырысады және оларға бір зиян тигізуден не басқа да жағымсыз істерден сақтанды.
Ал ұяты жоқ адам болса, ол не Аллаһтан ұялмайды, не адамдардан ұялмайды. Ұяты болмағаннан кейін ол Аллаһтың бұйырғанын істемейді де, қайтарғанын істей береді. Сол-сияқты адамдарды да құрметтемейді; үлкенді үлкен демейді, кішіні кіші демейді. Өйткені оның ұяты жоқ және иманы әлсіз. Ұяттан арылғанның салдарынан қаншама жақсы нәрселерден айырылады. Оның иманы әлсіз болғаннан кейін шайтанның азғыруына ілігіп, қараны ақ, ақты қара дейтін болады. Ұятты нәрсені ұятты емес, ұятты емес нәрсені ұятты дейтін болады. Аллаһ Тағала баршамызды бұндай қорлықтан сақтасын!
Хадистегі: «Егер ұялмсаң қалаған нәрсеңді істе»-деген сөз ықтиярды білдіре ме, әлде жоқ па? Мысалы, егер біреу: «Ұялмасам қалағанымды істеймін, ал ұялсам істемеймін, өйткені хадисте солай делінген»- десе дұрыс бола ма, жоқ па?
Оған жауап: Бұл қате түсінік. Хадистің мағынасы ықтиярды емес, бәлкім ескерту, қауіптендіру және қорқытуды білдіреді. Бұл хадис құрандағы:
{فمن شاء فليؤمن و من شاء فليكفر}
«Кім қаласа иман келтірсін, кім қаласа кәпір болсын!»[1]-деген аят сияқты.
Аяттың мағынасы егер қаласаң күпірлік қыла бер дегенді білдірмейді. Өйткені аяттың басында Аллаһ Тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке саллаЛлаху алейхи уа саллям айтады:
{قل الحق من بربكم }
«Оларға:(Мен сендерге әкелген нәрсе) ол Аллаһ тарапынан болған ақиқат-деп айт».
Яғни ақиқат және тура жол бұрыс жолдан анықталды, жәннәт иелерімен тозақ иелерінің амалдары мен сипаттарын Аллаһ Тағала пайғамбары арқылы баяндап жеткізді. Ешқандай белгісіз нәрсе қалған жоқ. Енді осыдан кейін :
{فمن شاء فليؤمن و من شاء فليكفر}
«Кім қаласа иман келтірсін ал кім қаласа кәпір болсын»-деді.
Демек бұл жерде адам өз қалауымен күпірлікке баратыны айтылған, бірақ ол оған рұқсат етіледі деген сөз емес. Бәлкім тура жол анықталғаннан соң кім күпірлік қылса, ол үшін қатты азап бар дегенді білдіреді. Сол сияқты хадистегі қалаған нәрсеңді істей бер дегені де осындай мағынада айтылған.
Хадисің екінші мағынасына келер болсақ: «Егер ол іс ұятты істерге жатпаса онда оны істей бер»-деген мағынаны білдіреді. Яғни, егер ол ұятты іс болмаса оны істеу мубах болады.
Бірінші мағына істейтін адамға байланысты, екінші мағынасы істелінетін іске қатысты.
Хадистен туындайтын мәселелер
1) Бұрынғы үметтерден қалған нәрселер үш түрге бөлінеді:
1-Біздің шариғатымызда оның дұрыс екенін білсек, оны қабылдаймыз.
2-Шариғаттымызда ол дұрыс емес болса оны қабылдамаймыз.
3-Шариғатта оның дұрыс екені де, не қате екені де айтылмаса, ондай жағдайда оны дұрыс деп те, бұрыс деп те айтпаймыз. Өйткені егер оны дұрыс десек, ол қате болуы мүмкін, ал қате десек ол дұрыс болуы мүмкін болғандықтан, әділдікті сақтау үшін дұрыс деп те, бұрыс деп те айтпаймыз.
2)Ұяттың барлығы жақсы екені белгілі, бірақ қай кезде ұялу дұрыс болмайды?
Ұялу екі түрлі жағдайда дұрыс болмайды:
1- Уәжіп нәрсені істеуден қайтарса.
2- Харам нәрсеге апарса.
Біріншінің мысалы: Егер мункарды[2] қайтару уәжіп болып тұрып, оны қайтарудан ұялса, бұл дұрыс емес.
Екіншінің мысалы: Егер бір адамдармен болған кезде, ол адамдар бір харам істі істесе, және ол сол жерден тұрып кетуге ұялса, немесе оны істеуден бастартудан ұялып оларға қосылып сол істі істесе, бұндай жағдайда ұялу адамға пайда бермейді, бәлкім оған зиян тигізеді.
Хадистен алынатын пайдалар
1- Бұрынғы үметтерден кейбір нәрселер біздің үмметке дейін қалуы мүмкін.
2- Бұрынғы үметтерден қалған нәрселер бізге үш түрлі жолмен жетуі мүмкін:
1- Құран, уахи арқылы.
2- Хадистер арқылы
3- Адамдардың бір-біріне жеткізген хабарлары арқылы.
3- «Егер ұялмасаң қалағаныңды істе»-деген сөздің біздің үметке дейін қалу себебі, өйткені бұл сөз барлық жақсы мінез құлыққа жетелейтін болғандықтан үмметтен үмметке қалып, бізге дейін жеткен.
4- Хадистің бірінші не екінші мағынасында болсын, ұяттың мақтаулы, жақсы мінез құлық екендігі.
5- Ұяттың түрлері: 1) Аллаһтан ұялу.
2)Адамдардан ұялу.
Аллаһтан ұялу қалай болады?
1) Қайтарған нәрсесін істесем Аллаһ мен көреді ғой деп ұялу.
2)Бұйырған нәрсесін істемей жатсам оны Аллаһ біледі ғой деп ұялу.
Ал адамдардан ұялу — барлық ұятты болып саналатын істерден ұзақ болу.
6 -Ұяттың пайда болу түрлері:
1)Адамның ұялшақ болып жаралуы. Бұл оған Аллаһтың нәсіп еткен үлкен нығметтеріне жатады.
2) Адамның өзін-өзі ұятты болуға үйретуі. Ол қалай болады?
1- Аллаһ Тағаланы танумен.
2- Оның ұлыққтығын сезінумен.
3- Аллаһтың пендеге өте жақын екенін білумен.
4-Аллаһ Тағала пенденің барлық жағдайын білетінін, көзінің ұрланып харамға қарағанын әрі көкіректегі жасырынған сырдың барлығын білетіндігін сезінумен болады.
7- Егер іс ұятты істерге жатпаса, оны істеуге болады.
8-Бұл хадисте адасқан жәбрия[3] тобына қарсы дәлел бар. Өйткені хадисте адамның өз қалауы бар екендігі айтылған.
*****
Аллаһ Тағала баршамызды Исламның көрсеткен жоғары мінез-құлықтармен сипатталуымызды нәсіп етсін! Әмин!
Дайындаған: Сабиев Талғат/Бурабай.
[1] Кәһф.29
[2] Тыйым салынған іс.
[3] Жәбрия: адасқан топтың бірі. Олар: адам кез-келген істі өз қалауымен істемейді, бәлкім оны істеуге оны Аллаһ мәжбүрлейді- дейді. Бұл дұрыс ақидаға қайшы сеніп болып табылады.
|